«АРНАЙЫ КӨШІРІЛГЕНДЕР»: ШЕРЛІ ТАРИХ ШЫНДЫҒЫ Избранное

Среда, 23 Август 2023 07:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 623 раз

Сталиндік зұлмат заманда қазақ ұлтының бастан кешіргенін еске түсірудің өзі қасірет. Рулық қауыммен сан ғасырлар бойы айрандай ұйып, қаттықтай етене қабысып өмір сүрген қазақты Кеңестік большевиктік жүйе тапқа бөліп, ағайындарды бір-біріне жау қылып, тоз-тозын шығарып, шаңырағын ортасына түсіріп, мына жарық дүниеден баз кештіріп, сан тарапқа бас сауғалатып үдере көштіріп жіберді.

137

 

Ұлан-ғайыр қазақ даласы қаңырап бос қалды. Сол қаңырап қалған даланы басқа ұлт-өкілдерімен толтыру үшін арнайы қаулымен Қиыр Шығыстың кәрістері, Грузиядан түрік-месхеттері, күрдлерді, гректерді, қарашай-балкарды, шешен-ингуштерді, иран-изиттерді, құмықтарды, Еділ бойынан немістерді, Қырымнан татарларды, адегейлерді, ноғайларды, ішкі Ресейден бай құлақтарды «арнайы көшірілгендер» деген айдармен қазақ даласына қоныстандыра бастады. Соның ішінде, бұл мақаланың арқауы Қиыр Шығыстан күштеп көшірілген кәріс диаспорасы болмақ. Архив құжаттарын ақтарып отырып, мына деректерді назарларыңызға ұсынғым келеді.
ҚКСР 14 қыркүйек 1937 жылғы №9 Халық Комиссарлар қаулысына сәйкес, Қиыр Шығыстан келген кәрістерді Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысына қоныстандырып, ОҚО артқару комитетімен бірлесе, ХКК уәкілі жолдас Гильманға мүмкіндігінше үй жайымен, азық-түлікпен қамтамасыз ету тапсырылды. Ал, келген «арнайы көшірілгендерді» автотранспортпен қамтамасыз ету ОАК төрағасы жолдас Степановқа тапсырылды. Жоғарыда аты аталған «Кәрістерді қоныстандыру және жайғастыру» қаулысына сәйкес ХКК уәкілі жолдас Гильманға, ОАК төрағасы жолдас Степановқа ХЖК (халықтық жер комитеті) төрағасы Сырғабековқа, Х.К. азық-түлік өндіріс төрағасы жолдас Яхновичке, ХКС (сауда халық комиссиарты) төрағасы жолдас Ахмеджановқа, азық-түлікпен, транспортпен, жер телімдерімен, қоныстандыру мен жайғастыру тапсырылып, ХКК (халық комиссарлар кеңесі) қатаң бақылауға алды.
Су шаруашылығы басқармасы техкеңестің көшпелі сессиясының мәжіліс хаттамасына (12.09.1937 ж Қызыл-орда) сәйкес нақты иррагициялық нысандарды айқындау, арнайы көшірілген кәрістерді Сырдарияның төменгі сағасына жайғастыру мәселесі тыңдалды. Қатысқандар: Техкеңестің мүшелері; 1. Жобалық басқармасының бастығы Ценацевич, Алматы облысының облыстық су шаруашылығының бас инженері Смирнов, инженерлер Врид, Демисенко, НКЗ аға топырақтанушы Шилаев кеңесе отырып қаулы қабылданды.
1.«Арнайы көшірілгендерге» әрі қарай переселиндерге иррагациялық нысандарды нақтыланды:
А) Чиркейлі (Шіркейлі) 8000 га суармалы жерге 2500 шаруашылықты орналастыру,
Б) Чиили (Шиелі) 4500 га суармалы жерге 1500 шаруашылық орналастыру,
В) Кзыл Джарма (Қызыл Жарма) 3000 га жерге дейін келешекте 5000-6500 га жер игеріледі деп жоспарлануда, 1000 шаруашылықты орналастыру,
Г) Новая Басқара (Жаңа Басқара) 3000 га көлеміне 1000 шаруашылық орналастыру жоспарланды.
Яғни, актіде көрсетілген бірінші кезекте; 1. Чиркийлі – 3000 га, 2.Чиили – 1500 га, 3. Кзыл Джарма – 1500 га, 4. Новая Басқара – 1000 га суармалы жерлер игеріледі деп санауға болады. Осы қаулыға сәйкес, 4.09.1937 жылы акт түзілді. Актіде:
1.«Чиркейлі» массивіне Қызылорданың батыс беткейінде, шамамен 40 км қашықтықта орналасқан, Солтүстіктен шекараласатын массив Чиркейлі сағасы, Оңтүстіктен – ескі Джана Дарья сағасы жалпы массив Солтүстік-Шығыстан, Оңтүстік Батысқа дейін созылған. Брутто көлемі картада көрсетілген масштаб 1:100000-16-18 га суармалы жерді құрайды.
Барлық массив ескі және жаңа арықтар қазылып, суаруға ыңғайлы. Яғни, бұл массив күріш өндіруге өте қолайлы. Қаулының 5-ші тармағына сәйкес топырақ құрамы бойынша екі бөлікке бөлуге болады. (төбешіктерден басқасы) және игеруге ыңғайлы. Жарамды жер көлемі шамамен 8-10 мың га деп белгіленді.
Чиркейлі (Шіркейлі) сағасы магистральды канал есебінде пайдалануы керек. (Егер де суармалы жерлерді ұлғайтатын болса...) Жоғарыда көрсетілге негізге байланысты Техкеңес келесі шешімге келді.
1.Жоғарыда көрсетілген шекараға байланысты Черкейлі массиві 8000 га күріш өсіру мүмкіндігі бар және де өте тығыз (компактно) орналасқан.
2.Сумен қамтамасыз ету, артық суды ағызып жіберу ыңғайланған.
3.Рельеф бойынша, жер асты сулармен қамтамасыз етілген.
4.Көрсетілген белгілерге негізделе Техкеңес бұл жер переселендерге өте қолайлы, бұл іс-шара жобаны іске асыру үшін келесі жобалық жұмыстарды кеңінен іске асыру керек: а) бүкіл массив бойынша топографиялық, б) гидрогеологиялық жұмысты, в) Сырдария өзендегі гидрометриялық бақылау жұмысты, (басы Шіркейліден басталады) г) Чиркейлі сағасын ұзынау бойы «Қарабай арығына дейін көтеру керек жұмысы деп қаулы да көрсетілген.
Жоғарыда, Техкеңестің қаулысына сәйкес келешекте суармалы шаруашылықты кеңейтуге бар екенін атап өтті.
Яғни, Чиркейлі су жүйесі Ала Мәсекке дейін пайдалануға болады және Шіркейлі проблемасы ең ірі күрішті шаруашылық болатынына сенім мол. Жоғарыдағы аталған комиссия Қармақшы ауданындағы Жосалы массивіндегі каналды зерттеп, зерделей келе, бұл аудандағы массивті переселендерді орналастырып, шаруашылық ашуға қолайлы деп тапты.
Бұл акт Рыбаковтың төрағалығымен түзіліп, қол қойылған. «Аса құпия» грифімен Қ(б) КП ОК хатшысы жолдас Л.И.Мирзоянға, Каз.ССР Х.К.К. төрағасы жолдас У.Исаевқа ОКАК төрағасы Степанов пен ОКК (б)К.Досов жолдаған баянат тілхатта былай жазылған:
Қиыр Шығыстан арнайы көшіріліп әкелінген кәрістерден 5500 шаруашылық құру жөніндегі ойымды алға тартамын.
1.Переселен кәрістерді орналастыру мен жайғастыру қысқа мерзімде күріш өндіруші аудан есебінде іске асырылады.
Арнайы көшіріліп әкелінген кәрістер күріш өсіру технологиясын толық игерген және келешекке жоғарғы тауарлы колхозға айналады, күріштен басқа да дәнді-дақылдарды өсіруге жұмылдырады. Жоғарыда көрсетілген баянат тілхатта максималды түрде 5500 шаруашылық құруды переселендерді орналастыру және жайғастыру жоспарланғандығы көрсетілген.
Оған қоса суармалы көлемді ұлғайту бұрынғы иррагациялық қондырғыларды сақтап, жаңа каналдарды қазу және переселендерді келесі аудандар бойынша орналастырылсын:
1. Жаңа-Қорған ауданында 650 шаруашылық,
2. Қызылорда ауданында 850 шаруашылық,
3. Қазалы ауданында 800 шаруашылық деп көрсетілген,
Аты аталған аудандарға 100 мың рубль қаржы қарастыру есептелген, ирригациялық қондырғыларды жүргізуге 18 мың рубль қарастырылған. Жоспарланған жерлерге переселендерді орналастыруға, жайғастыруға, жобалық-сметалық құжаттама жасалынып, 250 мың рубль қарастырылған.
Ал, ирригациялық және тұрмыстық тұрғын үй құрылысына 43 млн рубль қажет деп көрсетілген. Белгіленген аудандарда шаруашылықтарды құруға переселендерді орналастырып, жайғастыруға: 1. Жаңақорған 650 шаруашылық, 2. Қызылорда 800 шаруашылық, 3. Қармақшы 320 шаруашылық, 4. Қазалыда 800 шаруашылық құру үшін 18 млн рубль жоспарланды.
Қорыта айтқанда, Қиыр Шығыстан көшірілген кәріс переселендерді жүйелі жоспарлы түрде жүргізілген. Мақалада тек ЖаңаҚорған, Қармақшы, Қызыл-орда, Қазалы аудандары бойынша мәліметтер келтірілді, ал Оңтүстік облысы бойынша статистикалық мәлімет мынадай;
1. Ленгер ауданы бойынша жалпы саны 32 шаруашылық,
2. Сайрам ауданы бойынша 38 шаруашылық;
3. Түлкібас ауданы бойынша 38 шаруашылық;
4. Жуалы бойынша 33 шаруашылық;
5. Мирзоян ауданы бойынша 94 шаруашылық;
6. Меркі ауданы бойынша 101 шаруашылық;
7. Арыс ауданы бойынша 6 шаруашылық;
8. Келес ауданы бойынша 48 шаурашылық;
9. Қаратас ауданы бойынша 35 шаруашылық;
10. Шәуілдір ауданы бойынша 10 шаруашылық;
11. Түркістан ауданы бойынша 49 шаруашылық;
12. Шаян ауданы бойынша 40 шаруашылық;
13. Пахта арал ауданы бойынша 20 шаруашылық;
14. Иіржар ауданы бойынша 51 шаруашылық;
15. Бостандық ауданы бойынша 15 шаруашылық;
16. Талас ауданы бойынша 20 шаруашылық;
17. Қызылқұм ауданы бойынша 30 шаруашылыққа кәрістер орналастырылып, шаруашылықтар құрылды.
Ал, Қызылорда, Қармақшы, Қазалы, Жаңа Қорған аудандары бойынша:
1. Қармақшы ауданы бойынша 10 шаруашылық,
1. Қазалы ауданы бойынша
2 0 шаруашылық,
2. Қызыл орда ауданы бойынша 20 шаруашылық
3. Жаңа Қорған ауданы бойынша 10 шаруашылыққа переселен кәрістер орналастырылып жайғастырылды.
Зерттеп-зерделе келе, Оңтүстік Қазақстан облысында переселен кәрістер жайлы мәлімет архив қорын 121 қор, тізім 1, бума 10, қор 121, тізім 6, бума 2, іс 29, қор 121, тізім 1, бума 1, іс 9, қор 21, тізім 1, бума 29, іс 1168, қор 121, тізім 1, бума 109, іс 1164 құжаттарында кездеседі.
Сонымен жоғарыдағы келтірілген мәліметтерге сәйке, мынадай қорытынды шығаруға болады. Қазақ қоғамындағы таптық күрестің, азамат соғысының күштеп ұжымдастырудың, ашаршылықтың нәтижесінде 7 млн қазақтың 2 млн қырылды. Аман қалғаны шет ел ауып босып кетті. Бос қалған қазақ жерін арнайы көшірілгендермен толтыру Кеңес өкіметінің түпкі мақсаты және оны саналы, жоспарлы түрде жүргізді. Кәріс диаспорасы орыстандыру саясатынан тыс қалмады. Кәріс балалары орыс мектептерінде оқытылды. Тектері кәрісше болғанымен есімдері, әкесінің аты АХАЖ-ға ресми орыс есімдерімен тіркелді.
Бабалардан қалған «өткен күн кешегі – тарих, келер күн ертеңгі – сыр, ал бүгінгі күн – үлкен сый» деген есті сөз бар. Бүгінде сол зорлықпен көшірілген кәрістердің ұрпағы қазақ жеріне төл перзенттей сіңіп кетті. ...қайраткерлері көптеп шығып, ел іргесінің бүтіндігіне, мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етіп жүр.

Ғани СҮЛЕЙМЕН,
қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясының мүшесі, Тәшенов
университетінің аға оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.