БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНДА «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯНЫҢ» ҮЛЕСІ БАР Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 04:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1502 раз

Мемлекет басшысы отбасы құндылықтарын сақтап, дәріптеуге ерекше назар аударып отыр. Осы орайда елімізде атқарылып жатқан жұмыстар легі де аз емес. Соның бірі — «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығы. Ол аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Ал, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан үш жыл бұрын құрылған «Бақытты жанұя» орталығы осы жылы түрлі санаттарға кіретін 19 116 жанға қызмет көрсетіпті. Бүгінде ел игілігі үшін қабылданған бағдарламалар мен оны жүзеге асыру мақсатында ашылған орталықтар нәтижесін беріп, халықтың түйткілді мәселесінің түйінін шешуде мол септігін тігізіп отыр. Біз де орталықтың жұмысымен танысып, жүйедегі жаңалыққа көз жеткізіп қайтқан едік.

516

 

Орталық отбасы институтын нығайтады

Республика көшесінде орналасқан орталық ғимаратында әр түрлі саладағы білікті мамандар қызмет көрсетеді. Мұнда келушілер ақпараттық қолдау көрсету, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, медициналық әлеуметтік сараптама жүргізу (МӘС), тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжат тапсыру және алу, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себетін алуға тіркелу сияқты қызмет түрлерін ала алады. Орталыққа түрлі отбасылық жағдаймен хабарласатын азаматтар қажет кеңесті алып қана қоймай, арнайы біліктілік курсын оқып, кәсіп ашатындары бар. Соңғы он ай ішінде қиын жағдайға тап болған 1 279 азаматқа психологтар мен заңгерлер көмек көрсеткен.
— Жыл басынан бері психологтар 805 азаматқа көмек көрсетті. Оның ішінде күйзеліске түскен 399 азаматқа, отбасы мүшелерінің кикілжің, түсініспеушілігінен туындаған 357 жағдайға, 4 өз-өзіне қол жұмсау фактісіне мамандар кеңес берді. Сонымен қатар, 44 азаматқа балаларымен қарым-қатынасын реттеуге көмек беріп, лудомания ауруына шалдыққан бір отбасымен арнайы оңалту жұмысы жүргізілді. Жұмыс барысында психо-функциональды ашу әдісі (психо-функциональная разблокировка) арқылы келушінің ішіндегі өкпе-ренішін гипнозбен шығару, тета-хилинг (шегеге шығару) әдісімен жанын емдеу, жапондық икигай әдісімен қай салаға бейім екенін анықтау, менторлық қызмет, имидж қалыптастыру, өз-өзін бағалау, бала кезінен келе жатқан ішкі жарақат, бала тәрбиесі отбасы проблемаларын анықтау, шешу жолдарын қарастыру сынды ауқымды жұмыс жүргізіледі. Заңгерлер 474 азаматтың мәселесін тыңдап, жеке қабылдады. Құжаттарын дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндірме және сүйемелдеу жұмысын жүргізді. Орталық қызметіне жүгінген азаматтардың басым бөлігі алимент өндіру, ажырасу, әкелігін тану, мүлікті заңдастыру немесе бөлу, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» тағайындау, банкрот деп тану бойынша кеңес алып отыр. Аналарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында орталық негізгі 20 бағыт бойынша жұмыс істейді. Осы бағытта 5 283 ананың қатысуымен 214 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішіндегі құзырлы орган өкілдерінің көмегімен 5156 анаға ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 31 ананың құжаты тиісті мекемелерге жолданды. Ал, 96 ананың мәселесіне заңгерлік сүйемелдеу жұмыстары жүзеге асырылып отыр, –деді орталық басшысының орынбасары Ерлан Әлжанов.

515


Орталықта отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында үйде табыс тауып, өз кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін 15 бағыт бойынша оқу курсы өтеді. Онда кондитер, тігінші (киім немесе құрақ тігу), компьютерлік оқыту, шаштараз, SMM, дефектолог-логопед, ересектерге арналған массаж, балаларға арналған массаж, жартылай дайын тағам өндірісі, клининг, кейтеринг, косметология мамандарын даярлау бойынша кәсіптік курстар оқытылады. Бүгінгі таңда 568 ана оқу курсын бітіріп, білімдерін жетілдірген. Орталықта курс аяқтаған аналарға кәсіп ашудың қыр-сырын үйрету үшін ақпараттық қолдау шаралары ұйымдастырылып, құқықтық көмек көрсетіліп отырады. Нәтижесінде 73 ана үй жағдайында өз кәсібін бастап, «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 ана грант иегері атанған.
Е.Әлжановтың айтуынша жыл басынан бері 1156 ана қайта даярлау курсына тіркеліпті. Ал оқу курсын аяқтағандармен WhatsApp қосымшасы арқылы кері байланыс орнатылған. Аналарға қашықтан және дәстүрлі форматта кәсіптік білім, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, кәсіп бастауға жеңілдіктер туралы ақпарат беріліп, құқықтық және қаржылық сауат сабақтары ұйымдастырылып тұрады.
— Арнайы құрылған WhatsApp қосымшасындағы байланыс алаңында аналар өздерінің жетістіктерімен бөліседі. Кәсіппен айналысып жүрген әйелдер бірігіп, түрлі байқауларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Отбасында қиын жағдайға тап болған, түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген 50 әйелдің бостандыққа шыққан соң ортаға бейімделуіне және кәсіп ашуына көмек көрсету мақсатында Шымкент қаласының прокуратурасы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің арасындағы түзілген меморандумды негізге ала отырып, шаштараз және әсемдік салонында қызмет көрсету бойынша оқу курстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, жұмыссыз аналар www.enbek.kz сайты арқылы қашықтан кәсіби біліктілігін арттыру курсынан өтіп, 1 522 азамат сертификат алды, –дейді Е. Әлжанов.

Құрақ тігіп, «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енген ана

Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Астана қаласында өткен «Аламан құрақ» жобасына республика бойынша 250-ге жуық ана қатысты. Соның ішінде 5-еуі «Бақытты жанұя» орталығында кәсіби оқу курсын бітіріп, үй жағдайында қосымша табыс тауып жүрген аналар екен. Жобада аналар ту түстес, ұзындығы 500 метрлік құрақ көрпе тігіп, Қазақстан «КИнЭС» рекордтар кітабына енген. Солардың бірі — шымкенттік Айгүл Медешова.
–Мен осы жылдың көктемінде орталыққа келдім. Тігін курсын тегін оқып, сертификат алдым. Осы жердегі қыз-келіншектермен танысып, ары қарай алған білімім мен қабілетімді пайдаланып, өз кәсібімді аштым. Әлеуметтік желіде «Айгөлек сандығы» деп аталатын парақшам бар. Онда ұлттық нақышта қыз-келіншектерге арналған сөмке тігіп, өнімімді сатамын. Ал, балаларға арналған сөмкелердің сыртына өзіміздің қазақ ертегілеріндегі батырлардың бейнесін таңбалап, дәріптеп жүрмін. Себебі, балалар мультфильмнен көрген «человек паук», «бэтмен» сынды кейіпкерлерге еліктемей, өзіміздің қазақ ертегілеріндегі батырларға қарап бой түзеп, соларға ұқсауға тырысса деген ниетім бар. «Бақытты жанұя» орталығының маған берген көмегі көп. Мұнда мен білім алып қана қоймай, әр түрлі салада қызмет атқаратын келіншектермен танысып, орта қалыптастырдым. Түрлі жарыстар мен байқауларға қатысып жүрміз. Соның бірі — Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астана қаласында өткен іс-шара. Оған атсалысқан 200-дей құрақшы люкс велюр матадан 500 метрлік көрпеше тікті. Мұнан бөлек, қаладағы көптеген іс-шараларға белсенді қатысып келемін. Орталық қызметкерлеріне бағыт-бағдар беріп, көмектескеніне алғысымды білдіремін, – деді А. Медешова
Мұнан бөлек орталық қызметкерлері көп отбасылардың баспаналы болуына да септігін тигізіп келеді. «Отбасы банк» АҚ-мен «Бақытты жанұя» орталығы арасында түзілген әріптестік меморандум аясында орталықтың ғимаратында тұрғын үйге кеңес беру бөлмесі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы және «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе отырып, 1 749 анаға тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттық кеңес берілген. Нәжижесінде 827 ана kezekte.kz порталына тұрғын үй кезегіне тіркеліп, 29 ана мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болды.
«Бақытты жанұя» орталығына тәжірбие алмасу мақсатында республиканың түрлі өңірлері мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, жауапты мамандары тәжірибие алмасу мақсатында арнайы келіп, қызметтерімен танысып, жұмыс жүргізу жүйесінің барысында оқу практикасынан өтіпті. Орталықта оқыған аналардың кәсібі өрлеп, өзгелерді жұмыспен қамтамасыз етіп отырғаны расында қуантады. Бұл қажырлы еңбекпен ізденімпаздылықтың зор жемісі. Жұмыс жоқтықты сылтауратпай, ізденген жанға мүмкіндік те мол.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.