Құрбан айт намазы биыл қаладағы барлық мешітте 9 шілде күні таңғы сағат 6:40-та оқылады. Бұл туралы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов пен дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
Б.Әбдірахманов Қаратау ауданына қарасты Бозарық тұрғын алабында халал қасапхана ашылатынын жеткізді.
– Үш күндік айтта «Раббың үшін құрбан шал» акциясы аясында мыңдаған тұрмысы төмен отбасыға құрбандық малының еті үлестіріп беріледі. Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы өкілдігінде тұрмысы төмен 30 мың отбасы тіркеуде тұр. Мерекеде шымкенттік бүлдіршіндер де сыйлықтан құр қалмайды. Мешіттерде, саябақтарда, тіпті балабақшаларда балалар жақсы көретін тәттілер таратылатын болады, - деді қаланың бас имамы Б.Әбдірахманов.
Сонымен қатар, орталық мешіттің қолға алуымен құрбандық шалу рәсіміне қатысты Qurban 2022.kz сайты іске қосылды. Оған құрбандық шалуға ниеті бар азаматтар, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар да бірдей тіркеле алады. Құрбандық шалушы адам сайтта ватсап желісіне қосылған телефон нөмірін қоса қалдырады. Құрбан айт күні мешіт қызметкерлері сол өтініш иесінің атынан мал шалып, оны видеоға түсіріп, өзінің қалдырған ватсап желісіне жүктейді.
Бүгінгі таңда мегаполистегі көпқабатты үйлердің ауласына құрбандық шалуға тыйым салынған. Сондықтан ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігі қаладағы орталық мешітпен қоса тағы үш мешіттен санитарлық талаптарға сәйкес құрбандық шалу алаңдарын дайындап қойды. Ол Қаттани, Әл-Біләл және Байғұт баба мешіттері.
Айта кету керек, құрбандық шалу әрбір балиғат жасына жеткен, алыс жолға сапар шекпеген, қолындағы дүние-мүлкі нисап мөлшерінен (85 грам алтын немесе 1,4 млн теңге) асқан әрбір мұсылман адамға уәжіп саналады. Жалпы құрбандық малына түйе, қой мен ешкі және мүйізді ірі қара жатады.