Еңбектің көрігін қыздырып... Избранное

Пятница, 17 Июнь 2016 06:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4783 раз

Көше бойында аспан түстес форма киген, гүл баптап, суарып, топырақ қопсытып жүрген жастарды көзіңіз шалған болар. Бұлар еңбекқор студенттер. Жаз бойы үйде жатып алмай немесе басқа шаруаға бет бұрмай қаланың гүлденіп, көркеюіне үлес қосуға шешім қабылдап, «Жасыл елде» еңбектеніп жүр.

 MG 3552

«Жасыл ел» жасақтары құрылған осы 11 жыл ішінде республика бойынша 250 мыңға жуық жас 100 гектар жерді абаттандырып, 50 млн-дай ағаш еккен. Биыл бұл көрсеткіш тағы да еселенбек. Өйткені облыс бойынша 1700 студент «Жасыл елде» жаз бойы жұмыс істеуге ниет білдіріпті.

Бір топ жасты Шымкенттегі Төлеген Айбергенов атындағы көшеден кездестірдік. Аптап ыстыққа қарамастан өздеріне бөлінген аумақты гүлдендіруге кіріскен, өздері көңілді. Жақындап барып, сөзге тартқанымызда бір университеттің, бір факультеттің студенттері екенін білдік.

– Бірінші курсты жақсы көңіл күймен, үздік бағалармен қорытындыладық. Сосын группадағы қыз-жігіттермен ақылдасып, «Жасыл елде» жұмыс істейтін болып шештік. Маусымның бірінен бастап, гүлдерді күтіп-баптауға кірістік. Шыны керек, бұрын гүл баптап жүрген жұмысшыларға қарап, ең оңай жұмыс осы шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, оның да өзіндік қиындықтары, қыр-сыры бар екен. Бірте-бірте көз жеткізіп, үйреніп келеміз, – дейді М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ауылшаруашылығы ғылымдары жоғары мектебінің 1-курс студенті Қаракөз Асылова.

Содан кейін группаласы Жеңіс әңгімеге араласты. Ауыл баласы кішкентайынан әке-ағаларымен бірге бау өсіріп, жеміс-жидек жинап өскен. 

 MG 3540

– Бір жағынан ақша тауып, үйдегілерге қолқабыс етсек, екінші жағынан қаланың жасыл-желекке айналуына өз үлесімізді қосып жүрміз. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Әрине, жазғы демалыста даяшы, көлік жуушы, тағы басқа жұмыстарды істеп, ақша табуға болады. Бірақ, онда тек өзіңнің қалтаңа ғана үлес қосасың. Ал біз қазір үлкен мақсат жолында еңбектеніп жатырмыз. Еңбекке деген алғашқы қадамым дәл осы «Жасыл елде» басталғанына шын жүрегіммен қуаныштымын, – дейді Жеңіс Шымкентбай жүзін жуған ащы терді сілкіп тастап.

Ми қайнатар Шымкенттің ыстығында таңнан кешке дейін көше кезіп, еңбек ету де оңай емес. «Жасыл ел» еңбеккерлерінің жұмысы таңғы 9.00-ден басталып, кешкі 17.00-де аяқталады. Түскі асқа бір сағат уақыт бөлінген. Ал оларға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының республикалық бюджетінен 50 пайыз, ал жұмыс беруші мекеме қалған 50 пайыз жалақы төлейді. Сонда әрбір студент ай соңында 30-35 мың теңге көлемінде еңбек -ақы алады.

– 2015 жылы облысымызда 1000 жас «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылды. Оның ішінде 584-і Шымкент қаласындағы «ЛТД-Тұрмыс», «ЛБ Бәйтерек», «Автоматика» және «Жасыл желек» сынды 4 мердігер мекемеде, «Абай», «Жеңіс», «Орталық» саябақтарында, «Нұрсәт» шағынауданындағы гүлзарларда, Бәйдібек би ескерткішінің маңында, Д. Қонаев, Тәуке хан, Бейбітшілік, Бәйдібек би даңғылдары мен Т. Рысқұлов көшесінің бойында жұмыс істеген болатын. Ал биыл олардың қатары 700-ге артып отыр, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Сейітжапбаров. – «Жасыл ел» бағдарламасында еңбек ететін жастар негізінен орман шаруашылықтарында, қалалар мен ауылдардағы орталық көшелерді, гүлзарларды саябақтар мен Дендросаябақты көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылады.
Қайта айналып келмес студенттік кезенің әрбір сәтін тиімді пайдаланып, еңбекке араласқан «Жасыл елдіктерге» сәттілік тілейміз. Ал олардың қатарын жақында «Студенттік құрылыс жасағында» жұмыс істеуге ниет білдірген студенттер толықтырады.

Последнее изменение Четверг, 23 Июнь 2016 09:49