Тіркеу тәртібі қалай жүзеге асады? Избранное

Среда, 11 Январь 2017 07:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5031 раз

Өткен жылдың аяғында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойылды. Жаңа Заңнамадағы уақытша тіркеу туралы өзгерістер қоғамда қызу талқыға түсті.

DSC 3335

Ол қандай өзгеріс еді?..

Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының барлығына ортақ. Ал саяхатшылардан, ел аумағында бір облыстан екінші облысқа қонақ болып, демалыста жүргендерден уақытша тіркеу талап етілмейді. Тұрғылықты мекенжайы бойынша тез арада тіркеуге тұру жайлы ОҚО ІІД Көші-қон полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрдәулет Төлегенұлы түсініктеме берді.
– Ескеретін бір нәрсе бар. Білмейтіндер «Жаңа Заң шықты» деп дабыл қағуда. Бұл – жаңа Заң емес, бұрынғы Заңға аз ғана өзгеріс енгізілді. Мәселен, бұған дейін азаматтардың үш айдан артық тіркеусіз тұрғаны анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатын. 10 күннен 3 айға дейін ескерту берілетін. Ал қазіргі енгізілген өзгерістерге орай, 3 ай мерзім 1 айға қысқартылды. Алғашқы 10 күн азаматтарға – жолға шығуға, мүліктерін жеткізуге және жайғасып алуға қажет болуы мүмкін екендігі ескерілді. Сондықтан заңды түрде ескерту жасалады. Ал тіркеуге тұру үшін тағы 20 күндік мерзім бар. 1 айда тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмеген тұрғын 7 АЕК көлемінде (15 883 теңге) айыппұл төлейді.

«Тіркеу» – мүлік құқығына иелік бермейді

Бұрынғы кезде үйде тіркеуге алынған тұрғындардың барлығы сол үйдің меншігінен үлескер болатын. Мысалы, пәтерді (үй, жылжымайтын мүлік) сату үшін тіркеуге алынған азаматтардың барлығының келісімі болуы шарт еді. Қазір олай емес. Тіркеу (регистрация) – тіркелу (прописка) емес. Меншік иесі уақытша тіркеуден кез келген сәтте босатуға құқылы. Бірақ, пәтерін (үйін, баспанасын) жалға бергенде, сол мекенжайға міндетті түрде пәтер жалдаушыны тіркеуі тиіс. Өйткені, Заңдағы өзгерістер меншік иесіне де бағытталған.
– Бұрын үйлерді, пәтерлерді жалға берушілерге баспанасын жалға алушыларды тіркеуге тұрғызу міндеттелмейтін. Бұдан былай үйін жалға алғандар үшін пәтер иесі де жауапты. Белгілі мерзімде тіркеусіз тұрғындар үшін үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК, яғни 22 690 теңге айыппұл төлейтін болады, – дейді полиция полковнигі.

Әлеуметтік саладағы кезекті сақтай аласыз

– Сіз алматылықсыз делік. Шымкентке бірер жылға ғана қызмет бабымен келдіңіз. Алматы қаласында тұрғын үй кезегіне тұрдыңыз. Балабақша кезегінде... Егер сіз ондағы мекенжайыңыздан тіркеуден шықсаңыз, кезегіңізді жоғалтатыныңыз белгілі. Бірақ, сіз ол жақтан тіркеуден шықпай-ақ Шымкенттегі тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша жеке куәлігіңізбен уақытша тіркелесіз. Ал түрлі сала бойынша кезегіңіз сақтала береді, – деп түсіндірді
Н.Төлегенұлы.
Бұл ретте ауыл-аудандардан келген студенттер мен өзге облыстан қызмет бабымен ауысып келгендер негізгі тұрғылықты мекенжайы бойынша, тұрғын үй, жер, балабақша, портал, өзге де түрлі кезектерінен айырылып қалмайды.

«Өзім бармасам болады ма?»

Жоқ, тіркелуші міндетті түрде баруы тиіс. Бүгінде ХҚКО-ның азаматтарды уақытша тіркеуге алу жұмыстары –10-15 минутта аяқталады. Ал ақысы – 227 теңге. 7 қаңтардан бері шымқалалықтар уақытша тіркеуге тұруды қолға алды.

– Уақытша тіркеуге алынатын азаматтардың өзі баруы шарт. Сондай-ақ, тұрғынжай иесі қатысуы немесе оның сенім хаты болуы міндетті. Егер ол 3-4 айдан соң басқа пәтерді жалға алса, сол мекенжай бойынша уақытша тіркеу туралы мәліметтерін қайта жаңартуы тиіс. Жаңа мекенжай туралы деректер жеке куәліктердің чипіне және ІІМ-нің электронды ақпарат жүйесіне ендіріледі. ҚР Әділет министрлігінің жеке азаматтар жайлы мәліметтерінің мемлекеттік базасына түседі, – деді Н.Төлегенұлы.

Уақытша тіркеуге тұру туралы заңнамалық өзгерістер 7 қаңтардан бастап күшіне енді. Осыған байланысты ХҚКО қызметіне жүгінуші қала тұрғындарының саны күрт артып, орталықтар тәулігіне 12 сағат жұмыс істеуде. Тіркеуге алу таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Шымкент қаласындағы ХҚКО бөлімдерінің тізімі:

№1 бөлім – Мәделі қожа көшесі, 1Г;
№3 бөлім – Жангелдин көшесі, 13А;
№4 бөлім – «Күншығыс» шағынауданы, 116/1;
№5 бөлім – «Нұртас» шағынауданы, 24/1
№6 бөлім – «Сайрам» тұрғын алабы, Ибрагим ата көшесі, н/ү.

ЭЦҚ көмегімен ХҚКО-ына бармай-ақ, электронды түрде мекенжай бойынша тіркелуге болады. Мерзімді ұмытпаңыз. Егер тіркеуге үш ай мерзімге уақытша тұрсаңыз, үш айдан соң автоматты түрде тіркеуден шығарыласыз. Өйткені, тіркеу – уақытша. Тез арада мекенжайыңыз туралы деректерді нақтыламасаңыз, айыппұл төлеуіңіз әбден мүмкін. Ал жеке баспанаңыз болмағанымен оқу немесе жұмыс бойынша келіп, тұрақтап қалу өз еркінде. Азаматтар тұрғылықты мекенжайынан тіркеуден түбегейлі шығып, екінші бір мекенжайға тұрақты түрде тіркелуіне де болады. Бастысы, қайда жүргеніңіз құқық қорғау мекемелеріне мәлім болуы тиіс.

Жаңалықты пайдаңызға жаратыңыз

Көші-қон полициясы азаматтардың тіркеуге тұру жұмыстарына мекемелерді де атсалысуға шақырады.
Бәлкім, жаңалықты шошына қабылдамай, пайдалы жағын алған да дұрыс шығар. Пәтер жалдаушыны жиі ауыстырып, уақытша тіркеуге тұрғыза беру үй иесіне де қол емес. Яғни, пәтер ауыстыруда тұрақтылықты қалыптастыру мүмкін. Уақытша тіркеуді бірден ұзақ мерзімге жасауды келісуге де болады. Мерзім біткен соң міндетті түрде, уақытша тіркеуге қайта өту керек.
Ал ең бастысы, кез келген ата-ана перзентінің қай мекенжайда тұратынын білетін болады. Мұның бала тәрбиесін бақылауда да, оның қауіпсіздігіне қамқорлық тұрғысынан да пайдасы көп.

 

Нұркөз ЖАҢАБАЕВ,
қалалық мәслихат депутаты:

– Адам өз үйінде кім бар, кім жоғын сұрап, отбасы мүшелерін түгендеп отырады емес пе? Мемлекет – үлкен отбасы. Елде кім бар, кім жоқ екенін қадағалап, тұрғылықты мекенжайы бойынша әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген заңнамалық өзгерістерді қолдаймын. Тіпті, халық жаппай қолдау танытса, бұл жақсы тәртіп. Бірақ, кез келген өзгеріс кезінде адамдардың наразылығын тудырмау қажет. Неге наразы? Сол жағы ескерілуі тиіс. Сұрақтары болса, олармен жақынырақ кездесіп, түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілуі керек. «Заң қабылданды, қаласаң да, қаламасаң да осылай болады» деуге болмайды. Бұл адамның санасына мәжбүрлеу сияқты әсер етеді. Сұрақ қойылуы және оған тиісті мамандар тарапынан жауап болуы шарт. Уақытша тіркеудің пайдасы бар ма? Ұтатыны қайсы? Тәртібі қандай? Түсінбеген сұрақтарына мейлінше салиқалы жауап алса, халық та қолдайды. Сондықтан, әсіресе, ХҚКО қызметкерлері сұрақ қойған әр адамға дұрыс әрі түсінікті тілде айтып бергені құба-құп. Бір сұрақты он, тіпті, жүз адам айналып келіп қойса да шыдамдылық танытудан жалықпай, насихаттық жұмысқа оң үлесін қосса болғаны.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.