Сыңғырла, соңғы қоңырау! Избранное

Среда, 25 Май 2016 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4296 раз

Биыл Шымкентте 6340 түлек мектеп бітіреді

«Өскенде кім боламын?» деген сұраққа мектепке «тарыдай» болып кіргеннен «таудай» болып шыққанша неше рет жауап бергеніңіз есіңізде ме? Оқушылар үшін сондай жан тебірентер сәттермен қоштасып, нақты таңдау жасайтын уақыт келді.

DSC 0241

Бүгін Шымкент қаласында 124 жалпы орта мектепте 6340 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылады. Мектеп қабырғасында өткен күндердің бәрін тәтті естелікке айналдырып, бұдан әрі жауапты қадам жасау үшін түлектердің 76%-ы, яғни 4081 оқушы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға тілек білдірген. Оның 183-і Алтын белгіден үмітті.
Шымкент қалалық білім бөлімінің жалпы орта білім беруді және тәрбие жұмысын дамыту секторының меңгерушісі Айгүл Қалыбайқызының айтуынша білім саласы ҰБТ-ға сақадай сай отыр.
– 2016 жылғы ҰБТ үлгісінде өзгеріс жоқ. Өткен жылғы мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес, жалпы білім пәндері бойынша аттестатқа ҰБТ тапсыру негіздемесімен жылдық есептің ортаарифметикалық бағасы қойылады. Ал бағаны дөңгелектегенде даулы жағдай туындаса, таңдау жоғары бағаға түседі, – дейді А. Қалыбайқызы.
Үлгісі өзгермегенімен биылғы тест тапсырмаларының базасы 30 мыңға
жаңартылған. Оның 3000-ы логикалық сипаттағы тапсырмалар. Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап, алғаш рет мектеп түлектері ҰБТ-дан шекті 50 балл жинай алмаған жағдайда тамыз айында екінші рет кешенді тестілеуді қайта тапсыра алады. Қайта тапсыру ақылы негізде жүзеге асырылады, бағасы – 2242 теңге. Алайда, мемлекет тарапынан бөлінген грантқа ҰБТ арқылы ғана қол жеткізу мүмкін. Қайта кешенді тестілеуді сәтті тапсырған талапкерлер жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне қабылдана алады. Ал қайта тестілеудің нәтижесі бойынша шекті деңгейдегі балл жинай алмаған талапкерлер жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылдануы мүмкін. Атап айтқанда, олар бірінші семестрді ЖОО-да бірінші курстың барлық студенттерімен бірге оқиды. Сонымен бірге қосымша кешенді тестілеудің төрт пәнін меңгереді. Содан кейін қаңтар айында қосымша кешенді тест тапсырады. Қосымша тестілеуді сәтті тапсырғандар бірінші курстың екінші семестрінен қабылданады. Бұл ретте бірінші семестр бағдарламасының пәндері бойынша барлық кредиттер толық есепке алынатын болады. Қысқасы, жас түлек бұрынғыдай «оқуға түсе алмадым» деп сарыуайымға салынбайды. Бұл шара алдына мақсат қойған мектеп түлектерінің қиялына қанат бітіреді. Олардың барлығына дерлік жоғары білім алуына мүмкіндік береді.
Десек те, түлектерді ҰБТ-ға психологиялық тұрғыдан бейімдеу және технологияны игеруі үшін бұған дейін әр оқушы шамамен 5 рет тестілеу сынағынан өткізілген.
ҰБТ-ның әділ әрі ашық өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында пункттер тиісті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. ҰБТ маусымның 2-15 аралығында өтеді. Ал қорытындылары Министрліктің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.
Балапан қанатын қаққалы отырған жас түлектерімізге тиімді мамандық таңдап, дұрыс қадам жасауда тек сәттілік тілейміз!

Ақмарал Молдиярқызы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Похожие материалы (по тегу)