Іс-шарада ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қаладағы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, құнды дүниенің маңыздылығын жан-жақты баяндап берді. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Наурызбай қажы
Тағанұлы ҚМДБ соңғы жылдары дін мен дәстүрге, ұлттық құндылықтарға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл еңбекті жарыққа шығаруға біршама уақыт кетті. Сан ғасыр бұрын ұланғайыр атырапты мекендеген бабаларымыздан қалған құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізейік деген мақсатпен күрделі еңбекті ұсынып отырмыз. Кітап еліміздің барлық кітапханаларына таратылып жатыр. ҚМДБ соңғы жылдары дәстүрлі танымдарға ерекше назар аударып келеді. Бабаларымыз ұстанған сара жолды насихаттаудағы басты мақсат – келешек ұрпаққа ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни құндылықтарға негізделген дәстүрлі дініміздің негіздерін жеткізу. Себебі дәстүрлі дінімізбен сусындаған жастар жат ағымның жетегінде кете қоймасы анық. Бұл салада бірнеше жоба қолға алынды. Соның бірі осы құнды еңбек, – деді бас мүфти.
Жаңа кітапта асыл дініміз Исламның қазақ даласына келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі діннің алар орны мен бабалар ұстанған иман негіздері, сондай-ақ, мұсылмандық әдет-жоралғылары қамтылған. Кітап үш бөлімнен тұрады.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев аталған еңбек жастарға жол сілтеуші құнды кітапқа айналарына сенім білдірді.
Сондай-ақ, жиында бас мүфти алдағы жоспарлардан хабардар етті. Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мүфтияттың игі бастамасы жайлы оң пікірлерін айтып, ізгі ниеттерін жеткізді.