ДАРХАН ДАЛА ДӘСТҮРІ ЖАҢҒЫРҒАН КҮН Избранное

Среда, 02 Октябрь 2024 04:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 193 раз

Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан, ғасырдан-ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттаудан, дәстүрдің жауһарларын халыққа паш етуден жалықпаған, Қазақстанда теңдесі жоқ, толығымен қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне арналған бірегей орталықтың ашылғанына биыл 10 жыл толды.

dastur

 

Шымкент қаласының төрінде 2014 жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастаған Салт-дәстүр орталығы жақында Көрме орталығында мерейтойын дүркіретіп атап өтті. «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» тақырыбымен өткен этнофестивальге көрші қырғыз елінен, Түркістан, Қызылорда облыстарынан өнерлерін арқалаған, шашуын шашқан өнерпаздар келді.
Айтулы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді.
– Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттың рухани дүниесіне, жауһарларына көңіл бөле бастадық. Салт-дәстүрлер – қазақ халқы мәдениетінің терең тамыры мен рухани байлығының ажырамас бөлігі екенін ұғынып, барынша насихаттап, ұлықтауға үлесін қосып жүрген бірегей орталықты бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ерекше орталық. Орталық алдағы уақытта да еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін қажымай еңбек ете берсін, – деді Сәрсен Құранбек.
Ұмыт болған әдет-ғұрыптар, қолөнер, дархан даланың ұлттық ойындарын қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған этнофестиваль 6 кезеңнен тұрды. Әр өңірдің өнерпаздары тақырып бойынша дайындап келген дәстүрге байланысты сахналық көріністерін көрсетсе, сахна сыртында асық ату, қол күресі секілді ойындар ойнатылды.
– Ұлт құндылығын, асыл қазынамызды бүгінгі заман ағымына сай қайта жаңғырту негізгі мақсатымыз. Осы дәстүрлерді жаңғырту және қайта жандандыру арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау, жастар арасында ұлттық сананы қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ұмытылған дәстүрлерді зерттеп, олардың тәрбиелік және мәдени мәнін түсіндіру арқылы қоғамның рухани байлығын арттыруға болады. Көшпенділер әлемінің бар інжу-маржан қазынасын сән-салтанатымен көрсетуде жастардың шығармашылығы ежелден қалыптасқан салт-дәстүрге жаңаша леп береді. Бүгін осындай сабақтастықтың куәсі боласыздар, – дейді орталық басшысы Бахтияр Спанов.
Мерейтойды жыршы-жыраулардың жарысы, жілік шағу, арқан тарту, қол күресі секілді жігіттер сайысы қыздырды. Бір жағында келіндер қамыр илеп, кеспе кесуден бәсекелесіп жатса, бір жағында он саусағынан өнері тамған қолөнершілер құрақ құрап, жіп иіріп, дәстүрдің бар бояуын көрсетті. Сайысқа қырғыз елінің «Ыр-Керген» командасы да қатысты. Құрамында 3 мыңға жуық өнерпазы бар өнер ұжымы шаһардағы салт-дәстүр орталығымен соңғы 5 жылда рухани байланыс орнатып, тәжірибе алмасып келе жатқанын айтады. Этнофестиваль қызықты, тартысты өтіп, қазылар алқасына қиындық тудырды. Сайыстың аты сайыс. Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Түркістан облысынан «Тұран» тобы, 2-орынды Қызылорда облысынан «Қармақшы» тобы, 3-орынды Өскеменнен келген «Барқытбел» тобы алды. Сондай-ақ, сайысқа қатысқан Қырғыз елінен «Ыр-керген» және Шымкент қаласының «Дәстүр» тобы ынталандыру сертификаттарына ие болды. Этнофестивальде қаламыздың қонақжайлылығын паш етіп, дәмханалар ұлттық тағамды қонақтарға ұсынды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.