Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында өңірімізге 52 850 шетелдік және отандық туристер (былтыр 33 мың турист келген) саяхаттауға келген. Оның 3600-і шетелдік қонақтар.
Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда саяхатшылар 50%-ға көп. Бұл туралы ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының өкілдері хабарлады.
Шетелдік туристерді ежелгі Түркістан, Отырар аудандарының тарихи орындары қызықтырып, олар көбінесе Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелерін аралап жүр. Шетелдік меймандардың біразы Оңтүстікке «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келіп жатыр. Бүгінге дейін шара шеңберінде күнгейге де келіп-кетуді ұйғарған туристердің ішінде Қытай, Үндістан және Сингапур елінің азаматтары да бар. Өңірдегі тарихи орындар, сәулеттік құрылымдар мен ескерткіштерді тамашалау үшін шетелдік қонақтар бірнеше күн жүрген.
Ерекше айта кетерлігі, туристік бағыттардың ішінде Отырар ауданындағы туристерді қызықтыратын этноауыл да бар. Қазақ ауылының аумағында көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысын барынша шынайы қалпында көріп, сезінуге болады. Жылқы мен түйеге мініп, әсем табиғатта серуендеуге, кең даланың таза ауасынан жұтып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға болады.