Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XXI сессиясында мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов осылай деп мәселе көтерді.
– Жылдың басында әріптестеріммен бірлесе ескерткіштер бойынша ұсыныс айтқан едік. Алпамыс батыр – бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Алпамыс батыр жырының қазақ ауыз әдебиетінде алатын орны ерекше. Жас ұрпақты отансүйгіштікке, ел мен жерді қорғауға тәрбиелеу кезінде Алпамыс батырды үлгі ету қажет. Алпамыс батырдың қазақ батыры екенін көрші елдердің алдында дәлелдеп шықтық. Сол батырдың ескерткіші қазір қаланың сыртында, бұрынғы атқора болған жердің қасында қалып қойған. Қазіргі таңда қаланың кіреберіс қақпасының жанынан кіші сәулет ескерткіші қойылмақ екен. Алпамыс батыр ескерткішін сол жерге ауыстырса, орынды болар еді. Ақыры алаң дайын екен, – деді қалалық мәслихат төрағасы.
Жиынның күн тәртібінде бұдан басқа да 8 мәселе қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Күн тәртібінде алдымен «2024-2026 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев бюджет жобасын баяндады. Аталған жоба Қоғамдық кеңесте және мәслихаттың тұрақты комиссияларында жан-жақты талқыланған. Басқарма басшысы жалпы бюджет көлемін 15 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылып отырғанын атап өтті. Аталған қаржы бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешуге, кәсіпкерлікті қолдау шаралары, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік мәселелер және тағы басқа салаларға бағытталмақ. Яғни, қала бюджетінің көлемі бүгінгі таңдағы 764 млрд теңгеден 779 млрд теңгеге ұлғаймақ.
Сессияда қаланың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын екі басқармаға бөлу мәселесі талқыға түсіп, шешімін тапты. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы деп қайта құру ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кезекті сессияда маңызды мәселелер қаралғанын атап өтті. Инфрақұрылыммен қамту, халықтың өмір сүруін жақсарту бағытында маңызды шешімдер қабылданғанын айтып, бұл бағытта депутаттарды одан әрі де бірлесе жұмыс істеуге шақырды.