«Өлеңнің отын жақтым шоқтай қызып...» Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2024 04:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 432 раз

Жыр алыбы Жамбылдың лайықты шәкірті

Шымкентте Көпбай Әлімбетов атындағы көше бар. Үлкен көше. Сол жерде тұратын отбасылардан бөлек өзіңіз де көріп жүрсіз. Білмеген жұрт «бұ кісі кім еді, неге аты берілген?» деп сұрап жатады. Айыбы жоқ. Уақытында дұрыс жауабын бере алмаса, қалам ұстаған ағайынның да кінәсі шығар.

anshiAta

 

Биыл халық ақыны Көпбай Әлімбетовтің дүниеге келгеніне 120 жыл толып отыр. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуге өлшеусіз еңбек сіңірген ірі ғалым
Көбей Сейдахановтың «Жыр алыбы Жамбылдың лайықты шәкірті осы Көбекең (Көпбай Әлімбетов) болмақ» дегені ақынның шығармашылық қуатының қаншалықты мықты болғанын аңғартса керек.
Халық ақынының ұлы Жарқынбек Әлімбетов менің жақын досым. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Немересі, кәсіпкер әрі блогер Бақытжан Көпбаевтың есімі республикаға әбден таныс. Әділетсіздік көрген ортадан табылатын осы Бақытжанды кейбіреулер ақшаның соңында жүрген бәлеқордай көретіні бар. Қате пайым. Оның өз бизнесі өркендеп тұр. Кешеге дейін Қазақстан құрамасына пар күрес шеберлерінің басын қосып, сол клубты қаржыландырып келді. Жазықсыз жапа шеккендердің ортасынан табылып жатса, өтірік өсекке жаны қас атасынан дарыған қасиет шығар.

Айтайық, бұрындары ақынның 100 жылдығы және 110 жылдығына арналып және «Қазыналы Оңтүстік» сериясымен бөлек шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Биыл 120 жылдығына ұрпағы жаңа кітабын ұсынып отыр.
Бір өкініштісі, Көпбай ақын өз шығармаларының толық жинағы кітап болып басылғанын көрмей кетіпті. Біз оқырман қауым халық ақыны Көпбай Әлімбетовті жақын танысын деген ниетпен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының Алматы қаласы 1965 жылғы 11 маусымда өткен мəжілісінің хаттамасынан үзінділерді назарларынызға ұсынып отырмыз.
Бұл мәжіліске Əбділда Тəжібаев, Қалижан Бекхожин, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Нысанбек Төреқұлов, Əбіш Кекілбаев, Қосжан Мүсірепов, Ізтай Мəмбетов, Шəміл Мұхамеджанов және тағы басқалар қатысқан екен. Күн тəртібінде Халық ақыны Көпбай Əлімбетовтің өлеңдері мен поэмалары талқыланған. Жиында ақынның «Алмас-Полат» дастаны, «Ақбидай», «Жайлау жыры», «Арыс-Түркістан», «Екінші тың ерлері» секілді өлең- толғаулары оқылған.

anshiAta-1

 

ƏБДІЛДА ТƏЖІБАЕВ: «Халық ақыны Көпбай Əлімбетов баяғы Нартай, Жамбыл, Нүрпейіс дəстүрінде жырлайтын төкпе ақын. Оның ақындық өнерін мен соңғы жылдардан бері білемін. Əсіресе, Көпбайдың жүйрік, шешен ақын екенін алпыс төртінші жылғы Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының халық ақындары бас қосқан өлкелік айтыста таныдым. Мен жақын арада болып өткен академияның əдебиет институтындағы талқылауға қатыса алмадым.
Қазір тыңдағанымда ақын талантын тағы көріп отырмын. «Алмас-Полат» – Шығыс стилінде жырланған сюжетті дастан. Шығыс классиктерінің елден-елге тарап, жатқа айтылып кеткен дастандарын сіздер жақсы білесіздер. Мынау оқылып отырған дастан сол нұсқада екен. Ондағы қым-қуыт оқиғалар тыңдаушыны еріксіз өзіне баурап əкетеді. Дастанда жомарттық та, тапқырлық та, төзімділік пен ерлік те суреттелген. Сондықтан ел ішіндегі мұндай талант иелерін тани біліп, оны тəрбиелеп, жəрдемдесіп отыруымыз керек. Енді осы ақынның таныс деп бізге ұсынып отырған өлеңдер жинағын оқыған жолдастардың пікірін тыңдап көрейік».

СЕЙДЕХАНОВ КӨБЕЙ: «Көпбай ақынды мен көптен білемін. Оны тыңдаған оңтүстік еңбекшілері түгел құрмет тұтады. Өткен жылы болып өткен өлкелік айтыстан Көпбайдың өрелі, ірі ақын екенін көреміз. Өлеңдері мазмұнды, тілі шешен – сөйлеушілер дұрыс айтады. Оны баспаға ұсынғаннан біз ұтылмаймыз. Егер, дұрыс тəрбиелеп, бағыт сілтеп, қолтығынан сүйеп, демеп отырса өнерімен халыққа қызмет ететін жыр алыбы Жамбылдың лайықты шəкірті осы Көбекең болмақ».

ТӨРЕҚҰЛОВ НЫСАНБЕК: «Көпбай ақынды Оңтүстік өңірі түгел біледі. Ол колхозаралық, ауданаралық, облысаралық ақындар айтысына қырқыншы жылдардан бері қатысып, талай жүлде алған айтыскер, жүйрік ақын. Мұңдай талапты тəрбиелеп, оның таңдамаларын басып шығаруды баспа орнынан сұрар едік».

КЕКІЛБАЕВ ƏБІШ: «Маған əсіресе «Алмас–Полат» дастаны мен шағын өлеңдері ұнайды. Дастандарында оқиға бірінен-бірі туындап, оқушыны бірден баурап əкетеді екен. Тілі де көркем. Ұйқастары да келісті. Айтысы мен бірер өлеңдеріне аздап редакция қажет сияқты. Мұндай талант иелерінің өлеңдер жинағын баспаға ұсынуымыз керек».

МҮСІРЕПОВ ҚОСЖАН: «Əлімбетовтің дастандары туралы айтылған пікірге қосыламын. Мен шағын өлеңдері жөнінде айтпақпын. «Жайлау жыры», «Ақбидай», «Арыс–Түркістан», «Шопан табысы», «Екінші тың ерлері» тəрізді ондаған өлендері – сəтімен жырланған туындылар. Оның мазмұны мен көркемдігінен Көпбай ақсақалдың қуатты ақын екендігін көреміз.
Көпбай ақын Қызылқұм ауданында автоклубты басқарады. Оның қынаптан қылыш суырғандай төкпе жырларын ауыл еңбекшілері де құмарта тындайды. Мəдениет саласында ерінбей еңбектеніп жүрген Қөбекең сияқты жүйріктердің өлендері жинағының жарық көруіне тілектеспін».

МЫРЗАЛИЕВ ҚАДЫР: «Халық ақыны Көпбай Əлімбетовтің өлең, поэмалары туралы пікір айтушыларға мен де қосыламын. Шынында, осы Көпбай сияқты халық таланттары ел арасында көп қой. Біз олардың бірқатарымен творчестволық байланыс жасап келеміз. Əлі де жасай бермекпіз. Ақын өлендерінің кұнды жақтарын көп көрдік. Рас, кейбір жеңіл-желпі редакция керек ететін жерлері де жоқ емес. Ол оңай жөнделетін жайлар. Көпбай ақынның Жазушылар Одағының поэзия секциясында оқылып отырған осы қолжазбасын сөйлеген ағайлар, жолдастар айтқандай, баспаға ұялмай ұсынуға болады».
Хаттамада «ҚАУЛЫ: Жазушылар Одағының поэзия секциясы халық ақыны Көпбай Əлімбетовтің өлең, поэмалар жинағы «Жазушы» баспасынан басылып шығаруын сұрайды» деп жазылған.

Бақтияр ТАЙЖАН

P.S.

Қазақтың сөз зергерлері, сыншылары жоғары баға берген Көпбай Әлімбетовтің дүниеге келгеніне орай 21 қыркүйекте Шымкентте қалалық драма театрында республикалық деңгейде шығармашылық кеш өтеді.

 

ЖАС СәБИДІ ЖЫЛАТПАЙЫҚ

Аталық менің тілегім,
Тілектес қарттың бірі өзім.
Перзенттер келсе алдыма,
Күй тербеткен жүрегім.

Атаның бала – мұрасы,
Асқар тау биік нұрасы.
Қуаты кемпір-шалдардың,
Сөзімнің осы расы.

Тілейміз бейбітшілікті,
Салмасын дұшпан бүлікті.
Ұрпақтар өссін үлбіреп,
Заманы туды қызықты.

«Балалы үй – базар» деп,
«Баласыз үй – мазар» деп,
Жанарым, сəулем, қайратым,
«Баламен шамым жанар» деп.

Айтқан жоқ бабам тегіннен,
Өткізген бəрін көңілден.
Кім айтар мұны «бекер» деп,
Келеміз көріп өмірден.

Жақсылық жолға бастаңдар,
Шамасы, шалқып таспаңдар.
Ойын бұзып балалардың,
Ұйқысын, жаным, ашпаңдар!

Жыламасын балалар,
Жыламасын балалар.
Қолдансын бұған шаралар,
Тілектес ата-аналар!

Елдегі мақал рəсім,
Жал-құйрық – дəрмен, қуатың.
Бесіктен балам ұшқанша,
Хан тағынан құласын.

Осылай депті анамыз,
Қыз бен ұл медеу баламыз.
Тату боп, сыйлап, сүйсін,
Ұлт пенен ұлттың арасын.

Осылай өссін, жайнасын,
Асырсын өнер қайратын.
Қастық ойлап бұларға,
Жауыздық қылған жайрасын!

Армия боп жүр ұл-қызым,
Көлдегі маржан, құндызың.
Айға да солар ұшып жүр,
Марстың санап жұлдызын.

Құрысын бұзық, қанқұмар,
Ақыры өзі қаңғырар.
Əлемнің аты – əділдік,
Момынның отын жандырар.

 

ЖАЙЛАУ ЖЫРЫ

Қызылқұм күнге бөгіп, жатыр көлбеп,
Ақтылы қой қаптаған беткейге өрлеп.
Ақтөбе облысын орап етіп,
Көсілдің Үргенішке аяқ сермеп.

Қызылқұм – аты əйгілі жайылымсың,
Шөбіңнің балы тамып жатқан шөлдеп.
Атылып артезианның мөлдір суы,
Салқындап, шаңқыған шөл қалдың көл боп.

Алып күш, еркін, батыл, бар-ды егең,
Сусырап атақоныс жатқан жер ең.
Төрт түлік малға төсің жайлау болып,
Жалпақ құм, жайладың-ау асқар белең.

Байлықтың бəрін алдың бауырыңа,
Теңіздей толқып жатқан түбі терең.
Көп совхоз қоныс алып қойнауыңнан,
Бөленді алтын нұрға барлық жерің.

Қой төлдеп Қызылқұмның белесіне,
Қайтып алмай тұрасың оны есіңе.
Табыстың шалқарына ұрдық құлаш,
Жүзгендей Днепрдің кемесінде.

Көл болды Қызылқұмның шөл даласы,
Ұштасып дариямен екі арасы.
Үйрек ұшып, қырғауыл, қаз балалап,
Орман, тоғай көк шалғын Сыр жағасы.

Көксудың бір фермасы Қараөзекте,
Қозғалды дүбіріңе жер мен көк те.
«Семіздің аяғы сегіз» деген осы,
Айтқан жоқ мұны қазақ тектен-текке.

Жайлауы екіншінің Əсілбек жал
Өркендеп, өлке бойы қаптаған мал.
Шүйгін от, құнарлы шөп, бəрі осында,
Тамылжып, тамшылап тұр шөбінен бал.

Сексеуіл дəн байлайды, жазда гүлдеп,
Піседі сүмбіледе басын бүрлеп.
Бір түбі бір отарға болады азық,
Табиғат тұзын сеуіп қойған сүрлеп.

Ебелек, селеу, жусан – күздік жеміс,
Қоңырбас, тұтас раң жері тегіс.
Терең сай, қалың шабыр, қыста қорған,
Бағына ырысты елдің біткен өріс.

Қызылша, қоянсүйек, біткен қандым,
Азығы қыста жейтін осы малдың.
Қалың жүзген көктеп тұр қысы-жазы,
«Бұл қандай керемет!» деп, қайран қалдым!

Шығандап, шыңға шықтың бағың өрлеп,
Тасқындап табысыңнан нөсер селдеп.
Қара алтынға бөгеді бір шабырды,
Қамалдың Тұрсынбаев қойы төлдеп.

Таң қалып: «Тамаша!» деп отыр халқы,
Алды төрт туды қойы, екеу – арты.
Екі есе саулығына алған қозы,
Отарда туған қой кем жалғыз, жалқы,

Ел білер Оразбеков Əділбекті,
Қамалға қабаттасып ол да жетгі.
Екеуі облыста оза шауып,
Ерекше ел құлағын елеңдетті.

Көбек қарт, көзге түстің еңбекпенен,
Қой бағып тəжірибелі өрнекпенен.
«Мал баққанға бітеді» дейді халық,
Жас төлді баласындай «жөргектеген».

Қыстауы қалың шабыр, биік жалдан,
Шығын жоқ жыл бойына биыл малдан.
Қамырдай арқасы бар, сүйегі ірі,
Арқардай əр шағылда ойнақ салған.

Щербаков бір ферманы меңгереді,
Адамдық адал ниетін ел көреді.
Табыстың қайнар бұлақ көзі ашылып,
Шыңына болашақтың өрмеледі.

Қозы бар қара бұйра, бөлек түрі,
Көзіңнің шағылысар түссе нұры.
Аянбай ел алдына қызмет еткен,
Халқымның Сынабаев – сүйген ұлы.

Елтіріге толтырды қазынамды,
Кем емес сары алтыннан мұның құны.
Таза костюм болып тұр магазинде,
Кешегі құмда көрген қойдың жүні.

Бекенмен тайталасып Асан шықты,
«Жарысқа шақырдым, – деп, –
барлық жұртты».
Төл алуда бəйгенің алдын алып,
Қонысы қой өсірімге болды құтты.

Қойы – семіз, егіздің есебі жоқ,
Табысы тау сусындай шыңнан тартқан.
«Еңбек етсең – емерсің» деген осы,
Оюланып ақ киіз үйге жапқан.

Байтүгел, шопан болдың озып шалқып,
Тəжірибең болған соң жұрттан артық.
«Ленин» орден төсінде жарқырайды,
Сəулесі аспандағы нұрды тартып.

Айдарқұл, ерек шықтың айналаңнан,
Саулығың тау тасындай бəрі бағлан.
Отанға мол қазына олжа салып,
Жігітсің топтан озып жүлдені алған.

Ерімсің елің сүйген, халқың қалап,
Қайрат-күш бойыңда бар, таудай талап.
Қызылқұм малға – өріс, елге – ырыс,
Жайлауың көк шұғадай, жерің – жəннат.

Мал төлдеп Қоңыр жалдың шуағында,
Көктемнің қоңыр салқын уағында.
Қозысын туған қойдың табыстырып,
Сыңқылдап қыз-келіншек жүр ауылда.

Халқы бар Қызылқұмның салтанатты,
Ақ үзік, кілем, басқұр үйге жапты.
Көргенді мейман күткен ауыл сонда,
Достығы бір-біріне балдан тəтті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.