Ұрпағы ұлықтаған тұлға Избранное

Среда, 11 Январь 2017 06:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9081 раз

d.konaev 3 1Дінмұхамед Қонаев дегенде халық арасында кең таралған бірнеше сөз орамдары еске оралады. «Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан төмен екенімді ешқашан ұмытқаным жоқ!». «Бар қазақ баласы – менің балам!». Иә, Димаш ата қанша биіктесе де, өзінің қарапайым қалпын сақтаған. Өмірінде жиһаз орнына кітап жиып, көлік орнына көптің қасынан табылып, сыйға алған сыйлықтарын, қаржылай марапаттарын балалар үйіне өткізіп отырған. Қарапайымдылығымен қатар аса қанағатшыл жан болған. Алматы қаласындағы қазіргі Абылай хан даңғылы мен Бөгенбей батыр көшесінің қиылысындағы үш қабатты үйден шығып, Үкімет үйіне жаяу бара жатқан Қонаевты көргендер аз емес. Ондай естеліктер көптеп айтылады.
Жалпы, Дінмұхамед Ахметұлы іспетті дара тұлғаның есімі елімізде қалай дәріптеліп жүр? Біз бүгін осы сауалға жауап іздемекпіз. Республика бойынша Алматыда, сосын Шымкентте мұражай ашылған. 1994 жылдың 24 ақпанында ҚР Президентінің «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысы жарияланып, онда елін сүйген ердің Қазақстанды өркендету жолындағы еңбегін ерекше бағалай отырып, Алматы қаласынан оның мұражайын ашу жөнінде тапсырма берілді. Ұлы тұлғаның 90 жылдығына орай 2002 жылдың қаңтар айында мұражай өз есігін ашты.

♦ Тарихтан сыр шерткен

Алматыдағы мұражайдың ерекше құндылығы – мемориалдық пәтер-мұражайының толықтығында және ауқымының кеңдігінде. Мұнда сақталған жәдігерлер Дінмұхамед Ахметұлының дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай дем алып, нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. М.Төлебаев көшесіндегі «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-мұражайы» – бұл өткен тарихымызбен таныстыратын орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгері.
Шымкентте Қонаев даңғылының бойында халқына қадірі артқан қайраткердің мұражайы орын тепкен. 1997 жылы Д.А.Қонаев қоры құрылып, сол Қордың ісін жандандыру мақсатында 2005 жылы мұражай ашылып, пайдалануға берілген. Бүгінде екі экспозициялық залдан тұратын мұражайда 300-ден астам фотосурет пен Қонаевтың көзі тірісінде пайдаланған заттары бар.


d.konaev 3 2

12 қаңтар – мемлекет қайраткері Д.А. Қонаевтың туғанына 105 жыл


Мұражайдағы құнды жәдігерлердің бірі – шапан. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының иығынан тастамай, киіп жүрген шапаны. Димекеңнің ішігі мен костюм-шалбарын осы мұражайдан көруге болады. Іссапарға шыққанда қолына алып, жанынан тастамаған шабаданы да осында. Іздеген жан Димаш ағаға берілген орден-медальдар мен тарту сыйлықтардың да бір парасын қаламыздағы Қонаев мұражайынан табады. Бұл жәдігерлердің денін Алматыдағы Д.А.Қонаев мұражай-үйі сыйға тартқан. Облыс жұртшылығы арасында «осы заттың Димекеңе қатысы бар еді» деп жәдігерді өздері әкеліп, мұражайға өткізгендері де болыпты. Мұражайдың байлығы – фотосуреттер.
Тоғыз жылдай бұрын мұражайда кітапхана ашылған. Бас-аяғы 1000 данадан асатын кітаптардың денін Дінмұхамед Қонаев туралы зерттеу еңбектері мен тарихи кітаптар құрайды. Том-том дүниелер арасынан Димаш атаның өз авторлығымен жарық көрген кітаптарының қоры да жетерлік. Бірақ, «мұның барлығы төбеден аққан су тисе бар игі іс құрдымға кете ме» деп алаңдайды мұражай қызметкерлері.Осы орайда ОҚО Д.А.Қонаев қоғамдық қорының төрағасы Асанбай Әлсейітті сөзге тартқан едік.

asanbai alseit– Облыстық Д.А.Қонаев қорының негізгі күнкөріс көзі – «Аталар сөзі» газеті. Осындағы 8 адамның жалақысы мен мұражайдың коммуналдық қызметінің шығыны газеттен түскен қаржы есебінен өтеледі. Кезінде газет таралымы 15 мың данаға дейін көбейген екен. 2015 жылы мен басшылыққа келген кезде таралымы 1400-ге дейін төмендеп кетті. Былтыр таралымды 6 мыңға дейін көтердім. Әлі де таралым санын арттыру жолдарын қызу қарастыру үстіндемін. Мәселен, ел аумағында Мәдениет министрлігіне тіркелген 5500 кітапхана бар екен. Ал Білім министрлігінде 4500 ірілі-ұсақты кітапхана тіркелген. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде республика бойынша 4700 Ұлы Отан соғысының ардагері тіркеуде тұрады. Солардың әрқайсысы бір данадан жазылса да, бізге айтарлықтай үлкен көмек қолын созған болар еді.
Мұражайдың күрделі жөндеу көрмегеніне 10 жылдан асты. Ол үшін 10 млн теңгедей қаржы қажет болып тұр.
Д.Қонаев Мәскеу түсті металлургия институтын қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Балқаштағы Қоңырат кентінде, одан кейін Өскемендегі Риддер кенішінде жұмыс істеген. Мұражайды жандандыру жұмыстарына қаржылай көмекті Димекең қызмет етіп, тер төккен орындардан сұрап жатырмын. Директорлар кеңесінде бұл мәселені қарап, кейіннен жауап беретінін айтты. Қонаевтың кезінде ел бойынша 43 қала салынған. Соның 5-еуі біздің облыста, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Леңгір, Кентау қалалары. Осы 5 қаланың басшысына ресми хат жолдадым. Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарының әкімдеріне ресми хатпен шықтым.
Мұражай мен «Аталар сөзі» газетінің электрондық нұсқасын жасасам деймін. Ғимаратымыздың сыртындағы Димаш атаның портретінің орнына электронды LED экран ілсек. Есіктің алдына гүл, тал егіп, шарбақ жасап, су, электр жүйесін орнатсақ дейміз. Ендігі тірлік – уақыт пен қаржының еншісінде, – дейді Асанбай Мейірбекұлы.

 

Мүсіндер мен ескерткіштер

Республика бойынша Дінмұхамед Ахметұлына арналған кеуде-мүсін, яғни, ескерткіш-бюст бірнеше облыс, қала орталықтарына орнатылған. Алматы облысында Қонаевқа арналған үш ескерткіш бар. Олар Талғар ауданы, Гүлдала ауылында; Балқаш ауданы, Желтораңғы ауылында; Алакөл ауданы, Үшарал қаласында орын тепкен. Ескерткіш-бюст Алматы қаласында Бөгенбей батыр мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы гүлзарда бар. Бас хатшы М.С.Горбачевтің басшылығы кезінде осы ескерткіш «алынып тасталмақ» болады. Сол уақытта ақын
Олжас Сүлейменовтің тікелей араласуымен Қонаевтың Алматыдағы ескерткіші құлатылмай, аман қалған. Кеуде-мүсінді Тараз қаласынан да кездестіресіз. Сосын Шымкентте, Қонаев пен Тәуке хан даңғылдарының қиылысында Димаш атаның бюсті тұр. Бірақ, мұның барлығы – аңыз тұлғаның тек кеуде-мүсіні. Қарап отырсақ, ел аумағында Д.Қонаев өмірден қайтқалы 25 жылға жуықтаса да, әлі күнге бірде-бір ескерткіш жоқ екен. Тұранның текті ұлына арнап, осыдан бес жыл бұрын Шымкент қаласында тұратын Ержан Қалдыбаев деген азамат өз қаржысына еңселі ескерткіш жасатыпты. Д.Ахметұлының замандасы, саяси қайраткер Асанбай Асқаровпен қатар тұрған ескерткішті жасау үшін Мәскеу, Бішкек пен Нүкістен арнайы мамандар тартылған. Тұғыртағымен қоса есептегенде биіктігі 7 метрді құрайтын ескерткіш мыстан жасалыпты. Облыс және қала басшылығы бұл ескерткіштің жасалып, дайын тұрғанынан хабардар.


erzhan abdimalikuly– Ескерткішті орнатуға қала әкімінің рұқсат қағазы болғанымен, оны тұғырға қондыруға мүмкіндік болмай тұр. Мәдениет және спорт министрлігінің Үкіметаралық комиссия отырысының рұқсат қағазы жетіспей жатыр, – дейді Ержан Әбдімәлікұлы. Елжанды азаматтың мақсаты – осы еңселі ескерткіш арқылы халқының санасына ой салып, тау тұлғаның тарихтағы айрықша орнын бедерлей түсу.

 

Бір әннің тарихы

Қонаев есімі қоғамда дәріптеліп-ақ келеді. Қазақ ән қоржынында тұғыры биік тұлғаға арналған әндер баршылық. Солардың бірі де бірегейі – «Димаш аға» әні. Композитор жерлесіміз Айжігіт Асановтың туындысы елімізге танымал әнші Әбдіхан Нұрмағамбетовтің орындауында ерекше әсерлі. Әннің шығу тарихын сазгердің өзі былай баяндап берді:
– Дінмұхамед Ахметұлының 95 жылдығы қарсаңында, 2006 жылы Д.Қонаев қорының қызметкері Арынбек Ойшиев маған келіп «облыстық ән байқауын ұйымдастырсақ» деген ұсыныс жасады. Мұражайда қызмет ететін Әбубәкір Сейдуәлі деген ақсақалдың «Димаш аға» деген өлеңін қалдырып кетті. Өзімнің де көкейімде бір мұңлы әуен жүретін еді. Әбубәкір ақсақалдың өлеңін оқысам, әлгі әуен тіліме оралды да, бір-бірімен тамаша үйлесе кетті. Сол кезде Оңтүстіктегі мықты ән әрлеушілердің бірі Дмитрий Андропов еді. Ә дегеннен соған бардым. Ол әнді әрлеп берді. Бірақ, революциялық ұранға шақыратындай, екпіндетіп жасаған екен. Сосын әнші іздедім. Әннің екі октаваның көлеміндей ауқымдылығы бар. Сөйтіп елімізге танымал әнші Әбдіхан Нұрмағамбетовке ұсындым. Ол да бірден ұнатып, аттай қалап алды. Бірақ, ол Дима Андроповтың әрлеуіндегі нұсқаны ұната қоймады. Ұлттық калорит жетіспей тұр еді. Асхан Жақыпов деген басқа ән әрлеушіге бір күнде жасаттық. Қобыз, домбыра, аккардеонның сүйемелдеуімен тірі дауыспен қайта жаздырттық. Ән екі аптада дайын болды. Сол жылы Димекеңнің туған күні қарсаңында байқауда орындалып, қазылар алқасының шешімімен «ең үздік ән» деп танылды. aijigit asanovБұл ән содан бері шырқалып жүр. Дегенмен, кең көлемде айтылмайды. 2007 жылы облыстық мәдениет басқармасы жаңа әндердің ішінде «Димаш аға» әнін «Ең үздік ән» деп тапты. Одан кейін бұл әнді халыққа кеңінен таныту мақсатында Алматы облысының әкімдігі, Мәдениет министрлігі және Қазақстан Композиторлар одағы ұйымдастырған «Мұқан Төлебаев атындағы республикалық әндер байқауына» қатыстырдым. Сол жерде бағы жанып, тағы да жүлделі болды. Содан Қазақ радиосы бұл әнді сұратып алып, Д.Қонаевтың туған күні, қайтыс болған күнінің қарсаңында бір-екі рет берді. Сөйтіп, «Димаш аға» әні «Қазақ» радиосының Алтын қорына енген. Ән бірді-екілі айтылғаннан көпшілікке жете бермейді. Тек туған күні мен қайтқан күнінде беру өте аздық етеді. 2009 жылдары радиода бірді-екілі шырқалғанмен, кейіннен естіген жоқпын, – дейді Айжігіт Қалмырзаұлы.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.