–Қазіргі таңда қоғамға қауіп төндіріп, орасан зиян келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар көптеп қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылып келеді. Өркениетті ел болуды қалайтын, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл дерттің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу біздің басты міндетіміз, – дейді Өзбек драма театры директорының міндетін атқарушы Рустамхан Сайтходжаев.
Шығармада жемқорлыққа батып, мемлекеттің азығына қол салып, қара бастың қамын ойлаған қызметкерлердің өмірі мен өкініші баяндалады. Қарақалпақ жазушысы Мұратбай Низановтың «Ақша» комедиясы бес кейіпкерден құралған.
Оқиға мемлекеттік мекеменің бас есепшісінің үйінде басталады. Мекемеге бөлінген қаржыны екі бас есепші мен өндірістік бөлімнің басшысы өз пайдаларына жұмсайды. Мемлекеттік мекемеге келген тексерушілер қаражаттың қайда кеткендігін тексере бастағанда кінәлі тарап тығырықтан шығу жолын іздей бастайды. Бас есепші ақылдаса келе мәселеден құтылу үшін өтірік өліп қалуды ойластырады. Бұл ұсынысқа жемқор серіктестері келіседі. Ойлаған айласы іске асса, тағыда ақша беретіндерін айтады. Алайда «өтіріктің құйрығы бір тұтам» демекші шындықтың беті ашылады.
Қарақалпақ драматургы М.Низановтың «Ақша» атты шығармасы халықты күлдіре отырып ащы шындықты ашады. Оқиға авторы оңай келген ақша жақсылыққа апарамайтынын көрсете білген. Шығармада қойылым арқылы көрермен көкейіне сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру, азаматтарға ойтүрткі тастау мақсат етілген. Оның соңы өкініш пен жауапкершілікке әкеліп соғатынын түсіндірген.
Жаңа премьераға Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері және мектеп мұғалімдері, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мәдениет мекемелерінің басшылары, өнер ұжымдарының қызметкерлері де қатысып, оң пікірлерін білдірді.