Кәсіпкерлерге көрсетілер қолдау аз емес Избранное

Пятница, 11 Октябрь 2019 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2811 раз

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы бойынша ақпараттық-насихаттық топ мүшелері «Asia trafo» зауытының жұмысшыларымен кездесіп, маңызды құжат жүктеген мәселелерді талқылады. Бұл жолғы жүздесу сағаттап кабинетте отырмай, уақытты тиімді пайдалану мақсатында еркін форматта өтті.

506

 

«Халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек. Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет. Бұл – Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз. Әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері, зейнетақы қорындағы ақшаны жарату 2020 жылдан бастап енгізіледі», - деп Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева Жолдау жүктеген міндеттердің бір парасын түсіндірді.
Ал Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бақтыбаев қарқынды дамыған және инклюзивті экономика саласына тоқталды.
– Президент 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты  өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге өсіруді тапсырды. Ал Шымкент қаласында ІЖӨ 2 пайыз, яғни республика бойынша екінші орында тұрмыз. Қалада «Тассай» және «Оңтүстік» индустриалды аймағы жұмыс істеуде. 122 жобаны іске асырып, 6500-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 67 жоба жүзеге асырылып, 4500 жұмыс орны ашылды, - деді Руслан Бақытбекұлы.
Р. Бақтыбаев Президенттің шикізаттық емес менталитеттен бас тартып, диверсификациялауды тапсырғанын тілге тиек етті. Яғни, осындай дайын өнім шығарып, импортты алмастыратын алпауыт зауыттарға көңіл бөлінуі қажет. Осы мақсатта қала әкімі тағы екі жерден индустриалды аймақ ашу жөнінде тапсырма берген. Осыған орай «Жұлдыз» шағынауданында 76 га жерге өндіріс орындарын және Агроиндустриалды аймақ ашуды жоспарлап отырмыз. Заманауи дайын өнім шығаратын 50-ден астам жұмыс орны ашылуы тиіс.
Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Данияр Дәрмен «Жолдауда Президент микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді. Кәсіпкерлердің өнімін экспортқа шығаруға көмек көрсетіледі. Яғни, мемлекет тарапынан жол шығынының жартысы төленеді. Мысалы, Шымкенттен шығатын бұйым Ресейге баратын болса шекараға дейінгі шығынның 50 пайызын мемлекет төлеп беруге дайын. Жолдауда кәсіпкерлерге жағымды жаңалықтар көп», - деп кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге жасалатын жағдайды қысқаша баяндады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.