Аптап ыстықта абай болыңыз

Среда, 31 Июль 2019 04:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2856 раз

Жайдары жаздың шілде айы да аяқталып, тамызға өтіп барамыз. Қырық күн шілденің де бітер кезі таяу. Жалпы, биылғы шілде өзінің ми қайнатар ыстық күндерімен есте қалды. Аптап ыстық шымкенттіктерді әбігерге салмай қоймады...

IMG-20190724-WA0025

100 құтқарушы жұмылған

Жадыраған жаз айын көп адам демалыспен өткізетіні жасырын емес. Тіпті, сенбі, жексенбі күндерінің өзінде табиғат аясына шығып, тынығуға лайықты жер іздеуге тырысады. Демалушылар күннің көзінен қалқалайтын жасыл желек жанға сая деп, көлеңке іздесе, қалғаны суға сүңгуді құп көреді.

Ал осы шомылу маусымында жазатайым оқиғалар орын алып жататыны тағы бар. Десек те, Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті мамандарының шомылуға рұқсат етілмеген орындарда өткізілетін бірлескен рейдтері мен үздіксіз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде болар, биыл судағы жазатайым оқиғалар тіркеле қоймады (2018 жылы 4 жазатайым оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болды, оның ішінде 2 бала бар).

– «Қауіпсіз жаз» акциясы мамыр айында басталып, қалада ауқымды түрде өткізілуде. Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала аумағында 248 ескерту және тыйым салу белгілері, 10 билборд орнатылды, жергілікті полиция қызметімен бірге 44 рейд өткізілді, 20 мыңнан астам жадынама табыс етілді.

Қалада бүгінгі таңда 3 су айдыны орналасқан, оның ішінде 2 су қоймасы (Тоғыс, Бадам), 1 өзен (Қошқар ата), Бадам, Тоғыс су қоймаларында орналасқан 2 демалыс орнын жеке кәсіпкерлер жалға алған. Тыйым салынған жерлерде шомылу ережелерін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБК 364-бабы 1-тармағы) әкімшілік бұзушылықтар туралы 35 хаттама толтырылды (ескерту түрінде).

Ал 9 жедел-құтқару бекетінде 100 қызметкер жұмылдырылған,- деді Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі бастығының орынбасары Орынбасар Төртбаев.
Жедел құтқару жасағаның басшысы Орынбасар Құлманбетұлының құтқарушылықпен тікелей айналысып жүргеніне биыл 22 жыл толып отыр.

Қаламыздың кез келген жерінде басқа сүңгуірлермен бірге тәулігіне 24 сағат бойы көмекке келуге даяр ол су тасқыны, табиғи апаттар, өрт секілді төтенше жағдайда да алғаш боп көмек қолын созады. Тілсіз жаумен арпалысып, төтенше жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барын салады.

– Суға батқан, тауда адасқандарды іздеу жұмыстары қиындық тудырады. Жол-көлік оқиғалары орын алғанда да адамдар қысылып немесе көлік сынды ауыр заттың астында қалып қойса, жедел жәрдемнен бұрын баратын біз. Мұндайда санаулы секундтар өте үлкен рөл ойнайды. Табанды болу керек! Осы жылдар арасында 20-дан астам адамды ажалдан арашалап қалыппын.

Бір әттеген-ай дейтінім, қиын кезде адамдарға қол үшін бере алмай қалатынымыз бар. Ата-анасы жүруді үйренген баласына суда жүзуді де үйретсе, шомылу кезінде қайғылы оқиғадан сақ болар еді, - дейді Орынбасары Құлманбетұлы.

Жедел құтқару жасағының басшысы тұрғындарға суда жүзгенде мұқият болып, тауға шыққанда абай болуға, ал көлік жүргізу мен басқа да жұмыстар барысында қауіпсіздік ережесін сақтауға шақырады. Адамдар масаң күйде рөлге отырып, суға түспесе екен, дейді.

Ыстық сақталады

IMG-20190724-WA0028-1

Ал синоптиктердің айтуынша, биылғы жазда ауа темперетурасы жылдағы нормадан аспаған. Ауа температурасы республиканың басым бөлігінде мөлшер шамасында, ал оңтүстіктің басым бөлігінде, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыста мөлшерден 1°С жоғары күтіледі. Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде мөлшерден көп, тек еліміздің оңтүстік және оңтүстік-батыс аудандарының кей жерлерінде мөлшерден аз болады деп болжануда.

– Шілде айында ауа темперетурасы қалада 41,60С немесе 420С болды. Соңғы ең ыстық деп тіркелгені – 1997 жылы сынап бағанасы 45 градусты көрсеткен. Ондай ыстық биыл болмады. Ауа ағымы батыс пен оңтүстік шығысқа ығыспай, 10-12 күндей қалыпты температура сақталды. Тамыз айында орташа ауа температурасы сақталады, - дейді инженер-синоптик Әсия Қыдырбаева.

Дегенмен, мамандар дабылды ескерту жолданғанын айтып, Түркістан облысының кей аудандарында күн 45 градусқа дейін ысуы мүмкін, - дейді.

5365 қоңырау

Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бөлімі меңгерушісі Раушан Оспанованың айтуынша, ми қайнатар ыстықтың салдарынан шымкенттік дәрігерлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Сондай-ақ, қатты ыстықтан жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар көбейіп, жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер саны артқан.

– Соңғы үш тәулікте 5365 қоңырау келіп түсті. Шақырудың 18,9 пайызы жүрек-қан тамырлары дертіне байланысты. Ал басым бөлігі тыныс жолында ақауы бар, жедел респираторлы вирустық инфекциясы мен қан қысымы көтерілгендер. Биыл 6 айда келіп түскен қоңыраулар өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 15 мыңға артқан, - дейді маман.

Сондай-ақ, күн ыстықта қан қысымы көтеріліп, кардиологтың қабылдауына келетіндердің қатары да көбейген. Ақ халаттылар жоғары қан қысымы бар азаматтарға аптап ыстықта тынығуға кеңес берсе, жүрек-қан тамырларының ауруы мазалаған науқастарға арнайы диета ұстау қажеттігін айтады. Дәрігерлер, сонымен қатар, желдеткіш пен салқындатқыштан мейілінше аулақ болып, мұздай сусындарды шамадан тыс қолданудан бас тартуға шақырады.

Түйін:

Мамандардың ескертпесін жадына түйіп, қауіпсіздік мәселесін қаперінде ұстаған пайдалы. Әсіресе, балалардың демалыс кезінде мұқият бас-көз болуға шақырамыз. Жадыраған жаз қауіпсіз әрі көңілді өтсін!