Оқушылар мектепке тегін қатынайтын болды Избранное

Пятница, 02 Декабрь 2016 10:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6302 раз

okushylar tegin 1

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай көптеген игі шаралар атқарылуда. Шымкент қалалық әкімдігінің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Сонау 1950 жылы іргетасы қаланған ғимараттың жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстың сапасын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев пен Ғабидолла Әбдірахымов тексеріп, нысанды аралады.

Бұл ғимаратқа бүгінде әл-Фараби аудан аппаратымен қатар қалалық білім бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де орналасқан. Жаңа нысанның ашылуымен бірге облыс, қала басшылары қала мектептеріне оқушы тасымалдаумен айналысатын 19 жаңа автобусты табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа көліктердің кілтін мектеп директорларына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев табыс етті. Енді 3000-ға жуық оқушы мектепке тегін тасымалданатын болады.

   Айтулы мерекеге орай біздің балаларымыздың қамын ойлап, су жаңа автобустар тарту еттіңіздер. Сол үшін жалпы ата-аналардың атынан алғысымды білдіргім келеді, -деді Балтабай Райымбеков. №89 мектеп-лицейінің директоры Қасымбай Атабаев та аймақ басшыларына ризашылығын жеткізді.

okushylar tegin 3

«Бұл жұмыс осымен тоқтап қалмайды. Ары қарай да біз балаларға, балалар болашаққа жұмыс істейтін болады. Ең бастысы, әділет пен сапа болсын. Елбасының әнеугүні айтқан сөзін бәріміз де естідік. «Білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз керек!» Оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алайық! Бір миллионға жуық халқы бар өңіріміздің бет-бейнесі әсіресе білім саласынан көрініс табары сөзсіз. Біздегі оқулықтар жаман емес. Тек соны жақсылап үйрететін ұстаздар қажет. ТІМS деген халықаралық бағдарламалар орталығы бар. Оған дүниежүзінің алпауыт елдері мүше. Біздің балаларымыз сол орталықта математика пәні бойынша – 12 орында, ал табиғаттану пәнінен – 8 орынға шыққан. Бұл, меніңше, өте жақсы көрсеткіш. Сіздердің тәуелсіздікке ең бағалы сыйлықтарыңыз, ол – сапалы білім», -деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

okushylar tegin 2

Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева: «Мектептер бұрындары соңғы үлгідегі компьютер, техникамен қамтылатын еді. Ал мынадай су жаңа көліктермен бірінші рет қамтылып отыр», -деді. – Бұл тек ұстаздарды ғана емес, ата-аналарды да айрықша қуантуда. Бүгінгі күні Шымкент қаласында 168 000 оқушы білім алып жатыр. Қала аумағы кеңейіп, жаңа елдімекендер қосылуда. Соған байланысты жаңадан қосылған 6 елдімекендегі 3000-нан аса оқушыға мектепке келу жағдайы қиындады. Әрине, осы бағытта қаржы бөлініп, жаңа автобустарға қол жеткіздік. Бұл бізге ауадай қажет дүние еді. Бұған дейін жеке меншік мекемелермен келісімшартқа отыратынбыз. Қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін. Енді жаңа автобустың қызмет көрсетуі де, жүргізушісі де тікелей мектептің қадағалауында болады. Бала өмірінің қауіпсіздігі – басты нысанада. Қаланың көрікті, тарихи жерлерін аралағанда бұл автобустар өте тиімді әрі білім, тәрбие беруде де көмегі көп болатынына сенімдімін. Осы автобустармен қаладағы мектеп тасымалының мәселесі толығымен шешімін тапты.

Последнее изменение Пятница, 02 Декабрь 2016 11:23
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.