Туған жер – тұнған тарих Избранное

Среда, 13 Февраль 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5533 раз

Өн бойына ұлы даланың өсиеттері мен қадір-қасиеттерін, асыл ойлары мен мерейлі ұстанымдарын сіңірген, халқымыздың бағына туған мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы бүгінгі егемен елдің ұландарына қажетті сабақтастық орнатты. Қоғам қайраткері, жазушы Қ.Мырзалиевтың:

1542795071481

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,Оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» - деуінде астарлы ақиқат пен шынайы шындық жатыр. Түп тамыры Түркіден тарайтын ортақ Дала өркениетіндегі бұл мәдени үрдіс тамыры терең қатпар-қатпар тарих туралы толғап, әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатып, еңсесін тіктеп алуға түрткі болардай серпін сыйлады.

Мақала мазмұны мен мәні жағынан ұлттық рух пен сананы, мәдени мұраны ұлылар есімімен ұштастырып, Еуразияның кіндігі ғұламалар дүниеге келген құтты мекендер жайлы сыр шертеді. Рухани жаңғырудың заңды жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тамырсыз тал, тарихсыз ел болмайтыны сияқты, тарихсыз тағылым із салмайтынына, ұлан ғайыр елімнің ұлылығына, Түркі әлемінің лидерінің ұлы даланы ұйыстыратын энергиялық сезім-қуаты мен риясыз пейіліне қанықтым.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» деп киелі «жеті» санын таңдап алуында тылсым құпияның сыры терең. Жер бетіндегі басқа елдерді есептемегеннің өзінде, қазақ халқы үшін «жеті» саны қастерлі, киелі. Ежелден арғы тегіміз наным-сенім мен түсініктерді, табиғаттың тылсым құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен тығыз байланыстырады.

Жеті ата, жеті жұт, жеті қарақшы, жеті шырақ, жеті қазына, жеті нота, аптаның жеті күні, жеті жұт, жеті нан,жеті қат жер асты, жеті таудың арғы жағы,әлемнің жеті кереметі жеті... жеті...жеті...

Бүгінде тұғыры биік Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана жүз деген мемлекет бізді мойындап, тани бастады. Елбасымыз: «Содан бері зымырап уақыт өтті. Бұл уақыт тарих үшін аз уақыт болар мүмкін, бірақ жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады.

Соңғы жылдар ғасырға татитын оқиғалар болды десең, артық айтқандық болмас» – деген сөздері әбден орынды, талассыз шындық. Бүгінде білім мен ғылым, өнер мен мәдениет саласында жеткен жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай күшке айналды.Ұшы-қиыры жоқ ұлан байтақ жерімізбен, сағым жетпес сайын даламыздың аспанмен тайталасқан таулары көзге күндік жерден шалынады.

Қазақ елі қарыштап қайта түлеп, өркендеді. Қайта дауысы тіріліп, қайта тынысы ашылды. Әрине мұның бәрі кемеңгерлігі мен парасаты жарасым тапқан жаңа заман архитекторы –Елбасымыздың еселі еңбегінің нәтижелі жемісі!

Ұлт бойына рухани жаңашылдық пен рухани эстетикалық көзқарас қалыптастыруды көздеген Көшбасшы бастаған ұлы көш жалғасын тапты. Түркі әлеміндегі Қазақ елінің бар байлығын паш етіп, көптен бергі көкейіндегі ұлы ойын көпке жариялады. Ұлылар көшінің ұлылығымен болашақ, айқын жоспарға негізделген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы 2 бөлімнен тұрады. Алғашқысы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», ал екінші бөлімі «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын алда атқарылатын ірі жобалар.

Еліміздің мәдени және рухани дамуы саласында көзделген мақалада жүзеге асыруға берілген нақты тапсырмалар теориялық дәлелмен көрсетілген. Егер алдағы жеті жылда қолдауға арналған жеті тарихи факті негізінде, түбегейлі орындауға міндеттелген алты ірі жоба жүзеге асырылса, еліміз Азиядағы ең өркениетті мемлекеттке айналары сөзсіз. Себебі Қазақстан Түркі әлемінің рухани орталығына айналуына тиіс.

1

Дала өркениетінің асыл қазынасы Алтын адам жауынгері, ежелден ата-баба көздің қарашығындай сақтап келген аңдық стильдегі көне жәдігерлерімізді, мәдени мұраларымызды үлгі тұтып, асыл текті қаны қазақ өз тарихы мен елінің мәдени мұраларын, тұмса табиғат иелері – Сиверс алмасы мен Регель қазғалдақтарының туған өлкеміз Қазақстанда тамыр жайып, ұрпағын әлемге тарту еткенін білуіміз маңызды.

«Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» – деп түркі әлемінің тұғырлы тұлғаларының ұлылығын асқақтатып, ұлы дала ұрпақтарының жеті қырының бір сатысына қосуы Елбасының кемел ойының кемеңгерлігін айқыштап тұр.

Өзім қызмет атқарып жүрген білім бөліміне қарасты №90 жалпы орта білім беретін коммуналдық мемлекеттік мекемесінде
Елбасының жеті қырында жете түсіндіріліп айқындаған жүйрік жылқы мен әлемдік ғылым үшін сенсация саналған Алтын адам жәдігері ұлы даланың жаһандағы орнын айқындап қана қоймай, тарих жауһарларына деген ізгі құрметтің ілтипатын сезіндіріп тұр.

Педагогика ғылымдарының тарих магистрі, Қазақстан Педагогикалық академиясының профессоры, мектеп директоры А.Ш. Орынбековтың қолдауымен көрініс тапқан бұл тарихи галереяны еңбек пән мұғалімдері асқан шеберлікпен дүниеге әкелді. Бұл – ежелгі ата -тегіміздің өнер саласындағы бейнелеу өнерінің жоғары деңгейде меңгергендігінің, оның қанымызбен сіңіп келе жатқандығы дәлел болса керек.

Еуропалықтар соның ішінде Италия мемлекеті бізден табылды деп талас тудырған көне арба да Қазақстан өлкеміздің Қостанай облысы Арқайым өңірінен табылғандығы көңіл қуантады. А.Ш. Орынбековтың идеясымен мектеп төрінде көнеден сыр шерткен тарихтың асыл қазынасы Алтын адам мен жылқының күллі Түркі өркениеттегі бейнесі Елбасының жеті қырында дөп түсіп, жалғасын тапқаны үлкен мәртебеге бөледі.

3

Демек, ата-бабамыздың жарқын мұрасының көрінісін , танымдық-эстетикалық, философиялық негізін қалатып, тарих туралы ұрпаққа дұрыс дәріс пен көзқарас қалыптастырып, тағымы мол тәлім нәрін құйып жатқанымыздың белгісі. Тарихтың сайрап тұрған бейнесін көз алдына көріп өскен ұлы дала ұрпақтарының рухының қашанда шоқтығы биік, тарихи танымы саналы. Бұл жәдігерлеріміз енді тарих беттерінде ғана парақталмай, еліміздің шекарасымен шектелмей «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы Орта Азия өркениетіне кең қанат жайғалы тұр.

Мемлекет басшысының: «Жылқының қолда үйретілуі атқа міну мәдениетінің негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» – деп асыл текті жылқы жануарын жеті қырдың ең алғашқы баспалдағы, бастау бұлағы десек артық айтқандық емес. Атқа міну мәдениеті- түркі халықтарына ортақ мұра.

Моңғол, қазақ халықтары атқа ежелден құмар. «Жүйрік аттың тағдыры – қаһарман батырдың, халықтың тағдыры» - дейді алаш баласы. Тақымы атқа тиген қазақ әр уақытта арқаланып, қиялына қанат бітіп, шабыттанып, қуат қосып қанаттанатыны тағы бар.

Жылқы мінезі қазақ халқының салт санасы мен мифологиялық сарыны өзара байланысып, біте қайнасып келеді. Жылқыны қолға үйрету сонау энеолит дәуірі тұсында пайда болғанын әр қазақ рухты ұлы дала ұландарының көкейінде сайрап, жүрегі мен жігеріне қайрат бітіруі хақ.

«Көктің иісі бұрқырап ауада да,
Әр күн мұнда жаныңа дауа ғана.
Алтайдан түркілер шыққан десек,
Шығыпты-ау Адам Ата, Хауа Ана да» – деп жырлағандай Алтайдың киелі өңір, жер жәннаты екенін тағы дәлелдеп көрсетті .

Түркі тілдердің форумын өткізудегі Мағжан жырға қосқан ер Түріктің бесігі Түркістанның таңдалып алынуы зор қуаныш, үлкен мәртебе. Себебі киелі ұлан ғайыр далада көшпенділік және отырықшылық өркениетінің өзіндік өрнегі қалыптасқан тұсында сопылық ілімді таратушы Қожа Ахмет Яссауи дүние есігін ашқан көне қала.

Орта Азияның түкпір түкпірінен келіп туристер түнеп өтетін, киелі Қожа Ахмет Ияссауи кесенесі де осы Түркістан қаласында орын тепкен. Сонымен қатар облыс орталығы Түркестанның аталуы, «Оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет» – деген ұсынысы көпшіліктің көңілін бір марқайтып тастады.

Түркі әлемінің бесігі Еуропа мен Азияны жалғаған Қазақстан өркениеті бай мұрасы, асыл қазынасы. Батыс пен Шығысты, Түстік пен Теріскейді байланыстырып Еуразия кіндігінің құрлығында орналасқан алтын көпір – Ұлы Жібек жолы. Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу шығыс және славян өркениеттері сауда арқылы мәдениетін дамытып, экономиканы өркендетуге септігін тигізгенін Елбасымыз мақаласында әдемі көмкеріп жеткізе білді.

«Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, «Ұла даланың ұлы есімдері» атты оқу -ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару, мектептер мен барлық өңірлерде өлкетану мұражайларын ашу жоспары тарих, әдебиет, мәдениет ғылымдарын ұштастыра келе ұлт санасында төл тарихты түлететін тарихи құжат болып, өркениет пен мәдениетке өз үлесін қоспақ.

Мұндай оқу-ағарту жұмысында өлкетану мұражайларының орны ерекше. 2019 -жыл жастар жылы екенін ескере келе, жастарға жалынды жігер сыйлайтын бұл мақаланның түпкі қазығы- тарихқа деген құрмет, тағылым. Өткенді саралау, оны зерттеу. Бүгінгі күнімізді бағалай отырып, келешекке көз жүгірту.

Түркі әлеміне бәсекелестік емес ынтымақтастық орнатуды көздеген Көшбасшымыздың мақаласы мені ерекше патриоттық сезімге бөледі, рухтандырып, қанатыма қанат бітіріп, жігерлендірді. Тарих беттерінің ақ-қаралы күндерін қайта парақтап, жарқын болашаққа қиялмен үнсіз ғана сапар шектім.

Болашаққа арналған айқын жоспарлар легін бағамдадым. Өркениеттің ұлан-ғайыр кеңістігінде гүлдене қанат жайып, әлем таныған, жоғарыда көрсетілген алты ірі жобасы жүзеге асырылған, шайдай ашылып, нұр сәулесі шашырап, шуаққа толған, қайта жаңа мәртебеге ие болған күнді көрдім! Ылайым солай болғай!!!

Ф.Әмзеева,
№90 жалпы орта білім
беретін мектебінің 
ғылыми қоғам жетекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.