Шымкент – үздіктер қаласы Избранное

Пятница, 07 Декабрь 2018 05:25 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4108 раз

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті жылдың қорытындысын жасады. Күні кеше Астанада Ұлттық спорт жүлдесін тапсырудың салтанатты кеші өтіп, оған чемпиондар, елімізге белгілі саңлақтар мен спорт ардагерлері, спорт саласының жетекшілері қатысты. Бұл – олимпиада комитеті өткізген дауыс берудің нәтижесі еді.

Спорт-1

Үздіктер конкурсы

Ұлттық спорт жүлдесі биыл осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Оған қатысу үшін әр спорт түрінен ұлттық федерациялар өз үміткерлерін әзірлеп, Ұлттық олимпиада комитетіне тапсырды. Ал ондағы мамандар үміткерлердің соңғы тізімін жасап, сайтта дауыс беруді жариялаған-ды.
Екі апта бойы қазақстандықтар өздерінің сүйікті спортшысына, бапкеріне, командасына, үздік федерация немесе таңдаулы аймаққа дауыс берді. Айта кетейік, конкурстың «Үздік спорттық аймақ» аталымына Шымкент қаласы да қатысты. Нақты айтқанда шымкенттіктер қалалық әкімдіктің дене шынықтыру және спорт басқармасына белсенді дауыс берумен болды.
Сонымен, 4 желтоқсан күні салтанатты кеште барлық номинациядағы үздіктердің есімі аталды.

Үздік аймақ

Спорт

Шымкенттіктер Ұлттық спорт жүлдесінде қос бірдей аталымда жеңіске жетті. Алдымен Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық аймақ» номинациясында оқ бойы озып шықты.
Үшінші мегаполис тұрғындары сүйікті қалаларына белсенді дауыс беріп, Шымкент конкурстың үшінші күнінде басқа өңірлерден 10 мың дауысқа озып кетсе, конкурстың соңында 100 мың дауыс артық жинап, сөзсіз жеңіске жетті.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын «Жылдың үздік спорттық аймақ» жүлдесін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа табыстады.

Үздік бапкер

Юсупова

Шымкенттіктердің мерейі үстем болған тағы бір номинация – «Жазғы спорт түрлерінен үздік бапкер» аталымы еді. Бұл жүлдені көркем гимнастикадан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері және Шымкент қалалық спорт мектебінің директоры Әлия Юсупова жеңіп алды.
Айта кету керек, шымкенттік көркем гимнастшылар биылғы спорттық жылдарын табысты аяқтады. Джакартада өткен байрақты сайыста Қазақстан құрамасының намысын қорғаған шымкенттік қыздар Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова құрлық чемпионы атанды. Үш алтын медаль ұтып алған қыздардың барлығы Шымкенттегі көркем гимнастика мектебінің шәкірттері болатын. Біздің қыздар ақтық сында Өзбекстан мен Оңтүстік Корея құрамаларын артта қалдырып кетті.
Жалпы, 2018 жыл Шымкенттің спорты үшін табысты болды деуге негіз бар. Республиканың үшінші мегаполисі атанған қаланың жаңа құрамасы құрылып, дүбірлі додаға қатысты. Әлем чемпионаттарынан 5 саңлақ миллионды қаланың алғашқы медальдарына қол жеткізді. Ал Азия ойындарында 14 спортшымыз құрлық жүлдегері атанды.
Ендігі бағдар – Олимпиада ойындарының лицензиясы. Шымкент спортшылары Токиоға жолдама ұтып алып, мегаполистің расында да үздік спорттық аймақ екенін дәлелдейтін күн алыс емес деп сенейік!

Последнее изменение Пятница, 07 Декабрь 2018 05:36
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.