Расында, халықаралық іс-шараның ашылу рәсімі ерекше ұйымдастырылған. «Астана Арена» стадионында өткен ашылу сәтінде Қазақстан және әлем елдерінің спортшылары сән-салтанатымен ортаға шықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. Сондай-ақ, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ және басқа да ұйымдардың өкілдері, ресми тұлғалар қатысты.
Дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келген.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін атап өтті.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын еліміздің «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Жібек жолы», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары, жалпы әлемнің 19 телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынған.
Сонымен, көшпенділер ойындары әлем назарында. Бұл жолғы додада әлемнің 90-ға жуық елінен 2000-нан астам спортшы бақ сынауда. Барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Сайыста ең алдымен «Жамбы ату» бәсекесі басталды. Одан әрі қарай көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, кураш, мас-рестлинг, асық ату сынды ұлттық ойындардан бәсекелер өтті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жамбы ату спортының мажар стилінен француз спортшысы Рафаэль Малет алғашқы алтын медальді жеңіп алса, күміс жүлдені Моңғолия өкілі Алтануяг Нэргүй иеленді. Ал франциялық Гаэтан Бло қоланы қанағат тұтты. Ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестік қатарына енді. Жамбы ату спортының Азия стилінен жүлделі үш орынды да қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Батыр Бексауыт – алтынға, Айтбек Сарыбай күміс жүлдеге ие болса, қола медальді Ералхан Айкөз еншіледі.
Аударыспақтан отандық спортшылар үздік нәтиже көрсетті. 60 келі салмақта сынға түскен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Ермек Құралбай алтын медальға ие болды. Ермек Құралбай финалда Қырғызстан спортшысын жеңді. 70 келіде Алмат Ләтіпбек аударыспақтан екінші алтын, 80 келі салмақта сынға түскен Дарын Өткелбай үшінші алтын медальға ие болды. Аударыспақ бәсекесіне 9 мемлекеттен 64 спортшы тіркелген. Кешегі жарыс күнінде Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев бақ сынады.
9 қыркүйек күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдер әрқайсысы төрт салмақ дәрежесінде сынға түсті. Әйелдер арасында 48 келіде Айжан Жылқыбаева, 52 келіде Назерке Азаматова, 56 келіде Рауза Нұрмахамбетова, 60 келіде Бақыт Құсақбаева алтын медаль алды. Ал ерлер арасында 55 келіде Бекжан Төлепов, 60 келіде Мейіржан Берекетов, 66 келіде Дидар Тұқышев, 74 келіде Жұмажан Қожамбеков алтын медальды ел қоржынына салды. Қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады. Аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 8 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде өткен дәстүрлі садақ атудан әйелдер арасында Айкөркем Батихан қола жүлдеге ие болды. Ал ерлер арасында қос бірдей қазақстандық финалға шықты. Қасымхан Қанат қола медаль иеленсе, Жәнібек Құлмырзаев алтын медаль алды.
«Алау» мұз айдыны сарайында кураштан, мас-рестлингтен және асық атудан бәсекелер өтті. Кураштан еліміздің 6 спортшысы жүлдеге ие болды. 87 келі салмақта Альбина Бахиева алтын жүлде алса, 79 келі салмақта Ажар Салықова мен +100 келіде Марат Байқамұров күміс жүлдені еншіледі. 81 келі салмақта Ерзат Арғынов, 81 келі салмақта Бекәділ Шаймерденов пен 87 келі салмақта Ұлболсын Адилова қола жүлдені еншіледі.
Көкпар ойындары бойынша шеңберге ойнаудың алғашқы бәсекесінде Қазақстан құрамасы Өзбекстан командасынан басым түсті. Әзірге, жалпыкомандалық есепте еліміздің спортшылары көш бастап келеді.
Сонымен қатар, Астанада «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылған. Елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстан халқының бай мұрасымен, көшпелі халықтардың өзіндік мәдениетімен таныса алады. Этноауыл бірнеше орынға бөлінген: Орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этникалық қоныстары, қолөнершілері және Шығыс базары бар арнайы қала.
Этноауыл 7-13 қыркүйек аралығында сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Елорда тұрғындары, қонақтар мен ойын қатысушылары үшін Этноауылдың барлық мәдени іс-шараларына кіру тегін. Онда күн сайын сағат 12.00-ден 16.00-ге дейін "Өнер ордасы" басты сахнасында Қазақстанның түрлі өңірлерінен үздік музыкалық ұжымдар өнер көрсетуде.
Айта кетсек, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында шетелдік БАҚ өкілдері де ақпарат таратуда. Атап айтқанда, отандық БАҚ-тан 815 өтінім, шетелдік БАҚ-тан 370 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жан-жақты насихаттау мақсатында 92 журналист және танымал блогерлер тіркелген.