Қастеев колледжінің шәкірттері Елбасы стипендиясын алды Избранное

Среда, 12 Декабрь 2018 05:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3745 раз

Шымкентте тұңғыш рет колледж студенттері Елбасы Қорының стипендиясына ие болды. Бұл марапатқа Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері – Фатима Кошуак пен Румия Зайсанова лайық деп танылған. Дарынды жастарға Елбасының шәкіртақысы тағайындалып, арнайы марапатты Алматыдан алып қайтты.

IMG-20181210-WA0022

Биыл республикалық конкурсқа еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орны мен өнер колледжерінен 500-ге жуық шәкірт еңбектерін ұсынған. Солардың ішінен талантымен дараланған 80 шәкірт таңдалыпты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүзден жүйріктерді таңдаған конкурсқа қойылған талаптар күрделі болғанымен, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұстаздары даярлаған шәкірттер білімін, талантын көрсете алды.
– Колледж атынан 6 студентіміздің еңбегінен екеуі байқау талаптарының үдесінен шығыпты. Бұл тұста шәкірттердің ғылыми ізденісінен бөлек, қоғамдық жұмыстарға атсалысуы, олимпиадаға қатысқан жетістіктері мен оқу үлгерімі де ескерілген. Шәкірттеріміз өте ізденімпаз. Жан-жақты, облыстық, өңіраралық, республикалық додаларға қатысып жүрген жастарымыз үшін Елбасы Қорының стипендиясына ие болуы үлкен жетістік деп ойлаймын. Екеуі де грант негізінде білім алып жүрген қыздар. Енді олар Президенттің 40 мың теңге шәкіртақысын алады, – дейді колледж директоры Дидар Айдарбеков.

DSC 9934

Фатима Кошуак көркем тоқыма мамандығының 4 курс студенті. Жас қолөнершінің қолынан шыққан гоболен туындылары мен жүннен дайындалған ұлттық бұйымдары конкурста ерекше бағаланған. – Қазіргі жастар ұлттық өнерден алыстап бара жатыр деген пікірге қосылмаймын. Анамның кілем тоқып, киіз басқан шеберлігін көріп өстім. Қолөнер мамандығын таңдауға анамның қолынан шыққан бұйымдар ықпал етті десем, артық айтқандық емес. Ұлтымыздың қолөнер саласын дамытуға үлесімді қосқым келеді. Елбасының стипендиясына ие болуым өнерімді, білімімді шыңдауға шабыт берді, – дейді Ф.Кошуак.
Ал Румия Зайсанова Астанада өткен «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының жеңімпазы. Румиямен Астана қаласынан оралған сәтінде жолықтық.
– Ұлттық чемпионатқа «графикалық дизайн» құзіреттілігі алғаш рет енгізіліп отыр. Алғашында ұстаздарымызбен бірге қатысуға жүрексінгенімізбен, білімімді көрсете алдым. Ал Елбасының қоры стипендиясына графикалық дизайн саласындағы жаңашыл еңбектерімді жіберген болатынмын. Расында мұндай конкурска тек жоғары оқу орындарының студенттері қатысатын болар деп ойладық. Колледж жастарына мұндай мүмкіндік бергеніне ризамыз, – деген Румия жүрекжарды қуанышын жасыра алмады.
Мемлекеттен қолдау көрген дарынды жастар білімдерін Алматы, Астана қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында жалғастыруды мақсат етіп отыр. Айта кетейік, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде бүгінде 600-ге жуық студент білім алуда. Заман ағымына сай қолөнерші, шебер, сәнгерлер мен дизайнерлер даярлайтын колледж – шаһардағы ең үздік оқу орындарының бірі.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.