ФАБРИКАДАҒЫ БІР КҮН Избранное

Пятница, 14 Июль 2017 06:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5222 раз

bal-tekstil-55
ФОТОТІЛШІ Береке Сейітжаппар

Бал Текстиль» ЖШС халықаралық деңгейдегі отандық тұңғыш кілем тоқыма фабрикасы.
Фабрика 2011 жылы индустрияландыру картасы аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта құрылып, 2013 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанда алғаш рет кілем шығаруды қолға алды. «Бал Текстиль» жылына 5 млн шаршы метр кілем және кілем өнімдерін, сондай-ақ, 4 000 тонна полипропиленді жіп өнімдерін жасап шығарады. Экономикалық аймақтың бірден бір артықшылығы – мұнда орналасқан мекемелер жер, меншіктік және корпоративтік салықтан босатылады.

 

Жіп иіру цехында

Ертеректе «ұшатын кілем» жайлы ертегіні тыңдамай өскен бала жоқ шығар. Ертегідегі екі шеті шашақты, ортасы ою-өрнекке толы кілемдер бүгінде Қазақстанның өзінде өндіріледі. Іске қосылғанына небәрі 4 жыл болған «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының бүгінгі қайнаған жұмысы сонау ертегі әлемінен бір мысқал да кем түспейді.
Кілемнің құрамы екі бөліктен тұрады. Оның бірі – түгі, екіншісі – астары. Бұл екеуіне екі түрлі жіп қолданылады. Жіп иіру цехының өзі ауқымды өндіріс орны. Мұнда тоқымаға қажетті жіптердің «BCF», «Heat-Set», «Frize» түрлері «Oerlikon Neumag» (Германия) машинасында жасалады. Қап-қап полипропилен алдымен ерітіледі. Түрлі түске боялады. Содан соң талшыққа бөлінеді. Өндіріс басында біз біле бермейтін талай құпия бар. Ал фабриканың жіп иіру бөлімінде қызмет ететін Франгиза Хусанова сол құпияны көзбен көріп жүрген маманның бірі.

bal-tekstil-1-55
ФОТОТІЛШІ Береке Сейітжаппар


– Фабрикаға жұмысқа орналасқаныма 5 айдан енді ғана асты. Үйден алып кетіп, жеткізіп салатын көлік қарастырылған. Түскі асымыз да фабрика есебінен төленеді. Айына 85-90 мың теңге жалақы аламын. Жұмыс аса қиын емес. Білмегенімді осында үйрендім. Алдағы уақытта да тәжірибе арттырамын деген ойдамын. Басқа жұмысқа ауысқым келмейді, – дейді ол.
Жіпті қайта өңдеуге дайындайтын Ділдәбек Тұрғанбеков та кәсібін мақтан тұтады.
– Біз Қазақстандағы кілем шығаратын №1 фабрикада жұмыс істейміз. Яғни, отандық өнім өндіреміз. Әр қазақтың шаңырағында отандық екі кілем болса, соның біріне міндетті түрде менің де еңбегім сіңді, – дейді ол.
«Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының атқарушы директоры Жомарт Керімшиев жіп өндірісін іске қосуға арналған екі кезеңде 2,7 млрд теңге қаражат жұмсалғанын айтты.
– Кілемнің түгін тоқитын жіпті өзімізде өндіреміз. Бұл тапсырысты дер кезінде игеруге мүмкіндік беруде. Бұрын сатып алушы ұсынған кілем дизайнына қажетті жіпті шетелде өндіруге 70-80 күн уақыт кететін. Қазір біз кілем тоқуға қажетті жіптердің түр-түсін 15 күнде дайындай аламыз, – дейді Ж.Керімшиев. – Астарға қолданылатын жіп әртүрлі болады. Жібектей жұмсақ кілемнің астарын тоқуға жұмсалатын мақта жіпті қазірше біз Түркиядан сатып аламыз. Көбіне кендірден тоқылатын астар жібін бүкіл әлемнің кілем өндірушілері Бангладештен алады. Онда Үнді мұхитының климатында өсетін кендір ағашынан жіп өндіріп, әлемнің түкпір-түкпіріне тиімді бағамен экспорттайтын әйгілі зауыт бар. Ал өңдеуге арналған басқа да жіптерді , Қытай, Малайзия, Индонезия елдерінен аламыз. Біздің бүгінгі мүмкіндіктеріміз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары.

bal-tekstil-3-55
ФОТОТІЛШІ Береке Сейітжаппар

Кілемдер инновациялық қондырғыларда, дәлірек айтқанда «Michel Van De Wiele» (Бельгия) тоқыма құрылғысында тоқылады. Қоржынында 2000-ға жуық кілем дизайны бар компания аз ғана уақытта халықтың ықыласына ие болып, отандық және халықаралық сапа конкурстарында «Үздік тауар» номинациясымен танылды.


 

bal-tekstil-direktor-55

 

Жомарт Керімшиев,
«Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының атқарушы директоры:

– Бұрын сатып алушы ұсынған кілем дизайнына қажетті жіпті шетелде өндіруге 70-80 күн уақыт кететін. Қазір біз кілем тоқуға қажетті жіптердің түр-түсін 15 күнде дайындай аламыз.
Кілемдер инновациялық қондырғыларда, дәлірек айтқанда «Michel Van De Wiele» (Бельгия) тоқыма құрылғысында тоқылады.  


 


Кілемді кімдер тоқып жүр?

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың колледжінде 6 ай оқып, сертификатпен жұмысқа орналасқан Айбар Отарбай бір жылдан бері тоқымашы қызметін атқарады.

bal-tekstil-2-55
ФОТОТІЛШІ Береке Сейітжаппар


– Техниканың мүмкіндіктері жаңа белестерге алып шыққандай әсер қалдырады. Болашақта осында 4 жылдан бері қызмет етіп жүрген Ақерке Шыныбекова, Нұрсұлтан Әмірбек, Олжас Совет аға-апаларым сияқты мықты кадр болып қалыптасқым келеді. Олжас Түркияның Газиантеп қаласында «Kartal Carpets» кілем тоқыма фабрикасында 4-5 ай кәсіби біліктілігін арттырды. Мен де осы салада білімімді жетілдіріп, жетістіктерге қол жеткізгім келеді, – дейді Айбар.
Кілемдер тоқыма өндірісінен кейін сапа-бақылау бөліміне барады. Мұнда олардың сапасы сұрыпталып, қажетті жағдайда Гүлжанат Мұхамбет сынды сапа бақылаушысының өңдеуінен өтеді.
– Негізгі мамандығым – химия-лаборант. Бұл фабрикаға әпкем шақырып алды. Жұмысқа орналасқаныма 1,5 жыл өтті. Әр түрлі бөлімде жұмыс істеп, кілем өндіру ісін бір кісідей меңгеріп алдым. Осындай ерекше кәсіпті таңдап, отандық өнім өндіруге үлес қоса алғаным үшін қуанамын. Елге қызмет ететін ұжым – менің мақтанышым, – дейді Г.Мұхамбет.
Өңделген кілемдер жуылып, қайта кептірілген соң үтіктеледі. Жцелімделіп, құрғатылады. Бұдан кейін шет-шеті көктеліп, заттаңба қағазы жапсырылады. Мөр басылды, кілем сатылуға дайын!

Отандық кілемді қайдан табуға болады?

Қазақы нақышта тоқылған кілемді шетелден келетін кілемдерден арзан бағаға Қазақстанның барлық аймағынан таба аласыз. Мұнда шығарылатын кілемдер сапасына қарай 15 түрге бөлінеді. «Бал Текстиль» кілем өндіру фабрикасының экспорттық географиясы жылдан жылға артып келеді. Қазіргі таңда Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Франция және Шведтің ең үлкен сауда желісі «IKEA» арқылы Ұлыбритания мен Германия мемлекеттеріне де «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортталуда.

bal-tekstil-4-55
ФОТОТІЛШІ Береке Сейітжаппар

«Бал Текстиль» – тұрмыстық тауарларды сату бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын швециялық «IKEA» ірі компаниясымен келісім шартқа отырған еліміздегі тұңғыш фабрика. Кілем өнімдері аталған мемлекеттердің зертханаларында сынақтан өткізіліп, сапа сертификаттарын алып отырады.
Шымкент қаласының үш нүктесінде – Қонаев даңғылы бойында, «Самал» және «Алаш» базарларында «Бал Текстиль» кілемдерінің фирмалық 9 дүкені жергілікті тұрғындарға қызмет етеді. Бұдан өзге тасымалдау қызметімен айналысатын сауда өкілдері де бар.
Фабрика өз өнімдерін халыққа таныстыру мақсатында жыл сайын 3 күндік көрме өткізетін. Алдағы уақытта фабрика басшылығы өңірімізде өтетін көрмені бес күнге жалғастыруды жоспарлап отыр.

Түйін сөз:

«Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасында өткен бір күнде көптеген ақпаратқа қанықтық. Өндіру ісі бір басқа, мұнда 300-дей адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, фабрика басшылығының демеушілігімен өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Фабрика «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы Жүзімдік ауылында 22 млн теңгеге №5 балалар және жасөспірімдер спорт мектебін қайта жөндеуден өткізсе, 2017 жылы Алматы қаласы, Медеу ауданында 5,8 млн теңгеге балалар ойын алаңын абаттандырған.

Последнее изменение Пятница, 14 Июль 2017 09:03
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.