ШЫМКЕНТТЕ АТЫЛҒАН АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ Избранное

Среда, 20 Сентябрь 2023 06:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 771 раз

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Бүгінде Кеңестік Қазақстандағы репрессия құрбандарына қатысты құпия архив материалдары мейлінше зерттеп-зерделеніп, тасада қалған тұлғаларға қатысты мұрағат құжаттары ғылыми айналымға біртіндеп еніп келеді.

404

 

Анығы сол, тарих толқынындағы елдің кешегі шерлі заман шежіресіндегі түйткілді тақырыптың бірі – Алаш қозғалысы. Осы қозғалыстың Оңтүстіктегі қайраткерлерін танып білу, олардың Түркістан өлкесіндегі жемісті қызметтерін саралап-сараптау басты мақсатымыз болуы керек.
Жалпы біздің өңірде де Алашордаға мүше болған ардақтыларымыз аз болмаған. М. Тынышбаев, С. Лапин, М. Шоқай, Қ. Қожықов, С. Өтегенов, т.б. ұлттық мүдде жолында ымырасыз күрес жүргізіп, халқының жоғын жоқтап өткен азаматтар. Солардың қатарында Түркістан өлкесінде қызмет атқарған алаштық тұлғалар Әзімхан Кенесарин, Мұхтар Мурзин, Ғабдулхакім Бөкейханов, Мұртаза Шоқаев, Мұрзеке Қалмаұхамедов, Есім Асқаров, Рүстембек Жабаев т.б., осы Шымкент қаласында тұтқындалып, атылғаны белгілі.
Алаш қозғалысына қалтқысыз қызмет етіп, 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбордағы ұйымдастырылған жалпықазақ съезінде Алаш автономиясын тез арада жариялауды жақтап дауыс берген 33 өкілдің ішінде Оңтүстіктің төл перзенті Мәуленқұл Байзақов та бар болатын.
Мәуленқұл Байзақовтың есімі алаштың Түркістандағы қанатының белді мүшесі ретінде тасқа басылған тарих бетінде де, ел аузында да мәңгіге сақталып қалды. Ол, 1900 жылы осы Түркістан өлкесінің «Жалғыз ағаш» ауылының тумасы, алашорданың белді мүшесі, Орта Азиялық техникалық институтының түлегі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас мал маманы-зоотехник Байзақов саяси репрессия тұсында Шымкентте тұтқындалған. Сонымен қатар, 1911 жылы туған жары Махинұр, 1930 жылда дүние есігін ашқан қызы Ләйлә мен 1936 жылғы ұлы Пархат туралы да аз-кем мәлімет келтіріліпті. Сондай-ақ, 1933-1936 жылдары Ташкенттегі «ҚазИнПросты» басқарған Байзақов алапат аштықта жетім-жесір мен жоқ-жұқаналарға көмек беріп, балаларын мектеп-интернаттарға кіргізген.
1919 жылы 28 мамырдағы Өлкелік қырғыз курсын бітірген Мәуленқұл Байзақов бастауыш қырғыз мектебінің оқытушысы толыса келе тілшілікке де бет бұрып, «Ақ жол» газетінде де бірқатар мақаласын жарыққа шығарды. Соның бірі – «Түркістан халық ағарту бөлімі» атты материал.
Онда ағартушы 1921 жылдан бермен қарай Түркістан үйезі халық ағарту бөліміне басие болатын ұлтжанды басшы құтаймай, келуінен кетуі тез болған келімсек һәм кеудемсоқ меңгерушілердің жергілікті жұрттың ұлттық болмысын, дәстүр-салтын танып білу түгілі, қазақша тіл сындыруға талпынудың орнына, «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаға салып», ешкіммен кеңесіп жатпай-ақ кесімді бұйрығын қолма-қол шығарып, ұлт мектептеріндегі ұстаздық қызметке өзбектерді жіберіп жатқан жүгенсіздігін айыптай жеткізеді.
Ары қарай «...Интернатты алсақ Түркістан үйезінен ашылған екі қазақ интернаты бар. Оқитын баларының саны 200-ден аса, тұрмыстары өте нашар, киім жоқ. Жалаңбас, жалаңаяқ. Төсек, көрпе-жастық сияқтылардан еш нәрсе жоқ, лас. Бұған қарап отырған ағарту бөлімі тағы жоқ. Бұған себепкер хүкімет басында отырған азаматтарымыз болса керек. Бұл оқу-оқыту істерінің қайткенде оңалатынына көз жіберілмесе, елді ағарту орнына қарайту болып шығуы мүмкін»,- дей келіп, оқу-ағарту ісіндегі олқылықтарды орынды сынапты.
Сөйтсе де, жүрегі алтын алаш арысы 1938 жылы 20 қаңтарда УНКВД тарапынан тұтқындалып, 8 ақпанда атылып, 1989 жылы 16 қаңтарда толық ақталды.
1937 жылы 19 қарашада оған тағылған айыпта: «...Мәуленқұл Байзақов – кеңестік қоғамға қарсы кісі. Кешегі алашордашыл. 1929 жылы мақта жоспарын жүзеге асыра алмай ісі сотқа өтсе де айылын жияр емес. Ұлтшылдық, панисламдық, зиянкестік ұйымның сойылын соққан серке. Қазақстан мен Өзбекстанның территориясында диверсиялық-террорлық әрекеттерге барып, колхоз-совхозды көп шығынға батырған. 70 қойды қолды қылып, 8000 сомды үптеп кеткен, қамбадағы 1800 пұт бидайды да бас пайдаларына жаратқан. Кеңестер Одағын ойрандау үшін шетелдегі мұсылман босқындармен де ауыз жаласып, тыңшылық еткенін айғақ-дәлелмен ауыр қылмысын ақыры мойындаттық»,- дегеніне қарағанда, репрессияның алғашқы жалыны кешегі алашордашыларды шарпығаны анық.
Саяси қуғын-сүргіннің ызғары келгенде Түркістан өлкесінің шоқтығы биік тұлғасы, ұлт бостандығы үшін аянбай күрескен, көрнекті қайраткер, бүкіл өмірін жарқын болашаққа сарп еткен алаштың асыл азаматы шет елде эмиграцияда жүрген алашорданың бас идеологы Мұстафа Шоқайдың інісі Мұртаза (кейбір деректерде Нұртаза С. Ә.) Шоқай да қуғын көріп, қасірет шекті. Мұртазаға қатысты қозғалған №0503 қылмыстық іс турасындағы мұрағаттық анықтамаға көз жүгіртсек, ол 1890 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда ауданына қарасты №14 ауылда дүние есігін ашыпты. Замандастарынан зеректігі артып, қаршадайынан қара таныған сол замандағы сауатты кісілердің бірі болса да, «байдың ұлы», «билікке қарсы Мұстафаның бауыры» деп байбалам салған бишікеш кедей-кепшіктің парықсыз арызынан партия қатарына да қабылданбаған. Тұтқындалғанға дейін туған ауылында, қараша үйінде қалт-құлт етіп, егіншілігін кәсіп етіп тіршілік кешкен. Жұбайы Зүлпия 1895 жылды тумасы болса, үлкен қызы Мәдина 1924 жылы, кіші қызы Нәмина 1932 жылы, үлкен ұлы Мірхайдар 1936 жылы дүниеге келген екен. 1931 жылы ОГПУ тарапынан мемлекеттік маңызға ие тапсырманы дер кезінде орындамағаны үшін сотты болып, 1 жылға бас бостандығынан айырылып, оған қоса 4 жылға Қазақстаннан тыс жерге күштеп айдалған Алаш ардақтысының бауырының басына 1937 жылдың 9 тамызында қайтадан қара бұлт үйіріліп, ОҚО, Қызылорда аудандық НКВД бөлімі КСРО ҚК-ның 58-10, 58-11 баптары бойынша абақтыға қайта жауып, ұлтшылдық контрреволюциялық ұйымның сойылын соққаны үшін айыптаған. Осылайша УНКВД үштігінің 9 қазандағы шешімімен тұтқынға қатысты тың айғақтардың табылуына байланысты тергеу ісін тағы да соза түседі де, 1937 жылдың 1 қарашасында ең ауыр жаза – ату жазасына кесіп, үкім екі күннен кейін, 3 қарашада орындалады.
Ал, тектінің туысы Мұртазаға жабылған жалаға кеңірек тоқталар болсақ, «Мұртаза Шоқаев – Қазақстанда кеңінен қанат жайған контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның белсенді мүшесі. Олар бетперде тағып, қанша жерден жымысқы ниетін жасырса да, тиісті орындарға оның бәрі бұрыннан аян. Көксегендері – Кеңес үкіметін күйрете құлатып, қазақтың байтақ даласында буржуазиялық-ұлтшылдық мемлекет құру. Тергеу анықтаған айғақ-фактілерді тарқата түссек, азамат Шоқаев Мұртаза бошай руынан. Атасы Торғай Патшалық Ресей тұсында таққа қонған хан болған, патша үкіметінен мақтау-марапат, тарту-таралғы алған тап жауы. Ал әкесі Торғаев Шоқайға келер болсақ, ол да шоң шонжар. 10 жыл болыс болып, батырақ атаулыны қан қақсатып, бұл патшадан талай мәрте сыбаға-сыйлығын алған. «Қауын пәлегінен алыс кетпейді» дегендей, Мұртазаның өзі де қанына тартқан бүлікші. Ол 1930 жылға дейін ауылдағы ең ықпалды атқамінерлердің бірі атанып, ниеті қара рулық топтың бас дем берушісі болған.
Нақтылы дәйектерді сөйлетейік. Ол 1922 жылы Сұлтанбек Қожанов арқылы шетелдегі ақ эмигрант ағасымен берік байланыс орнатып, бұл жасырын қарым-қатынас 1934 жылға дейін сақталған. Тіпті, «Мұстафа Шоқаев пен Сұлтанбек Қожановтың тапсырмасымен Қызылорда ауданында диверсиялық-төңкерісшіл, ұлтшылдық ұйымның іргесін қалап, оған туысқан інісі Қалмұхамедов Мырзеке мен тағы басқаларды қатарына тартқаны үшін қатаң жазаға кесілсін» делініпті.
Дегенмен 1956 жылдың 30 қыркүйегінде Оңтүстік Қазастан облыстық сотының Президиумы аталған істі қайта қарап, «Саяси сүргіндегі тергеу кезінде көп қысым көрген М. Шоқаев пен М. Қалмұхамедов антикеңестік ұйымның ұраншысы болғандарын толық мойындап, бар құжатқа бармақтарын басқанымен, қос азаматтың қылмысын дәлелдейтін нақтылы айғақтар анықталмайды» деген шешімге келіп, 30 желтоқсандағы аталған қылмыстық істің күшін жояды. Яғни, «Қазастандағы ұлтшыл-фашистердің ұясын Қожанов, Рысқұлов, Жандосов үштігі, шетелдегі орталығын Шоқаев басқарды. Мұртаза осы ұйымның жергілікті жердегі жасырын агенті ретінде колхоздардың қуатын кемітіп, кеңестік шаруашылықтың экономикалық уатын құлдыратуға күш салды. 1934 жылы Қоқанға барғанында жергілікті 40-қа тарта байды жасырын топтастырып, төңкеріске қарсы жиналыс өткізді. осы құпия кеңесте оларға ағасы Мұстафаның хатын оқып беріп, бас көтерер шпиондардың бәрін шаруаларға, Кеңес үкіметіне қарсы күреске үндеді» деген сияқты сыңаржақ сандырақ айыптардың да ақиқаттан алыс жатқаны тәуелсіздік дәуірінде анықталып та жатыр. Алайда күні кешеге дейін Мұстафа Шоқайға қатысты қоғамда бірқатар теріс пікірлердің қылаң бергені де жасырын емес.
Тіпті, «Бояушы, бояушы деген сайын сақалын бояпты» демекші, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмін көрген өскемендік журналистер Д. Данилевский мен С. Михеевтердің Мұстафа Шоқайды «фашист, сатқын» деп әбден балағаттап жазған мақалаларынан соң режиссер Қ. Бегмановтың Өскемен қалалық сотында жеңіліп қалуы бүкіл елді дүр сілкіндіргені анық. Осыған байланысты М. Шоқайдың ең жақын туысы ретінде Сарыағаш ауданы Мақташы (ауылы) елдімекені, Қошқарата ауыл округінің тұрғыны Нәмина Мұртазаева жүгенсіз екі журналисті ұлт тұлғасына жала жапқандығы үшін сотқа жүгінуге тура келіп тұрғанын айтып, Мұстафа Шоқайға туыс екендігін растайтын құжаттар сұрап, ОҚО ҰҚК басшысына өтініш жолдаған. Әрі М. Шоқайдың туған інісі, өз әкесі Мұртаза Шоқайдың Шымкент қаласында қамауға алынып, осы қалада жазықсыз атылып кеткендігін де тілге тиек етіп, өзінің Мұстафа Шоқайдың туған інісінің перзенті екендігін дәлелдейтін анықтама-құжаттар беруін өтініп, сондай-ақ бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне үлгі тұтуға болатын шығарма жазу, атасының есімін толық ақтап алу үшін Мұртаза Шоқай мен Мырзеке Қалмұханбетовтың тергеу материалдарын сұраған.
Бұл әулеттің қаншама тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізіп, көрген қиыншылықтарын әлі де айтып жеткізу мүмкін емес.

Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының
докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.