×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Құтқарушы болу – ердің ісі

Пятница, 21 Октябрь 2016 08:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5708 раз

Дәстүрге сай, 19 қазанда – еліміздің құтқарушылары кәсіби төл мерекесін атап өтеді. Яғни, қазақстандық құтқару қызметінің құрылғанына биыл 21 жыл толды. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласында уәкілетті орталық ретінде атқарушы орган құрылды.

ui2

Статистикалық деректер көрсеткендей, 2016 жылдың 9 айында облыс аумағында табиғи және техногенді сипаттағы жалпы саны 934 төтенше жағдай орын алған. Өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,8 пайызға төмендеген.
Орын алған келеңсіздіктердің салдарынан 449 адам зардап шегіпті. Оның 142-сі қайтыс болған. Залалдан келген материалдық шығынның жалпы көлемі 1 миллиард 588 миллион теңгені құрады.
Орын алған төтенше жағдайларды ауыздықтау мақсатында департаменттің жедел қызмет тобы 5300 мәрте оқиға орнына жетіп, 89 адамды қауіптен арашалап алыпты. Сол маңдағы 1269 адам қауіпсіз орындарға көшірілген.

Бейбіт күннің батырына баланған

«Тілсіз жаумен» күресіп, төтенше жағдайлармен арпалысу – құтқарушылардың күнделікті қызметі. Қажетті де қатерлі іске асқан тәуекелділікпен ұмтылады. Алға қойған негізгі міндеті – құтқару, сақтау және қорғау. Осындай жандардың қажырлы іс-әрекетінің нәтижесінде, аман қалған адамдар қаншама...
Жалпы, төтенше жағдайлардың салдарын жою барысында өңір құтқарушылары бірқатар ірі операцияларға белсене атсалысты. Осы орайда, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде өз қызметтік міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарған Жедел-құтқару жасағының бес қызметкері мемлекеттік наградаға ұсынылды. Атап айтқанда, Г. Дүйсенбаев, М. Құдайбергенов,
М. Мейірбеков, С. Аширов,
А. Ташев «Ерлігі үшін» медаліне ие болған. Бұдан бөлек, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде ерлігі мен өжеттілігін танытқан жедел-құтқару жасағының басшысы М. Түкманбетов «Төтенше жағдайлар жүйесіне енбегі сіңген қызметкер» ІІІ дәрежелі медалімен, Т. Байсариев «Төтенше жағдайлар жүйесіне енбегі сіңген қызметкер» кеуде белгісімен, Қ. Нұсқабаев «Төтенше жағдайлар қызметіне қосқан үлесі үшін» ІІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде жалпы саны 2100 азамат өзіндік тәуекелі мен қиындығы мол осы салада қызмет етіп жүр.

Біліктілік – басты талап

uii1Мамандардың берген мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 19 химиялық қауіпті нысан бар. Сонымен қатар, облыс аумағы 5-8 балдық жер сілкінісі орын алуы мүмкін аймаққа жатады. Бұл қатарда, Шымкент қаласының халқы географиялық сипаттамасына қарай күрт континентальды климатқа, гидрологиясы және жоғарғы сейсмикалығына, ыстық және құрғақ жаз бен қатты желге, өзге де бірқатар табиғи өзгерістерге бейімделген.
Жерасты су деңгейлерін төмендету үшін қала аумағында жалпы саны тік доғалы 29 бұрғы жұмыс істейді. Дегенмен, көктем кезінде мол жауын-шашынның және мұз бен қардың еруі салдарынан тұрғын үйлердің ауласын су басуы ықтимал. Әдетте, су тасқыны және су басу құбылыстары наурыздан мамыр айына дейін жалғасады. Бұл ретте, мамандар су тасқындары мен су басу қаупін туындатуы ықтимал өзендер мен каналдар қатарына Бадам, Қошқар ата, Қарасу өзендері және Шымкент, Жаңа-Шек, Жаңа-Бай, Бадам магистралдарын жатқызады.
Бүгінде өңірлік «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің штаттық құрамында 73 қызметкер, 4 құтқару станциясы, 4 құтқару бекеті жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Шардара», «Бадам», «Тоғыс» су қоймалары мен «Тұлпар» жасанды көлінде, сондай-ақ, Сырдария, Арыс және Қошқар ата өзендерінің кейбір бөліктерінде судан құтқару қызметінің құрылымдық бөлімшелері құрылған. Аталған бөлімшелер суға шомылу маусымы кезінде үздіксіз жұмыс атқарады. Құтқарушыларға жергілікті орындарда кәсіби дайындықтан өткен 163 ерікті құтқарушы қосымша көмек көрсетеді. Жаз мезгілінде балалардың сауықтыру лагерлеріне барып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы сабақтар, түсіндіру шаралары, сондай-ақ, практикалық көмек беріледі.
– Жалпы арнайы дайындық жоспары бойынша жеке құрамның жалпы дене шынықтыру жұмыстарына үлкен назар аударылады. Апта сайын тренажер залында жаттығулар өткізіліп, кросс жүгірулер, кешенді күштік жаттығулар орындалады. Құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында республикалық оқу-тәжірибе курстарына жиі жолдап отырамыз, – дейді ОҚО ТЖД басшысының міндетін атқарушы, полковник Батырғали Сопбеков.
Жасақтың басшылық құрамы жеке құрамға күнделікті алғашқы медициналық жәрдем көрсету, байланыс құралдары, арнайы құтқару жабдықтары, апаттық-құтқару аспаптары, сүңгуірлік, химиялық дайындық, түрлі рельефтерде іздестіру-құтқару жұмыстары және тағы басқа да дисциплиналары бойынша оқу сабақтары жүргізіледі.
Жеке құрамның дайындығын нығайту және климатқа сай бейімдеу мақсатында тауға шығу жұмыстары өткізіледі. Сонымен бірге, зардап шегушілерге алғашқы көмек көрсету, көлік құралдарын дұрыс таңдау, дене шынықтыру дайындығы және байланыс құралдарымен жұмыс атқару білімдері тексеріледі.

ӨҢІРЛІК ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАСАҒЫНЫҢ ШҰҒЫЛ ОПЕРАЦИЯЛАРҒА ШЫҒУ КӨРСЕТКІШТЕРІ

2001 жыл – 264 шұғыл операция, 5 адам құтқарылды, 1100 адам қауіпсіз орынға көшірілді

2002 жыл – 334 шұғыл операция, 287 адам құтқарылды.

2003 жыл – 789 шұғыл операция, 204 адам құтқарылды, оның ішінде 77-і жас балалар

2004 жылы – 622 шұғыл операция, 154 адам құтқарылды, оның ішінде 85-і жас балалар

2005 жылы – қыс маусымында қар құрсауынан 62 техника шығарылып, 430 адам қауіпсіз орынға жеткізілді.

2006 жылы – 944 шұғыл операцияға шықты

2007 жылы – қыс маусымында қар құрсауынан 183 техника шығарылып, 1978 адам қауіпсіз орынға жеткізілді.