Көлігің жолда бұзылса, көмекке келер жан бар ма?

Среда, 26 Июль 2017 08:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5428 раз

Жол жүргендер біледі, жарты жолда қалып қоюдың машақатын. Ал көлік жүргізушілер үшін діттеген жерге жете алмай, жол үстінде әуре-сарсаңға түсуден асқан азап жоқ. Көліктің «кеселі» кез келген жерде «ұстап» қалуы мүмкін. Кептелісте, ен далада, үйде, жол бойында, батпақта, тауда, тұрақта... Өйткені, «техниканың аты техника». Мұндай кезде жүргізушілер жолаушы секілді такси ұстап кете де алмайды, жөндейін десе қажетті құрал-саймандары болмай қалады. Бар болса да жөндеудің тілін білмейді. Жаңбыр, аптап ыстық, дауыл немесе аяз болса, тіпті қиын. Олар үшін «Жол азабы – көр азабына» айналады.

526

Көлігім далада қалмасын десеңіз...

Жол мұраты – жету. Алайда, жетер жеріңе жеткізетін темір тұлпардың жолда бұзылып қалу оқиғалары күнделікті өмірімізде жолдың нашарлығынан, ауа райының қолайсыздығынан, түрлі қақтығыс пен апаттардың салдарынан, көліктің белгілі бір менханизмінің аяқ асты сыр беруінен кездесіп жатады. Ол заңдылық та. Ең қиыны жол үстінде бұзылған көліктер кептеліс тудырып, түрлі жол апаттарын тудырады. Осындай кезде «тұлпарың» «есекше» жүрмей, кімге жүгінеріңді білмей дал боласың.

Осы жайтты ескеріп біз де Шымкент қаласынан шақырған жеріңе келіп, көлігіңді жөндеп беретін арнайы мамандарды іздедік. Интернеттен қарап едік, көзімізге ең алдымен Ресейдің «Ангел» деген автоклубы түсті. 22 жылдық тәжірибесі бар көлікке қызмет көрсету кешені сізді кез келген жағдайда да жолда қалдырып кетпейді. Ол үшін қызметкерлердің арнайы көліктері мен құрылғылар бар. Бағасы жасалатын жұмысына, ауыстырылатын қосалқы бөлшегіне, жолдың алыс-жақындығына қарай белгіленеді. Ал өз ісінің тәжірибелі мамандары апта бойы 24 сағат қызмет көрсетеді.

5268

Бізде қалай?

Жол үстінде бұзылған көлікті арнайы автосервис мамандары келіп жөндеп беретін қызмет түрі Шымкент қаласында да бар. Ғаламторды тағы бір шарлап шығып тек Мұрат Калибековті ғана таба алдық. Көлікке қызмет көрсететін өзге мамандарға қоңырау шалып едік, бірі тұтқасын көтермесе, енді бірі ондай қызмет көрсетпейтінін айтты. 

Мұраттың бұл кәсіппен айналысып жүргеніне 8 жыл болыпты. Сондықтан да, оны қалада біраз адам біледі. Көлігімен жол ортасында қалып кетсе, бірден оған хабарласады. Мұрат та мүмкіндігінше көп жүргізушілерге қызмет көрсетуге тырысады. Шақырған жерге өз көлігімен лезде жетіп барады. «Жолға шықсаң сайлан, Бес қаруыңды байлан» дегендей қайда жүрсе де құрал-саймандарын, аккумулятор қуаттайтын құрылғысын және тағы басқа қажетті заттарын тастамайды. Айтуынша, жүргізушілерді көбіне электроника жағы мазалайды екен. Оталмай қалу, аккумулятор отыру, құлыптанып қалған есікті ашу, сигнал дабылын өшіру деген секілді. Қазір Мұратты тек қала ішінде ғана емес аудан, облыс арасындағы ұзақ жолда қалып қойған жолаушылар да шақырады. Тіпті, жақында Тараз, Байқоңыр өңірлерінен де қоңырау шалып жәрдем сұрағандар бар екен. 

– Халық мұндай қызметке біртіндеп үйреніп жатыр. Бұрындары жол үстінде қалып қойса таныс-туыстарына немесе эвакуатороға қоңырау шалып гаражға апаратын. Өздері көлік жөнделгенше жаяу жүре беретін. Ал қазір ешкім бір күн қара жаяу қалғысы келмейді. Сондықтан, бізді шақырып, бірден жөндеп алғанды құп көреді. Кейде бір күнде 4-5 көлік жөндесек, кейде бір көлікті бір күн жөндейтін кездер болады. Есімде ерекше қалған «Пежо» маркалы көлік. Оны маған дейін де бірнеше автоэлектриктер жөндей алмаған екен. Мен де күні бойы темір тұлпардың сырқатын таба алмадым. Кейіннен барып қана белдегі (бабина) бұзылғанын көріп, ауыстырдық, – дейді автокөлік шебері Мұрат Калибеков. 

DSC 8133

Дегенмен, елімізде жол үстінде бұзылған көлікке шетелдегідей үлкен команда болып, кешенді қызмет көрсетпейді Бізде жеке бір адамнан ғана тұратын қызмет бар. Соған сай тек бір ғана қызмет түрі көрсетіледі. Мәселен, көлігіңіз жүрмей автоэлектрикті шақырдыңыз делік. Ол бұзылған көлікті шұқылап көріп, ақауы электр жүйесінде емес, моторында десе, мотористі бөлек шақырасыз. Барлық маман қызметкерлері бір жерге топтастырылған көлікке кешенді қызмет көрсететін орындар өкінішке қарай бізде жоқ екен. Ал Орал қаласында «Шаңырақ» техникалық кешенді қызмет көрсету орталығы болғанымен, олар жолда қалып қойған жүргізушілерге барып қызмет көрсетпейді. Көлігің бұзылып, жолда тұрып қалған жағдайда, қоңырауыңды қабылдап, лезде жетіп келетін, автокөліктің ақауын тауып, техникалық көмек көрсететін арнайы орталық болса, жүргізушілер тығырықтан қысылмай шығар еді. Ол үшін орталық автошебер мамандармен – диагностик, моторист, электрик, механик, тағы басқа кәсіби щеберлермен жасақталып, жан-жақты техникалық қызмет көрсетуге кепілдік бере алатын болуы керек. Мұндай сервистік көмек шетелдерді айтпағанда, көрші Ресейдің қалаларында әлдеқашан қалыптасқан. Демек осындай өркениет қадамдары біздің елімізде де өз жүйесін тапса, жол азабының да мәселесі оңтайлы шешілер еді. Демек, жолда тұрып қалған көлікке «жедел жәрдем» қызметін атқаратын кешенді техникалық қызмет орталығын ашатын кез келді. Сіз бұған не дейсіз, жүргізуші қауым?

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.