Оңтүстiк ғажайыптары немесе ұмытылмас сапар

Пятница, 27 Май 2016 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7888 раз

Бүгінгі әрбір сәт – ертеңгі тарих. Еліміздің әр өңіріндегі фототілшілердің басын қосатын «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі жуырда Шымкентте үш бірдей шараның өтуіне ұйытқы болды. Алдымен ҚР Премьер-министрінің фотографы Шүкір Шахайдың  50 жасқа толған мерейлі тойына арналған жеке фотокөрмесінің тұсауы кесілді. Ш.Шахай Тәуелсіздіктен кейінгі ел өміріндегі елеулі оқиғалардан құралған 50 фотосуретін көрермен назарына ұсынды.

Ал екінші іс-шара – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ел мақтаныштары» атты фотокөрме. «Халық қаһарманы», «Еңбек ері» құрметті атақтарына ие болған тұлғалардың, сондай-ақ Олимпиада чемпиондары, мәдениет пен экономика салаларындағы мемлекеттік сыйлық иегерлерінің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, бірегей фотосуреттерін тамашалады көрермен. Бұл фотокөрме бұған дейін Алматы, Астана қалаларында ұйымдастырылған болатын. 

IMG-20160515-WA0103

Қос бірдей фотокөрменің ашылуынан кейін «Фотоөнердің» бастамасымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан-2016» фотоэкспедициясы басталды.

Бірінші күн: Бұған дейін Шалкөде жайлауы, Ұлытау мен Жамбыл облысында өткен фотоэспедиция биыл Оңтүстік өңірінде жалғасты. Алматы, Астана, Тараз қаласы мен Қытайдың, Алтай және Тарбағатай аймағынан келген 15 фотографпен асай-мүсейлерімді сайлап алып, бірге жолға шықтым. Фотография саласына қатысты әр сапар мен үшін үлкен мектеп. Алдымен Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында орналасқан Қажымұқан атындағы музейге тоқтадық. Бұл музей 1976 жылы ақпан айында ашылған. Ал 2001 жылғы Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылып, демеушілердің көмегімен жаңа ғимарат бой көтерген екен. Музейдің шаңырағы іштен қарағанда күмбезге ұқсайды, ал сыртынан тамашаласаңыз жерді, елді жаудан қорғаған сарбаздарымыздың қолбасшылары, хан, бек, батырлардың шатырындай үшкірленіп тұр. Фототілшілерді қызықтырған, Қажымұқан атамыз 75 жасында Түлкібас ауданында ел аралап, өнер көрсетіп жүргенінде көтерген 350 келілік тасы болды. Қайта-қайта айналшықтап, қызықтап, жәдігерлерді фотосуретке түсіріп, атақты балуанға қатысты басқа да құнды деректерге қанығып болғаннан кейін Отырар ауданына жолға шықтық.

111

Екінші тоқтаған нысанымыз – көне Отырар маңындағы ғажайып сәулет өнер туындысы – Арыстанбаб кесенесі. Кесене Әмір Темірдің тапсырмасымен XI ғасырда өмір сүрген дін ғұламасы Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесене мен баба рухына тәу етушілерді суретке түсіріп болғаннан кейін, тарихы тым тереңде жатқан Отырар қалашығын аралауға мүмкіндік туды. Бізді бастап, жол көрсетіп жүрген археолог Қуаныш Шоқаев «Отырар қаласы әр ғасырларда түрлі атаулармен жазбаларда сақталғаны белгілі. Отырар маңы терең қазылған орларға, суларға толы болған. Қала Шыңғысхан әскерінің соққысынан құлады. Алайда ол қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты», – дейді.

Түн жарымы ауғанда Отырар аспанында күн күркіреп, найзағай жарқ-жұрқ ойнады. Көкті тілгілеген осы бір қайталанбас сәтті суретке түсіру үшін көз ілмедік десек те болады бұл күні.

Екінші күн: Таңғы бесте Түркістанға қарай жолға шыққан көлікті Отырардан ұзамай жатып фототілшілер тоқтатты. Өйткені айналаны нұрға бөлеп, таң сібірлеп атып келе жатқан болатын. Күн ұясынан көтерілген әдемі сәт әдемі кадрға айналды. Бір сағаттан астам уақыттан кейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болдық. Айналасында аула сыпырушыдан өзге ешкім көрінбейді. Күн сәулесімен шағылысқан күмбезін, қайталанбас ою-өрнектерін фотоға түсіріп жүргенде кесененің қақпасы да айқара ашылды. Жан-жақтан ағылған адамдармен ілесіп, біз де кесене ішін аралап шықтық.

 MG 8698

Сосын қайтадан көлігімізге жайғасып, Түлкібас ауданына, «Ақсу-Жабағылы» қорығына ат басын бұрдық. Құрылғанына 90 жыл болған бұл қорық Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатыр. 1926 жылы 14 шілдеде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың бастамасымен құрылған қорықтың аумағы бүгінде 131 934 гектар алқапты құрайды. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қорықтары тізіміне енген.
«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін» деп көрнекті халық жазушысы Шерхан Мұртаза сұлулығына тәнті болған өлкеде, тамылжыған табиғат аясында жалғасқан фотоэкспедицияға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов та қосылды. Үлкен қайыңды, кіші Қайыңды мен Ақсу шатқалын бізбен бірге аралады.
Кешкісін қонақүйге жайғасқан соң, фототілшілер күндізгі және түнгі түсірілімдердегі ең үздік фотосуреттерін қалай түсіргендерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Қытайдан арнайы келген Ардақ Бейісханұлы мен Әкбар Үркімбайұлы, «National Geographic Kazakhstan» журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров сынды ағалардан фотография саласы туралы дәріс тыңдап, ізденіске, тәжірибеге толы бұл сапардан көңілді оралдым. Қолымда RBK банкі, «National Geographic Kazakhstan» журналы мен «Фотоөнердің» сыйлығы, арнайы сертификаты бар. Қойын дәптеріме түртіп алған ақыл-кеңестер де көп.
Енді «Tүркістан-2016» фотоэкспедициясы аясындағы «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі «Менің Елім – Қазақстан» фотобайқауын қолға алмақшы. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік тағылымы-25» фотокөрмесін өткізу де жоспарланған. Онда Қазақстанның ең үздік фотографтары ұсынған 125 туынды көрермен назарына ұсынылып, байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Әйгерім БЕГІМБЕТ,
Шымкент-Ордабасы-Отырар-Түркістан-Түлкібас-Шымкент

297319 408110385919890 1678500334 nАсылхан Әбдірайымұлы,
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Осыдан 26 жыл бұрын фотография саласына келгенімде қазақ тілінде бірде-бір оқулық, не еңбек болмады. Қыр-сырын өзгелерден көрген-білгенімді қайталап жүріп, меңгердім. Кедергі көп болды. Сол кедергілерге өзімнен кейінгі іні-қарындастарым тап болмасын деген оймен бес жыл бұрын бірлестік құрдық. Бар ойым – фотография саласын қазақ тілінде сөйлету болды. Өмірден озып, аты еленбей, құнды суреттері ел жадынан шыға бастаған фототілшілердің есімін қайта тірілтіп, фотоальбом шығардық. Фотобайқаулар, фотоэкспедицялар, шеберлік сыныптары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде «Фотоөнерге» еліміздің әр аймағынан 57 фототілші мүше. Жиі бас қосып, тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Ендігі арманым Алматы немесе Астанадан «Фотография үйін» ашу, сондай-ақ жоғары оқу орындарына арнайы фотограф мамандығын енгізу.

Последнее изменение Пятница, 27 Май 2016 05:33