Тағдыры тосын талант

Среда, 11 Декабрь 2019 04:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4251 раз

Сіз өзіңіз туралы «мен бұрын тым тәкәппар едім» деп немесе тар қапаста «жатқаныңызды» жер жаһанға жариялап, сол кезде осындай да осындай болып еді, бірақ, бәріне өзім кінәлімін деп айта алар ма едіңіз?!  Айнадан өзіңіздің көзіңізге өзіңіз тік қарап, бойыңыздағы кемшіліктеріңізді жіпке тізіп, сонымен күресе аласыз ба? Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың тілімен айтқанда, біздің бүгінгі кейіпкеріміз «біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойын мазалап, өз бойын тазалап, өзімен өлгенше алысып» келе жатқан адам.

ISK 3051

Сая Қасымбек! Сіз осы есімді естігенде кімді танисыз? Мен әдебиет әлемінде, оның ішінде драматургияда ойып орнын алған драматургты, театр әлемінен де сақадай орын сайлаған кәсіби режиссерді, керек жерінде «сыбап» алатын сыншыны, журналистика саласында бұрқыратып жазатын публицисті, өзін толғандырған тақырыбына тынбай қалам сілтейтін әлеуметтік желі белсендісін танимын. Оның сыртында қолөнерлігі, асүйге қатысты шеберлігі, т.б. қабілеттерін қосыңыз. Аз сөзбен айтсақ, бір Саяның ішінде мың Сая бар.

Біз соның кейбіріне тоқталсақ. Әсілі, өз басым Сая апайды оның болмысына, биік талғамына қарап Алматы көрген, үлкен рухани орданың қайнаған ортасында ысылған маман деп ойлаушы едім. Сөйтсем, апайымыздың әу баста өнер мен әдебиетке түк қатысы болмаған екен ғой.

Қасекеңнің қара қызы

...Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры. Біз апаймен Әдебиет бөлімінде қаз-қатар тізілген кітаптардың арасында отырып, тәп-тәтті қою кофеден ұрттап қойып сұхбаттасқан едік. Төрт сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Себебі, тағдыры талайлы, өмірі ерекше өрілген кейіпкеріммен әңгіменің кеніне кіріп кеткен едім.

Сырлы Созақтың Жуантөбе ауылы оны тегіс Қасекеңнің қара қызы деп атайтын. Мектепке бес жасынан барып алып, екі-үш ай оқып, апайлары баға қоймаған соң қаршадай қыз өкпелеп үйіне кетіп қалыпты. Алты жасында бәрібір мектепке қабылданып, ата-анасын күн сайын бестік алып қуантқан екен. Дегенмен, бір тоқсан бойы журналда фамилиясы болмаған көрінеді.

Мұғалімдер «Өзі шаршайды, сөйтіп кетіп қалады» деп ойласа керек. Бекер олай істеген, бірінші тоқсан аяқталғанда сол сыныптағы ең үздік оқушы Сая болды. Содан кейін, амал жоқ, Қасекеңнің қара қызы түбегейлі мектепке қабылданды.

– Үйде төрт қыз, бір ұлмыз. Мен әкемнің жәрдемшісі едім. Ер бала сияқты өстім. Үнемі шалбар киіп жүретінмін. Ер мінезді болған соң ба, әкем тобықтан шалуды, жамбасқа салып ұруды үйретті. Ауылдың балаларын тырқыратып ұратынмын. Ұлдармен бірге прес-жіп тасимыз.

Олар да мені қыз демейді. Өмірімде қуыршақ ұстаған бала емеспін. Ойнағаным ләңгі, асық, қала берді ұлдармен төбелесіп өскенім есіме түссе, қазір соған ұяламын, - деп мектепте староста, комсорг болған лидер апайымыз өзінің балалық кезіне саяхат жасап күліп алды.

Экологиядан – драматургияға

Қашан көрсең кітаптарға «көміліп» отыратын Сая Қасымбектің бала шақтан кітапқұмар болғаны түсінікті. Ол журналист болғысы келді. Ал мектептегі әдебиет пәнінен беретін Тоқтар ағайы оны әдебиетке баулып, КазГУ-дың филологиясына түскенін қалады. Бірақ, анасы «Алматыға барсаң бұзылып кетесің» деп жібермей қояды. Содан қазіргі ОҚМУ-дің «Силикатный факультет вяжущих материалов» факультетіне оқуға түседі.

Бойжеткен «Вяжущий» дегенді «Тоқыма ісі» деп түсініп, цемент пен бетонға қатысты оқуға тапсырғанын өзі де аңғармай қалады.Ал бұл факультетте сабақ тек орысша жүреді. Өзі ауылдан бір ауыз орысша білмей келсе де, алты айдың ішінде орысыңның өзін орысшаға үйретіп жіберетіндей дәрежеге жеткен ғой. Алғырлығы мен талабының арқасында оқуға түскен кезде деканның хатшылығына жұмысқа тұрады. Бір күнде оқуға да қабылданып, жұмысқа да орналасып, жатақханадан да бөлме алады.

Силикаттық факультетті кешкі бөлімде оқып шығады. Састөбе цемент зауыты тақырыбында дипломдық жұмысын қорғап, орыстар алмаған «5+» деген бағаны алады. Бақандай 18 параққа цемент зауытының сызбасын сызып, ұсақ-түйегіне дейін есептеп, он адам отырған комиссиядан сүрінбей, мүдірмей қорғап шығады. «Мен қай салаға бармайын, басын жарып, көзін шығарып жіберем» дейтін Сая Қасымбекті цемент-бетон факультетін бітірген, онда да кілең орыс, немістердің арасында ең үздік бағаға оқыған деп кім ойлапты, иә?!

Қолға диплом алған соң Халықаралық Қазақ-түрік университетінде экологиядан дәріс оқып жүрген кезінде Түркістанда тақыр жерден театр ашқан өнер тарланы Райымбек Сейтметов көрші аудиторияда өнерден дәріс оқиды екен. Ол Алматыда ұзақ жылдар қызмет атқарып, кемелденген кезінде туған өлкесіне қайта оралған. Алдымен өнер факультетін ашты. Осылайша театр ашпас бұрын сол театрда қызмет ететін әртістерді дайындады. Міне, Сая апайдың тағдыры осы тұста тосыннан 360 градусқа өзгерген еді.

Алматыға оқуға түсе алмағанымен, өнерге жан-тәнімен ғашық кейіпкерімізге Алматының өзі көшіп келгендей болды. «Алматының мектебі Сейтметовтей хас шебердің мектебінің қасында түкке тұрмайды. Өйткені, ол кісінің әрбір репитициясы – шеберлік академиясы» дейді өзі. Алғашында келесі аудиториядағы Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Райымбек Сейтметовтің дәрістерін үзіліс кезінде тыңдап жүреді. Ұжымның 8-наурыздағы отырысында Райымбек ағамызбен поэтикалық дуэльге шығып, жадында сақталған бар өлең-тақпақтарын жайып салыпты.

– Райымбек ағамыз: «Сіз секілді өлеңді жатқа оқитын адамды көрген жоқпын! Ханымдар мен мырзалар! Бүгінгі кештің жеңімпазы, атыңыз кім болады?» деді. «Сая» дедім. Сол сол екен, ол кісі менің соңыма түсіп алды. «Сіз қазақтың сөзінің мәйегін біледі екенсіз, экологияда не істеп жүрсіз? Екінің бірі эколог бола алады. Ал өнер адамы мыңның ішінен шығады» деп мені өнерге келуге үгіттей бастады, - дейді апай.

Сейтметовтің шеберханасында шыңдалған

Содан не керек, Райымбек ағамыз экологиядан сабақ беріп жүрген Сая апайдан болашақ өнер адамын, өзі ашатын театрдың тіреуі болар таптырмайтын маман боларын сол бір мерекелік банкетте өлеңмен сайысқанда-ақ сезген сияқты. Тіпті, апайымыз отбасы жағдайымен әрі аспирантураға түспек ниетпен Шымкентке көшуіне тура келіп, декан мен ректордың алдына арызын алып кіргенде, Сейтметовтің өзі оқу орнының басшыларына қол қойғызбай қойдырған екен. «Түкірсең экологқа тиеді.

Мен келешекте театр ашамын. Күшім болса қайтып жатыр. Келешекте маған театрға көмекші керек» деп табандап тұрып алған көрінеді. Сөйтіп оқытушы боп жүрген апайымыз Ракеңнің қасына әдіскер болып ауысады. Сая ханымның тығылып жатқан таланты осы кезде жанартаудай атқылап бастайды. Үш айдан кейін-ақ Райымбек ұстазы курсын әдіскеріне сеніп тастап кетіпті. Ал бір жылдан кейін Сая Қасымбек алғаш өзін режиссер ретінде сынап көрді.

Мар Байджиевтің «Жекпе-жек» деген қойылымын сахналады. Жалпы оның драматургияға келуіне бірден-бір ықпал еткен сол Мар Байджиевтің драматургиясы. М.Байджиевтің «Жених и невеста» деген туындысын тәржімалап, аударма драматургияның да дәмін татты. Кейіннен сол пьесаны 2002 жылы театрдың ашылуына орай сахналағанда Мар Байджиев қонақ ретінде шақырылады.

– «Сен – әйелсің ғой. Әйел жанын менен гөрі тереңірек ашыпсың. Сенің трактовкаң менен тереңдеу шығыпты» деп Байжиев батасын берді.Ол кісі –менің ұстазым. Талантты драматургтің стиліндегі пьесаларым көп. Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың репертуарынан «Лифт» деген қойылымым түспейді, - дейді С.Қасымбек.

Ал, көрнекті режиссер Р.Сейтметов сахналаған Сая ханымның «Яссауи қасіреті» драмасын тамашалаған Әбіш Кекілбаев қатты әсерленіп, көзіне жас алып «Европаның қай мектебінде оқыдың?» деп сұрайды. «Драматургияға қалам тартқаныммен, драматургке арнайы оқытатынын білмеппін. Ешқайда оқымағанымды, Шекспир мен Мар Байджиев, Мұхтар Әуезовті зерттеу арқылы үйрендім» дегеніме таңқалды», – деп жүріп өткен жолдарын күле еске алды.

Осылайша кейіпкеріміз режиссураны сырттай оқып, өзі тынбай ізденіп, арғы-бергі әдебиетті ақтарып, Сая Қасымбек деген атты қалыптастырды. Ол шығармашылық ғұмырында 80-ге тарта пьеса жазды. Бүгінде еліміздің 20-дан аса театр репертуарында Сая Қасымбектің пьесалары сахналанған. Ал драматургтің парқы қойылған пьесалары арқылы бағамдалатыны бесенеден белгілі.

...Райымбек Сейтметовтің «туған жерден театр ашамын» деген арманы ақыры ақиқатқа айналды. «2000 жыл Мәдениет жылы болып жарияланған кезде Түркістаннан театр ашылсын» деген Елбасының Жарлығын естіп жүрегім жарылып кете жаздаған» деп еске алады ол.

2000 жылы Қазақстан театрларының қатарына ең жас Түркістан музыкалық драма театры қосылды. 2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан театрына барып «Көк түрктер» тарихи драмасын тамашалап: «Райымбек Сейтметов негізін қалаған Түркістан театрының болашағы зор екеніне сенемін» - деген Елбасы өнер ұжымының еңбегіне жоғары бағасын берген болатын.

«Біз сол театрдың қазығын бірге қағып, қабырғасын қалап, керегесін керіп, уығын қададық. Алғашында өте қиын кезеңдерді бастан өткердік. Көрермен келмейді.
3-5-ақ адам келетін күндер болды. Бір күні Ракең, екінші күні мен сахнаға шығып, көрермендермен сөйлесеміз. «Ағайын-туғандарыңызды, көршілеріңізді, құда-жекжаттарыңызды ертіп келіңіздер.

Театр сіздер үшін ашылды» деп бір жыл үгіттедік. Еңбегіміз жанып, уақыт өте отау құрған жастар үйлену тойында бірінші біздің театрға келуді дәстүрге айналдырды. Қалалық білім басқармасы әр мектепті жылына үш рет біздің театрға келуге бұйрық шығарып, өнерге бір кісідей қолдау көрсеткені театрдың тез аяғына тұрып кетуіне тікелей ықпалын тигізді», - деп еске алады С.Қасымбек.

«Не істесем екен, не істесем екен сендерге,
Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар!»

Ал Сая апайдың аталған театрға директор болғаны да қызық. Райымбек ағамыз бен сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиев екеуі Сая ханымды «мәжбүрлеп» директор етіп тағайындаған көрінеді. Сол кезде апай: «Болат аға, мен есептен мүлде ұқпаймын. Сотталып кетемін ғой» деген екен байқаусызда. Сол сөзіне әлі күнге дейін өкінеді. – Негізі сөз – сертті, сынақ болады. Сөзді айтқанда ауызға еге болу керек. Періште әумин деп қоятын кездер болады, - дейді өзі. Бұлай деуінің сырын өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар.

Екі жыл театрдың көркемдік жетекшісі, бес жыл директоры қызметін атқарған С.Қасымбек ойда-жоқта істі болады. Есеп-қисапқа қатты мән бермегенінен қызметтік мансабында омақаса құлады. Ол кезде ұстазы Райымбек Сейтметов аяқ астынан инсульт алып, айналдырған екі-үш айдың көлемінде мәңгілік сапарға аттанып кеткен еді.

– Маған шенеуніктік түкке де керек емес еді. Мен директор болам деп армандаған жоқпын. Сотта да «Сіз мынаны қазір сұраңызшы, қазір де білмеймін» деген болатынмын. Бас есепшімді де кінәламаймын. Өзім кінәлімін. Директор болмаймын деп табандап тұрып алуыма болар еді. Бәлкім, менің ішкі әлемімде директор болсам деген тәкәппарлық болған болуы мүмкін.

Шындықты мойындау керек. Жасандылық менің табиғатыма жат нәрсе. Менің қателігім –директор болмауым керек еді. Болдым ба, есеп-қисапты қадағалап, кіріс-шығысты біліп отыруға тиіс едім. Ал мен оны білгім келмеді. «Спектакль жүріп жатыр», «Кімсің – Түркістан театры» деген мақтаныш сезімнің жетегінде жүріппін, - деп өткен күннің өкінішін бүкпесіз жайып салды.

Адалдық әрқашан жеңеді. Жаратқан оның өміріндегі қиындығын жақсылықпен жалғастарды. Өнерде о баста Райымбек Сейтметовті кездестірсе, абақтыдан шыққан соң мәдениет саласының басшылары Ұлжан Мұстафаева мен Күлия Айдарбекова оны оттан суырып алып, әуелі музейге, кейіннен Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрына жұмысқа қабылдады.

Істі боп жүргенінде еркектердің өзі «бәлесі жұғып кетер» деп одан теріс айналған кездегі ол екеуінің бұл әрекеті шын мәнінде ерлікке пара-пар еді. Менің қамалғаным – тағдырыма керек болған-ау деймін. Жан дүнием өзгерді. Тәкәппарлықты жеңіп шықтым», - деді кейіпкерім бір сөзінде.

«Қайта тұрып, өмірге қайта келген»

Әлі күнге дейін оның «сотталғанын» бетіне басқысы келетіндер баршылық. Кейде сондай пенделерді аяйсың. «Дәл Сая апай жүрген жолмен жүріп, осылай басын тік көтеріп тұра алар ма екен?!» деп ойлайсың. Ол үшін адамның рухы, ерік-жігері, қажыр-қайраты мықты болуы керек. Ол үшін сенің ішкі жан дүниеңде биіктікке деген махаббат болуы керек.

Ол үшін Сая ханым сияқты қашанда алыптарды жақсы көру қажет. 2001 жылы «Томиристі», одан кейін «Зарина патшайым», «Хан Кенені», Президентті, Қожа Ахметті, Шыңғысханды жазды. Қарап тұрсақ, ылғи алыптардың тағдырын жазған екен. Алыптарды қадірлеу арқылы өзі де парасат биігіне қалай көтерілгенін сезбейді-ау!..

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.