ЛИМОННАН – МИЛЛИОН...

Пятница, 13 Январь 2017 09:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5449 раз

Оңтүстіктің бұл өніміне сұраныс жоғары

Күнгей өңір нағыз жылыжайлар отаны екені баршаға аян. Статистика деректеріне сүйенсек, еліміздегі жылыжайлардың 80 пайыздан астамы Оңтүстік өңіріне тиесілі. Бұл – әрине қуанарлық жәйт. Бүгінде жергілікті диқандар таңсық көрінетін цитрус өнімдерін де өсіруді қолға алыпты. Мәселен, кәдімгі тропикалық климатта өсетін лимон біздің өңірде жайқалып өсіп тұр. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы шығар. Осындай шаруамен айналысатын диқан барын естіп, Төлеби ауданы, Кемеқалған ауылдық округіндегі Әңгір ата ауылына бардық. «Береке А» корпорациясы» ЖШС-іне қарасты «Нематулла» шаруа қожалығының берекелі тірлігіне қуанып қайттық.

DSC 3070

450 теңгеден сатылып жатыр

Еңбегін сауып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың ісіне сүйсіндік. Қожалық төрағасы Рахмитдин Мамарахимов үш гектар жерге егілген жылыжайдың бүгінгі жағдайын әңгімелей жөнелді. Сап-сары лимондары самсап, пісіп тұр. Бағасы да қолжетімді: әр келісі 450 теңгеден сатылып жатыр.
Қазір өнімді жинайтын кезең. Мамарахимовтың жылыжайының өнімі биыл алғаш рет терілуде. Лимон ағашы төрт жыл дегенде жемісін береді екен.
– Желтоқсанның он бесіне жинау маусымы басталды. Биыл 20 тоннадай өнім алу жоспарда тұр. Қазірдің өзінде он жеті жарым тоннасы жиналды. Қаңтарда теріп бітуіміз керек. Өйткені, ақпанда күтіп-баптау жұмыстарына кірісеміз: қырқу, оны емдеу шаралары, тыңайтқыш себу, қысымын тексеру, т.б., жұмыстар істелінеді. Сәуірде гүлдей бастайды. Соған дейін дайындық аяқталуы тиіс, – дейді диқан биылғы түсімнің жайын айтып.
Терілген он жеті тонна өнім таратылып кеткен. Корпорацияның өз жұмысшылары, қызығушылық танытқандар таласып-тармасып әкетіп жатыр.
Бір рет дәмін татқандар екінші рет қайта сұрайтын көрінеді. Келешекте көрші облыстарға, тіпті шетелге экспортқа шығару ойда бар.

DSC 3039

«Бір түптен 100 келі алуымыз керек»

Бар қиындыққа төзіп, күн-түн демей өнімді баптап жүрген – өз ұлы Бахритдин. 25 жастағы жігіт бұл кәсіптің қыр-сырын біледі. Әкелі-балалы диқандар шаруашылықты 2012 жылы бастаған. Жыл санап, жылыжайлардың саны көбейіп келеді. Жалпы, мұнда 15 жылыжай болса, оның 4-і бес жылдық. Төрт, үш, екі, тіпті бір жылдықтары да бар. Есеп бойынша бір жылыжайда екі жүз түп лимон өседі екен.
Күтіп-баптау жұмыстарымен таныстық. Бұл жайқалып өсіп тұрған – «Мерей» сұрыбы. Түйін салғаннан кейін тоғыз айда піседі. Қарашаның соңында теріле бастайды.
Жыл сайын қырқу жұмыстары жүргізіледі. Оның негізгісі ақпан мен наурызда атқарылады.
– Жалпы, лимон ағашы сәуірде гүлдеп, түйіндейді. Қазір де гүлдеп, түйін салғаны бар. Жылына төрт рет гүлдейді. Негізінен, наурыздың соңы мен сәуірдің басындағы түйінін сақтап қалу керек. Күзгі өнім алу үшін. Кейінгі гүлдері өзі гүлдеп, өзі түсе береді. Одан кейін, өз уақытысында ауа, жылуын, тыңайтқышын берген жөн. Бәрінің тәртібі бар, – дейді негізгі ерекшеліктерін атап өткен бағбан.
Бір қуантарлығы, тыңайтқыш алыстан әкелінбейді, осы өзіміздің жергілікті өнімдер.
Қызық көріп, бір түп лимон қанша өнім беретінін сұрадық. Ол негізінен жасына байланысты екен. Қырқу жұмыстары дұрыс атқарылса, өнім көлемі жыл сайын қосыла береді. «Бір түп ағаш келешекте жүз келі лимон беруі керек. Жоспарымыз да сол. Қазір 20-30 кг өнім алып отырмыз. Жақын бес жылдың ішінде межеленген жоспарға жетеміз», – дейді шаруа Рахмитдин Мұсаұлы.
Бұл – бейнеті көп тірлік. Бахритдин осындағы көшеттің елу пайызын өзі отырғызып, жетілдірген. Көшеттің жайын дайындаудың өзіне екі жыл уақыт кетеді. Мұндағы қат-қабат шаруаны бес жұмысшы ғана атқарып жүр. Бәрі де қазақ азаматтары екенін естіп, ішіміз жылып қалды.
Еңбекпен көгеріп отырған шаруа бір жылдық табысты есептеп көрді. Келешекте өндіріс көлемі 5 гектарға ұлғайса, шамамен 100 тонна өнімнен 50 млн теңгеге жуық табыс табуға болады екен.
Шығын да аз емес. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың жалпы шығыны 10 млн теңгеге жуықтайды.

DSC 3082

Көп ауруға қарсы тұрар дәрумен

Бізге жылыжай орны неліктен таудың етегінен орын тепкені қызықтырды. Оның себебі мынада екен: Жалпы, лимонарий қара топырақты қажет етеді. Жанында көл болса, тіптен жақсы. Диқандар таудан түсіп жатқан таза суды келешекте осыған бұрып, әкелмек.
Әрине, қиындықты жеңе білсең ғана, жетістікке жетесің. Бастапқыдағы түрлі кедергілер кезіккен. Басқа көк жоқ болғандықтан, төңіректегі құрт-құмырсқалар жылыжайға лап қояды. Соған қарсы тұрудың өзі үлкен мәселе.
Лимонның ерекшеліктері көп-ақ. Мәселен, гүлдей бастағанда бір айға жуық температураны жіті бақылау керек. Егер, бес минут іштегі ауа райы режимі бұзылса бір жылдық өнім зая кетеді. Бұл да диқан айтқан көп сырлардың бірі.

DSC 3072

Қазір іштегі жылылық 5 градус. Қыс маусымында + 5 градустан жоғары болса, жетіп жатыр. Жаз кезінде 35-40 градуста ұстаса болады.
Қышқылтым дәмді лимонның тұмауға қарсы тиімді ем екенін көпшілік білер. Соған қоса, адамның қан қысымын қалыпты ұстап тұрады, тәбетті ашады. Қазіргі жаңа зерттеулер бойынша, лимонмен обырды бастапқы сатысында емдеуге болады екен.
Келешекте шаруашылықты бұдан да кеңейтіп, апельсин, мандарин егу жоспарда тұр. Көшеттеріне Өзбекстанға тапсырыс беріп қойыпты. Олардың лимонға қарағанда нәзік тұсы көп. Бірақ, болашақта оны да қолға алмақ. Оның бәрі табанды еңбекті талап етеді. Қомақты қаржы керек.
Рахмитдин Мұсаұлының айтуынша, мемлекеттен әзірге бұл жеміс түрін өсіруге қолдау болмай тұр. Лимонарийға субсидия берілмейді екен. Бұл әрине шағын бизнес есебінде жүріп жатыр. Болашақта Үкімет тарапынан қолдау болар деген үмітте екендіктерін де айтып қалды.

 

Атакәсіпті одан әрі дамытпақ

Мамарахимовтар отбасы Өзбекстанның Ташкент облысы, Янгиюль ауданынан көшіп келген. Негізінен, бұл кәсіпті әкесі Мұсадан үйреніпті. Өзбекстанда тұрған кезінде он соттық жерге лимонарий орналастырып, оны өсірудің қыр-сырына қанығыпты. Атажұртына келгеннен кейін үйренген шаруашылықты қайта қолға алып, дамытуды мақсат етіпті.
Бахритдин бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Заңтану» факультетінде 4-курста оқиды. Әрі білім алады, әрі кәсіп үйреніп, еңбек етеді. Бәріне уақыт тауып жүрген жігіттің тұрмыс-тіршілігі де түзу. Уақытында жалақысын алады, астында қызметтік көлік, енді неге жұмыс істемеске?
Ұлы ақын Абай «Әуелі бір Аллаға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді. Рас, талап қылғанға, ниет еткенге жұмыс табылары анық.
...Біз кетуге жиналып жатқанда қоңырау соғып, мазалаушылар көбейді. Сірә, өнімге сұраныс айтып, саудаласып жатқандар болса керек.

DSC 3093

Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.