«Қазпошта» АҚ «Шымкент почтамты» филиалының алдында 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні атап өтілді. Мерекені дүбірлете тойлауды дәстүрге айналдырған ұжым мүшелері, жергілікті басылымдарды да шақырған. Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары, пошта қызметінің өркендеуіне үлес қосып жүрген мекемелердің басшылары, жауапты мамандары да қатысты. Дәл осы күні қала тұрғындары мерзімді басылымдарға жазылып үлгерді. Баспасөз бен оқырманды бір-бірімен байланыстырып, арасында көпір бола білген «Қазпошта» АҚ жазылушыларға арнап сыйлықтар да ұйымдастырыпты.
Қазір Шымкентте «Қазпоштаның» 32 бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Оның қызметіне күніне 150-200 адам жүгінеді.
– Дүниенің бір түкпірінен екінші бір нүктесіне хат жолдау, хабарлама, сәлемдеме жеткізу пошта мекемесі атқаратын міндеттердің бірі. Сондай-ақ, қаржылық жағынан да қызмет көрсетеміз. Банк карталары сияқты бізде де карточка қызметі іске қосылған. Есептік шоттан келіп алады. Кредиттік төлемді бізден ала алады. Депозит қызметін іске қостық. 12 пайызбен 12 айға бөліп жинау мүмкіндігі бар, – дейді «Қазпошта» АҚ «Шымкент почтамты» филиалы директорының орынбасары Бағдат Есенбаев.
Осы міндеттерді мінсіз орындаған, талай жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келген қызметкерлер аталған жиында алғыс хаттар мен Құрмет грамотасымен марапатталды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ