Фарминдустрияның форматы ұлғаяды Избранное

Среда, 22 Февраль 2017 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4254 раз

Ендігі жерде ел нарығына шығу үшін арнайы GMP стандартынан өткен дәрілерге ғана рұқсат етіледі. Яғни, фармацевтика саласында сұранысты толық көлемде қамтамасыз етуге даяр шетелдік трансұлттық компаниялардың қызметі қатаң бақылауға алынбақ.

news1464158092

Оңтүстік өңіріне арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шымкент қаласындағы фармацевтикалық өндіріс орындарын аралап, сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Нарықтағы әлеуетін зерделеді. Осының негізінде, енді отандық дәрі-дәрмекке сұранысты ұлғайтудың заңнамалық тетіктері дайындалатын болады.

Елдегі фарминдустрия саласында жоғары сапалы өнімдерді дайындайтын «Химфарм» АҚ-ы бүгінде дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін шығарады. Компания өткен жылы 22 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Биыл бұл межені 20 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Зауыт басшысы Рустам Байғариннің айтуынша, кәсіпорын Елбасы тапсырмасына сәйкес, елдегі ішкі сұранысты толық қамтуға қабілетті. 

Арнайы делегация мұнан кейін «ЭкоФарм Интернешнл» ЖШС-де болып, кәсіпорынның алдағы бағыт-бағдарымен танысты. Вакумдық құрал-жабдықтар мен екіжақты ине өндірісін қолға алған бұл серіктестік әзірге ТМД нарығына бірегей өнімдерін ұсына алады. Дегенмен, кәсіпорынның атқарушы директоры Гүлия Жүзенова шығарған өнімдерін экспортқа енді ғана ұсына бастағанын жеткізді.

– 2018 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың дәрі-дәрмектер саласындағы ережелері күшіне енеді. Сондықтан, ондағы өзгерістерге отандық кәсіпорындар дайын болуы қажет. Бүгінде ел нарығындағы отандық өндірістің үлесі 50 пайызға жуықтайды. Осы орайда, салаға қатысты Заң жобасының жаңа тетіктерін әзірлеу арқылы импортқа деген тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев.

Айта кетейік, тек соңғы 3 жылда өңірдің фармацевтикалық әлеуеті 2 есе артқан. Биыл тағы 5 жоба іске қосылмақ. Дегенмен, сала мамандарының айтуынша, мұндағы 836 елдімекеннің 230-да әлі де болса дәріханалардың тапшылығы сезіледі. 

Парламент Мәжілісі бюросының шешімі бойынша құрылған арнайы комиссия ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, медициналық және фармацевтикалық қауымдастықтар мен өңірдегі 18 ірі дәріхана жүйесі басшыларының қатысуымен көшпелі отырысын ұйымдастырды. Жиын барысында кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында серіктестікті тиімді жоғарылату, халықаралық стандарттар мен заманауи технологияларды өндірісте енгізу, тұрғындарды сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар енгізілді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.