Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың алдында жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отыр. «Нұр Отан» партиясының 16 съезінде Елбасы Қазақстан мемлекеттілігін нығайту үшін бес институттық реформа ұсынды. Оның бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Институттық реформаларды іске асыру мақсатында 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары әзірленді.
100 нақты қадамға негізделген Ұлт жоспары – жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Оны қадам-қадаммен орындау мемлекетімізді одан әрі дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің құқықтық жүйесін дамыту мәселелері бойынша, 19 мақсатты қадам көзделген. Олардың бірі – судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін айқындау және біліктілік талаптарын қатайту.
Еліміздің сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерінде барынша тиімді екенін жеткілікті көрсетуде. Бүгінде сот жүйесі заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін және қазіргі заманғы құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде жалпыәлемдік стандарттарға сәйкес келетін биліктің бір тармағы ретінде қалыптасқанын нық сеніммен айтуға болады. Алайда жаһандық және ішкі сын-қатерлер сот жүйесінің қызметін әлі де жоғары деңгейге көтеруді, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін айқындап, біліктілік талаптарын қатайтуды, судьялардың жауапкершілігін күшейтуді талап етеді. Соттарда қаралатын азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің санаттары бойынша, қоғамдағы өзгерістерді, нарықтық қатынастардың дамуын байқауға болады. Егер кезінде азаматтық процестер негізінен жұмысты қалпына келтіру, тұрғын үйден шығару, ерлі-зайыптылар арасындағы мүлікті бөлу, алимент өндіру, денсаулыққа келтірілген залалды өндіру бойынша жүргізілсе, нарықтық бәсекелестікке байланысты барған сайын күрделі бола түскен сот істерінің жаңа санаттары пайда болуда. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке ұрлық, бұзақылық жасаған, мас күйінде дене жарақаттарын салған, төбелес кезінде кісі өлтірген кінәлілер тартылса, қазір осы тектес қылмыстық әрекеттер неше түрлі ұйымдасқан топтардың алдын ала жоспарлауы, қарулануы, қаржыландыруы және қылмыстық қоғамдастыққа қатысуы арқылы жасалынады. Бұл судьялардан өздерінің біліктілігін арттырумен айналысуды, қазіргі жаңа заңдарды тереңірек зерделеуді талап етеді. Атап айтқанда, судьялыққа кандидаттар үшін жас шегін 30 жасқа дейін арттыру туралы ұсыныс қолдау тапты.
Соттарда басқа кандидаттардың тағылымдамадан өту мерзімі де бір жылға дейін көбейтілетін болады. Бұл ретте тағылымдама судьяның лауазымдық жалақысынан 50-ден 70%-ға дейінгі мөлшерінде стипендия төлей отырып, кандидаттың негізгі жұмысынан босату түрінде өткізілетін болады. Судьялыққа кандидатқа қойылатын осы талаптар өте орынды. Өйткені судьялыққа кандидаттың сот процестері өтуі кезінде үнемі болуы, істерді қарауға дайындау үшін қатысуы, сот жұмысының ұйымдастырылуын зерделеуі оның осы жауапты жұмысқа кәсіби және психологиялық тұрғыдан қаншалықты дайын екенін анықтауға, мамандығын дұрыс таңдауына мүмкіндік береді.
Судья лауазымына тағайындалғаннан кейін жүктелген міндеттерді атқара алмауға, судья жұмысына дайын еместігін сезінуге байланысты субъективті себептермен бір жыл ішінде осы лауазымнан өз еркімен кету фактілері мұндай талаптарды қою қажеттігін дәлелдейді. Жаңадан тағайындалған судьялар үшін тағы бір маңызды жаңалық – бір жылдық сынақ мерзімін енгізу. Сынақ мерзімі кезеңінде олар әкімшілік, сондай-ақ күрделі емес қылмыстық және азаматтық істерді қарайтын болады. Сынақ мерзімі аяқталған соң оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Сонымен бірге жас судьяны тәртіпке үйрету үшін жаңадан тағайындалған судьяға жұмыс істейтін судьяның кепіл болуы институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады.
Елімізде әлеуметтік жағдайдың жақсарып, экономиканың тұрақтануы – Елбасының құқық қорғау, соның ішінде сот саласындағы реформаларды жүргізудегі сарабдал саясатының нәтижесі. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету шеңберінде әзірленген іс-шараларды іске асыру сот төрелігін атқару сапасын жақсартуға, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, Қазақстанның сот жүйесі қызметін құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік тудыратынына сенімдіміз.
Феруза БАЛТАЕВА,
ОҚО Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы