Ұлттық сананы қалыптастыруға серпін берді Избранное

Пятница, 15 Февраль 2019 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2928 раз

Тарихи сана қалыптасқан жерде ұлттық сана қалыптасады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихшыларға, жалпы елдің барлық азаматтарының тарихи танымын кеңейтуге, тарихты қайтадан зерделеуіне серпін берді. Бұл – «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті.

ACD84B29-140F-4466-8EAB-BA97F274F0E2 w1023 r1 s

Бұл ретте мен мынадай жағдайларға назар аударсам деймін. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын кеңінен атап өттік. Негізінен, хан, хандық туралы ұғым-түсініктің Кеңес дәуіріндегі бұрмалануы және тарихи сана мәселесі, қазақ хандығына байланысты тарихи танымды қалыптастыру жолдары, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына қатысты тарихи деректердің, айғақтардың оқулықтар мен көркем әдебиеттегі көрінісі және Қазақ хандығы тұсындағы тарихи тұлға бейнелерінің әдеби туындыларда сомдалуы сынды тақырыптарда көптеген әңгімелер айтылды.

Елбасы Қазақ хандығына қатысты тарихшылардың, ғалымдардың арасында айтылып жүрген әр түрлі пікірлерге нүкте қойды. Яғни, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде айтылғандай, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толды деген пікірге тоқтадық.

Қазақ хандығы тарихының көп деректері, тіпті басым бөлігі бұрмаланып келді. Жазушылардың өзі де жобамен, долбармен жазып, жаңылысқан сәттер болды. Ал енді Қазақ хандығы, өздеріңіз білесіздер, сонау Ғұн, Сақтан басталады. Түрік қағандығы, кешегі орта ғасырлық кезеңдегі оғыз қыпшақ, қимақ, қарлұқ, қарахан, одан бері Алтын орда, Ақ ордадан басталады.

Мен өзім қазақтың тарихы тым әріде екенін үлкен жиналыстарда да, шәкірттерге де айтып келемін. Біздің тарих мыңдаған жылдарға созылады деймін. Бізді кеше ғана ел болды дейтіндер қателеседі. Елбасының кезекті мақаласы да бұған жауап ретінде айтылғандай болды.

Мақалада Ұлы даланың жеті қыры жүйелі айтылып, халқымыз ежелден өркениетке бет түзегенін жаңа қырынан ашып көрсетілді. Енді әр қырына жеке-жеке тоқталып өтсек.

Атқа міну мәдениеті. Елімізде осы тұрғыда көбірек ізденіп, талайдан бері зерттеп жүрген ғалым бар. Ол – археолог ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт. Жылқыны қолға үйрету ең алғаш Қазақстан аумағында болғанын дәлелдейді. Яғни, бұл мәдениет баяғы түркілер мен сақтар, ғұндардың кезінен басталғанын ең алғаш зерттеп, алғашқы мақалаларды сол кісі жазды.

Қазақтың қай баласы да атқа құмар болып өсетіні мәлім. Атам қазақ атсыз жүрмеген. Көліктердің қуатын сипаттағанда да пәлен аттың күші бар деп айтады. Кеңес Одағы кезінде, Ұлы отан соғысы жылдарында көп адамда көлік болған жоқ. Елдің бәрі атпен жүруші еді: есігінің алдына атты байлап қойып, егінге де сонымен барып, солай қайтатын.

Түркілер туғаннан ат үстінде өскен, көпшенді халық болды. Атқа жайдақ отырмай, атқа қажет ер-тұрманның бәрін өздері жасады. Өмілдірік, үзеңгі бізде дайындалды. Атқа мінудің өзі үлкен өнер. Бізде бала туғаннан үш жастан бастап атқа отырып, үйренеді. Жігіттің қандай мықты екенін аттың үстінде отыруына қарап, бағалаған.

Ал кейбір халықтардың аттың үстінде қоқаңдап, дұрыс отыра алмайтынын да білеміз. Ата-бабаларымыздың атқа міну мәдениетін дүние жүзі мойындайды. Сонымен қатар, аттың үстінде жүру ыңғайлы болсын деп, киімдердің өзін теріден тіккен.
Түркі халқының бесігі Алтай дейміз ғой. Алтайда алғашқы металл өндіру ісі қолға алынып, амал-тәсілдері де ойластырылды. Сол кездің өзінде-ақ, металлургия дамығанын әлем жұртшылығы біледі.

Ұлы дала өркениетінде аң стилі де ерекше дамыған. Археологтар неше жылдан бері жер астындағы мол мұраларды, деректерді іздеуде. Сондай құнды жәдігердің бірі – Алтын адам. Ол дүние жүзінде теңдесі жоқ жәдігер. Алғашқы кезде шыққанда кездейсоқ дегендер де болды.

Одан кейін басқа да 4-5 осындай жәдігерлер Шығыс Қазақстаннан, басқа өңірлерден де табылды.
Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның символдарының бірі қар барысы деп айтады. Аң стилі әлемдегі өркениетті биік белестердің бірі ретінде бағаланады.

Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қалалар деп Сайрам, Түркістан, Отырарды айтамыз. Міне, Ұлы жібек жолы Сайрамға (Ифсиджаб) келгенде екі тармаққа бөлінеді. Оңтүстік жұртшылығының мақтанатын жері – осы. Бір тармағы Еуропаға қарай, яғни Түркістан, Сығанақ, әрі қарай Атырау, Ақтау арқылы бүкіл Ресейге кетеді. Екіншісі Шығысқа қарай: Самарқанд, Бұқара арқылы, Иран, Иракқа қарай бөлінеді.

20180613155234

Алма мен қызғалдақтың отаны екеніміз де әмбеге аян. Мәселен, Түлкібаста, Алатау мен Қаратаудың түйіскен жерінде «Шұбайқызыл» фестивалі атап өтіліп жүр. Ұлы Жібек жолы бойымен жүрген нидерландиялық көпестер сондағы қызғалдақтың тамырын қазып алып, елін әкеткен. Сонда дамытқан. Қазір Нидерланды қызғалдағы әлемге әйгілі. Шын мәнісінде қызғалдақтың төркіні бізден шыққан. Ғалымдар қызғалдақтың 3 мың түрі бар дейді. Ал оның ішінде Қазақстанда 35 түрі өседі екен.

Мінекей, Ұлы дала мәдениетін осылай таныта беруге болады. Сонымен қоса, Елбасы тарихымызды түгендеуде батыл шешімдер қабылдап, іске кірісу қажеттігін де айтты. Енді осы жөнінде өз ұсыныстарымды айтсам.

«Архив 2025» жеті жылдық бағдарламасы – өте керемет ұсыныс. Бізде әлі де архив мәселесіне көңіл бөлген дұрыс. Қытайда, Өзбекстанда, тағы басқа елдерде Қазақстанға, түркі елдеріне байланысты архивтер өте көп. Енді соған арнаулы ғалымдардан жасақтап, арнайы экспедициялар жасау қажет. Тың деректердің бәрін цифрландыруға ендіре білсек, зор табыс болар еді.

Ұлы даланың ұлы есімдері жобасы бойынша да біршама жақсы істер атқаруға болады. Біз әлі де өз батырларымызды, хандарымызды толық дәріптей алмай келеміз.

Осы орайда мына бір мәселені айтпай кетуге болмас. Рас, халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Дегенмен бізде кейбір сценаристер кейде шындықтан аутықып, тарихи деректі өзгертіп жіберетін сәттері кездесіп жүр. Негізінен, шын тарихи оқиғаларды қолдан келгенше сол күйі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Халықтың санасындағыны дұрыстап жеткізуі тиіс емес пе?!

Енді бір кейбір фильмдерде қазақтың ата дәстүрінен ауытқып, қазақтың отбасы институтына мүлдем үйлеспейтін жағдайларды көкрермендерге ұсынуда. Оны көрген жастардың психологиясы бұзылатыны рас. Әкеміз, ата-бабаларымыз сондай болған екен деп ойлайды ғой. Қайта ұл-қыздарға әкенің рөлін мақтап, дәріптеу керек. Отбасыда отағасының рөлі жоғары болу керек.

Біз жастарына сенген елміз. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, ұлттық сананы қалыптастыруға осындай мәселелерге назар аударуымыз қажет. Елбасы айтқандай «Тарихты білмей, тарихи сана қалыптаспайды.
Тәуелсіздік бізге бүгінгідей экономикалық әлеуеті мен болашағы зор, халқының әл-аухаты мен рухани-әлеуметтік дамуына жағдай жасауға ұмтылған, өз ісін өзі басқаратын дербес мемлекеттілікті берді.

Қорыта айтқанда ендігі жерде бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санамызды қамшылаумыз керек сияқты.

Сағынғали ӘБУБӘКІРОВ,
ОҚМПУ профессоры,
т.ғ.к.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.