Оқу гранттары мен жатақхананы қаржыландыру тетіктері дайын Избранное

Пятница, 16 Март 2018 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3526 раз

Таяуда «Хабар» арнасында өткен «Өсімнің бес қадамы» атты арнайы бағдарламада ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттерге қосымша бөлінетін 20 мың грант пен жатақханадағы 75 мың орынның қаржыландыру тетіктері туралы айтып берді.

Еске сала кетейік, бұндай тапсырма «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында берілген болатын. 

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарына қосымша бөлінетін 20 мың грант республикалық бюджет есебінен қамтамсыз етіледі. Бұл қаражат 2018 жылдың қыркүйегінен бастап жыл сайын бөлінетін болады. Соның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтардың бакалавриатына, 5 мыңы – басқа мамандықтар бакалавриатына, 3 мың грант – магистратураға, 1 мыңы – докторантураға бөлінеді. «Ендігі кезекте біз осы жобаны жоғары оқу орындарымен, қоғамдық ұйымдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісуіміз керек», – деді министр «Өсімнің бас қадамы» бағдарламасында. 

Бұдан бөлек, ведомство басшысы жатақхана құрылысын қаржыландырудың алдын ала әзірленген тетіктері дайын екенін де атап өтті. Соған сәйкес жоғары оқу орындары немесе жер учаскелерін иеленген құрылыс компаниялары жатақхана жобасын өздері дайындап, оны бекітіп, кейіннен Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен келісімшартқа отыруы керек. Осы келісімшарт арқылы ЖОО немесе құрылыс компаниясы екінші деңгейлі банктен кредит ала алады. «Жатақхана салынып, қолданысқа берілген соң Білім және ғылым министрлігі ондағы әрбір орын бойынша қаражат бөлетін болады. Ұсынылған жоба бойынша мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия 8 жылға белгіленіп, бір орынға 200 мың теңгені құрайтын болады. Осылайша жиынтық сома бір орынға – бір миллион 600 мың теңгені құрайды. Бұл схема барынша ашық, тараптардың бәрі осыны қолдайды, соны негізге ала отырып, барлық мемлекеттік органдармен келісім жұмыстарын бастамақпыз», – деді Ерлан Сағадиев.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.