Құлпырған жас – гүлденген өмір Избранное

Пятница, 11 Октябрь 2019 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2894 раз

Шымкентте соңғы алты жылда ажырасқан отбасылар көрсеткіші 12,5 пайызға артқан. Қазір қоғамдағы осы бір өзекті мәселенің алдын алу мақсатында Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма мен Абай аудандық соты бірлесіп «Отбасы кеңесі» атты пилоттық жобаны іске асыруда. Үш айдағы келіссөздер нәтижесінде 18 азаматтың неке бұзу бойынша ұсынған талап-арызы кері қайтарылыпты. Жастар арасындағы осы және өзге де мәселелер жөнінде аталған басқарманың басшысы Жандос Қалтаевтпен сұхбаттасу барысында сұрап білдік.

504

 

– Жандос Төлембекұлы, биыл ел жастары үшін ерекше жыл. «Жастар жылы» әне-міне, аяқталуға да жақын. Өзіңіз басқаратын басқарма тарапынан қаламызда қандай жұмыстар атқарылуда және қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтып өтсеңіз?!

– Тәуелсіздігімізді алғалы тұңғыш рет биылғы жыл «Жастар жылы» деп белгіленді. Бұл шешім қордаланған жастар мәселесінің шешімін табуына елеулі серпін беруде. Әрине, қолға алған шаралар «Жастар жылымен» аяқтала салмайды. Жұмыс жалғаса беретіні айқын. Біз 10-15 жылдан кейін үшінші мегаполистің жастары қандай болуы керек деген сауалдың жауабын іздеп көрдік. Сол сұрақты зерттей келе бес бағытты айқындадық. Соның ең біріншісі – жастардың білімді болуына назар аудардық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауында да айтылды. Еліміздегі 21 мың түлек орта және жоғары оқу орнына түсе алмады. Бұл жерден шығатын түйін – көптеген жастарымыздың білім деңгейі өз қалауларын жүзеге асыруға жетпей жатыр. Біз таңдаған жол бір реттік іс-шаралар емес, ұзақ мерзімді жобалар деп айтар едім.
Мысалы, бұған дейін пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып келсе, биыл соны арнайы ұйым ретінде құрып басшысын, яғни үйлестірушісін тағайындадық. Шетелдік тәжірибені ескере отырып, бағыттарын айқындап бердік.
Сол сияқты қалада мектеп оқушылары және студенттер арасында футбол мен баскетболдан арнайы лига ұйымдастырылып келсе, біз 30-30-дан команда жасақтадық. Оларды доп, форма, арнайы құрал-жабдықтармен қамтыдық. Мектеп басшылары осы лиганы әрі қарай алып кетуге келісіп отыр. Яғни, инфрақұрылымы қарастырылған осындай ұстаныммен жұмыс істеу біз үшін тиімді.
Өнерлі жастарымызды қолдау әрі оларды насихаттау мақсатында алдағы уақытта қалада ауқымды байқау ұйымдастырылады. Қазір ережелері бекітілу үстінде. Жеңімпаздардың сыйлықтарына ерекше мән беріп жатырмыз. Оларға сертификат немесе ақшалай сыйлықтар тағайындап таратып беруге болады. Бірақ, ертеңгі жас дарындарға портфолио болатын жұмыстар сыйласақ, олардың шығармашылық тұрғыда өздерін әрі қарай жетілдіруіне сеп болады. Мұндағы мақсат – жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру. Екінші мәселе жастардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын ұстануына байланысты шаралар қаралып жатыр.
Үшінші бағытымыз – кәсіпкерлікке баулу. Бұл ретте жұмыспен қамту орталығы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалымен үлкен жоба басталды. Ол «Жас кәсіпкер» деп аталады. Яғни, шәкірт
ақы ала отырып, 18-29 жас аралығындағы жастар кәсіптік білімге қол жеткізеді. Кейін жобаларын ұсынып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атана алады. Бүгінде қала жастарына 4500 грант қаралған. Ал біздің басқарма әсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесе отырып, жастарды кәсіпке бейімдеу мақсатында 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар байқауын өткізуді қолға алды. Оның ережесін алдағы уақытта әлеуметтік желілер арқылы хабарлаймыз. Соңғы бағыттар – жастардың отбасылы-баспаналы болуы.

– Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы қолға алған «Отбасы кеңесі» пилоттық жобасы жөнінде әңгімелеп берсеңіз?

– Пилоттық жобаны Абай аудандық сотымен бірге жүзеге асырып келеміз. Мұндағы мақсат – отбасы мәселелерін оңтайлы шешу, ажырасу деңгейін төмендету, жанұя мүшелері мен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау. Жұмыс тобының құрамында құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім саласының өкілдері, медиаторлар және өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар мен аналар кеңесінің өкілдері бар. Әр аптаның сейсенбі күндерінде бас қосатын «Отбасы кеңесі» ажырасуға арыз берген азаматтармен бетпе-бет сөйлесіп, отбасының бұзылуына әсер еткен факторларды талдап, өзекті мәселелермен жұмыс жасайды. Тіпті, қос тараптың ата-аналарымен, отбасыларымен жүздесіп, некені сақтап қалуға әрекет етеді. Бұл жобаға кіріспес бұрын, біз сараптамалық жұмыстар жүргізіп, соңғы алты жылда шаңырақ көтерген жанұялар жайын зерттедік. Сөйтіп, 2013-2019 жылдар арасындағы ажырасудың динамикасын айқындадық. Ол алғашқы алған мерзімде 26 пайызды құраса, биыл 38,5 пайызға жетіп отыр. Бұл дегеніңіз үйленгендердің 40 пайызы дерлік ажырасып жатқанын көрсетеді. Бұл өте үлкен проблема. Осы олқылықтың алдын алуда аталған жобаның көмегі тиетініне сеніміміз мол. Мысалы, осы уақытқа дейін «Отбасы кеңесі» жұмыс тобының 10 отырысы өтіп, онда 70 іс қаралды. Оның ішінде 17 іс медиация әдісі бойынша шешімін тапса, үш айдағы келіссөздер нәтижесінде 18 азаматтың неке бұзу бойынша ұсынған талап-арызы кері қайтарылған. 264 мыңға жуық жастың төрт- бес мыңы жыл сайын шаңырақ көтеріп отырады.

– «Үйі жоқтың – күйі жоқ». Жұмысшы жастарға еліміздегі үш қалада 1000 пәтерден салынады деген жаңалықты көпшілік қуана қабыл алғаны рас. Осы баспанаға кімнің қолы жетеді?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында кемінде 1 мың жалдамалы пәтер салу шаралары қабылданған. Кейін бұл тапсырма кеңейтіліп, жастарға үш қалада үш мың пәтерге дейін салу жөнінде тапсырма берілген болатын. Ережеге сәйкес, бірінші кезекте 18 бен 29 жасқа дейінгі жігіт немесе бойжеткен ресми түрде Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент қаласының тұрғыны болуы тиіс. Сондай-ақ, ережеге сәйкес, жас адамның тұрақты жұмыс орны болуы және жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Себебі, мемлекет жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беруін көздеп отыр. Үміткердің қызметтегі жетістіктері бойынша тиісті куәліктерін растайтын құжаттарын көрсетсе, жеңілдіктер беріледі. Сонымен қатар, өтініш берушінің отбасы және балалары болған жағдайда қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Жалға берілетін үйлер жастарға сатып алу құқығынсыз беріледі. Жалға беру бағасы айына 10-12 мың теңге көлемінде болады. Шымкентте бүгінгі таңда 304 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Қалған 600-ін нарықтан сатып алып, жыл соңына дейін 904 пәтерді конкурс комиссиясының шешімімен жоғары ұпай алғандарға үлестіреміз. Бірақ бұл үйлер Шымкент қаласы әкімдігінің атында болады. Егер жастар басқа қалаға қоныс аударып жатса, резервтегі жастар солардың орнына көшіп барады. Бұл жоба үш жылға созылады. Жалдамалы пәтер бойынша мыңнан астам жас қызығушылық танытып, Жастар орталығынан кеңес алды. Ал жобаға өтінім қабылдау жұмыстары қараша айына жоспарланған.

– Жуырда қаламызда жаңадан құрылған Жастар мәслихатына 29 депутат сайланды. Жас депутаттарға қандай жауапкершілік жүктеліп отыр?

– Қателеспесем, осыдан 10-11 жыл бұрын елімізде осындай жастар мәслихаты құрылған болатын. Оңтүстік Қазақстан жастарының жастар мәслихаты құрылғанда ең тұңғыш төрағасы мен болдым. Бұл жоба Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында әлі де өз жұмысын жалғастырып келеді. Бұл ұйым қалалық мәслихатқа конультативтік кеңесші орган ретінде, яғни, жастардың қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты ойларын айтып, пікір алмастыру арқылы белсенділіктерін арттыру мақсатында қайта қолға алынды. Біз жастар арасында арнайы сауалнама жүргізу барысында, олардың мәслихат жұмысымен таныс еместігін аңғардық. Оның ішінде депутат кім? Депутаттық сауал деген не? Халық қалаулысының құзыреттілігіне не кіреді деген сауалдарға жауап бере алмағандар болғанын жасырмаймыз. Қарапайым мысал, көше, мектеп, жол құрылыстарын жүргізу мәслихат сессиясында дауысқа салынып, шешім қабылданатынын көп жастарымыз білмейтініне көз жеткіздік. Қазір әлемде кәсіби депутат деген түсінік қалыптасқан. Ол ақысыз жұмыс істеу. Яғни, жастарымызға облыс, қалалалардағы мәслихаттардың ақысыз қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіре отырып, олардың ұсыныстарын қоғамда орын алып жатқан проблемаларды шешуге пайдалануымыз керек. Біз кейде жастарға субъект ретінде қарап, тек білім берумен ғана шектеліп жатамыз. Қазір Жастар мәслихатының алғашқы отырысын жоспарлап, оны төраға немесе хатшы басқара ма деген сауалдың төңірегінде заңдылық жағын қарастыру үстіндеміз. Қазір бұл қоғамдық ұйым ретінде тіркелгенін естеріңізге сала кеткім келеді. Оған қатысқан 70-ке жуық жастың қалғаны резервте тұрады. Олар босаған мандаттың орнына отыра алады. Ал жалпы, кез келген қала тұрғыны жастардың мәселесіне қатысты өз ойларын жеткізуіне құқылы. Осы ретте тағы бір атап өтетін жәйт, мегаполис жастары үнемі белсенді. Өнер, спорт, ғылым мен білім жағынан жастардың жетістігін жоққа шығаруымызға болмайды. Жуырда қала әкімі Ерлан Қуанышұлымен жастардың кездесуінде оған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Шаһар басшысына сұрақ қойған іні-қарындастарымызға қарап сүйсіндік. Жастарымыздың қаланың тазалығына, коммуналдық шаруашылығы мен кез келген мәселеге бейжай қарамайтынын түсіндік. Кездесуде бірқатар ұсыныстар айтылды. Оның барлығын түртіп алып, өз тарапымыздан шешім табуына шама-шарқымызша күш салып жатырмыз. Ал, алдағы жылды Мемлекет басшысы «Еріктілер жылы» болуын ұсынды. Бұл жастар жылының жалғасы іспетті. Ендеше жақсы бастамалар жалғасын таба береді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Фото - Береке СЕЙІТЖАППАР