Шымкенттің көркіне көрік қосып, тұрғындардың қоршаған ортаға жанашырлығын арттырған «Менің гүлді аулам» байқауы өз мәресіне жетті. Өткен жылдың қазан айында бастау алған байқаудың жеңімпаздары анықталып, салтанатты жиында жүлделі сый-сияпат табысталды.
Жеңімпаздарды марапаттау жиыны Орталық саябақта өтті. Саябақта жылжымалы қолөнер жәрмеңкесі мен гүлдер көрмесі ұйымдастырылды. Флористер түрлі гүл шоқтарынан гүлдестелер жасаса, қылқалам шеберлері ең үздік туындыларын көрсетіп, балаларға шеберлік сағатын өткізді. Салтанатты жиында жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек «Менің гүлді аулам» байқауының қаланың көркеюіне, туристік әлеуетінің артуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
– Қаламыздың өсіп-өркендеуінде осындай байқаулардың маңызы зор. Бұл аға буынның жастарға өз ортасын көгалдандыруға, гүлдендіруге және еңбекке баулуға бастайтын бастамасы болмақ. Қаламызда 1300-ден астам аула бар. Байқауға қатысуға 92 аула тұрғыны өтінім берген екен. Оның 31-і жүлделі орыннан көрініп отыр. Жеңімпаздарды халық арасынан шыққан көгалдандыру саласының мамандары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері саралады. Алдағы уақытта өз ауласын көгалдандыруға ниетті тұрғындардың белсенділігі артып, жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп үміттенеміз, – деді қала әкімінің орынбасары.
«Менің гүлді аулам» конкурсын бағалау үшін 3-5 сәуір аралығында 7 кісіден құралған бағалаушы қазылар алқасы аулаларды аралап, тұрғындардың еңбегін бағалап шыққан. Әрбір аула басқарушысы мен тұрғыны конкурс барысында атқарылған жұмыс, көріктендіруге тартылған жұмыс күші мен қолданылған тыңайтқыштар жөнінде ақпараттарымен бөлісті. Ал, қазылар алқасы 12 сәуірде өткен бағалау отырысында жеңімпаздарды анықтап, жүлделі орындардың иелерін анықтаған. Қазылар алқасының төрайымы, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың директоры Гүлнар Сапарымбеттің айтуынша, байқауда жүлдегерлердің санын арттыру үшін қаржылай сыйлыққа өзгеріс енгізіліпті.
– Аулаларды аралау барысында тұрғындардың қоршаған ортаға, қаламызға деген сүйіспеншілігін көріп қуандық, ауызбіршілігіне тәнті болдық. Өзім көгалдандыру саласының маманы болғандықтан өсімдік пен ағаштың өсуіне қарай оған қандай күтім жасалғанын бірден байқаймын. Комиссияның алқа отырысында кеңесіп, байқауда белсенділік танытып, төңірегін гүл мен ағашпен көмкерген тұрғындарды ынталандыру мақсатында жүлдегерлердің санын 2 есеге арттырдық. Бес ауданнан үш орын бойынша 15 жүлдегер шығу керек болса, біз оны 31-ге жеткіздік, – дейді комиссия төрайымы.
Конкусқа қатысқан тұрғындар фестиваль шартына сәйкес, қаламыздың символына айналған қызғалдақты егуді назардан тыс қалдырған жоқ. Осы байқауда бақ сынау арқылы қала жұртшылығы тазалықпен бірге өз аулаларын көгалдандыру жұмыстарына машықтанды. Сонымен, салтанатты марапаттау рәсімінде 9 аулаға – 1 миллион теңге, 6 аулаға – 500 мың теңге, 9 аулаға – 250 мың теңге, 8 аулаға – 150 мың теңге, 1 аулаға – 100 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды. Ауласын гүлге көмкеріп, жеңіске жеткен, 1 млн теңге қаржылай жүлдеге ие болған Абай ауданы Асар шағынауданының тұрғыны Нұрайым Жұмаділлаева бұл қаражатқа өзі тұратын көпқабатты үйдің екі подъезіне жөндеу жұмысын жүргізетінін айтты.
–Жастайымнан гүл өсіруге, бау-бақшаны баптауға қызығып өстім. Гүлге құмарлығым бүгінгі жеңісіме себепші болып отыр. 2017 жылы Асар шағынауданындағы көпқабатты үйден пәтерлі болдық. Алғашқыда үй айналасы құрылыс заттарының қалдығына толы еді. Көршілермен бірге айналаны қатты қалдықтардан тазарттық. Аула топырағын органикалық тыңайтқыштармен байытып, раушан гүлін отырғыздық. Алайда, еккен гүліміз қурап қалды. Екінші жылы да сол жағдай қайталанды. Үшінші жылы көшеттеріміз көгере бастады. Жыл бойы еккен көшеттердің күтімімен өзім айналыстым. Пәтер жалдап тұрған кездерде «өз үйім болса, сол үйдің ауласын гүлге толтырсам» деп армандайтынмын. Сол арманға да жеттік. Жүлдегерлер қатарында үйіміздің нөмірі аталғанда қуанышымызда шек болмады. Көршілеріме «байқауда жеңімпаз атансақ, екі подъезге жөндеу жасаймыз» деп уәде берген едім. Енді сол уәдемді орындаймын, – дейді Нұрайым Асанқызы.
Байқауға қатысқан әрбір жанның еңбегі елеусіз қалмады. Тұрғындардың құлшынысына қарай ынталандыру сыйлықтары да тапсырылды. Қаратау ауданы Тұран шағынауданындағы 53А үйдің ауласына гүл көшеттері жаңадан егілгендіктен өзге аудандағы гүлдерден айырмашылығы бар. Биыл ғана игеріліп, топырағы жаңадан қопсытылған жерге егілген көшеттер енді көгеріп, жапырақ жайып келеді. Комиссия аталған аула тұрғындарына ынталандыру сыйлығын тағайындаған.
— Берілген қаржыны ауланы көгалдандыруға жұмсаймыз. Қазір ынталандыру сыйлығын алсақ, келесі жылы жүлделі орыннан көрінуге әрекет жасаймыз. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Бұл сыйлық бізді жігерлендірді, – дейді Тұран шағынауданы 53 А үйдің тұрғыны Қатира Ертай.
«Менің гүлді аулам» байқауы бір отбасының ғана емес, көпқабатты үйдің барлық тұрғындарының белсенділігін бағалауға арналған. Тұрғындар үйдің айналасындағы ағаштар мен гүлдердің күтімі, тазалығы үшін жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет етті. Шымкенттіктердің бұл еңбегі – қаланың гүлденуіне, көркеюіне қосқан өлшеусіз үлесі.
Бізді қатты қуантқаны, адамдардың сүйікті қаласына деген жанашырлығы мен махаббаты. Асар шағынауданының тұрғыны Нұрайым Асанқызы өзіне берілген 1 млн. теңгеге екі подъезге жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Жүлдегер болған Қатира Ертай қаржыны ауланы көгалдандыруға жұмсамақ. Былай қарасаң, өз еңбегіне берілген баға. Ақша өзінікі. Өз керегіне жұмсаса да болар еді. Бірақ, жүрегі үлкен адамдар халық игілігін таңдап отыр. Осындай қайырымды тұрғындары бар Шымкент еліміздегікөрікті қалалардың бірегейі болары сөзсіз.