Хорватия астанасы Загреб қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Қазақстанның дзюдо федерациясы.
Ұлттық құрама бұл әлем чемпионатында 3 медаль олжалады.
Қазақстан жастар құрамасы 82 ел арасында өткен жарысты 3 медальмен 9-орында аяқтады. Жалпы медаль саны бойынша Жапония жастары көш бастап тұр – 8 алтын, 2 күміс, 4 қола. Екінші орынға 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальдармен Әзірбайжан дзюдошылары жайғасса, Ресей құрамасының жастары үшінші орынға тұрақтады – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола.
Оңтүстікқазақстандық Дидар Хамза Әлем чемпионатының екінші күнінде Қазақстан құрамасының қоржынын бір қола медальмен толықтырды. 73 келіге дейінгі салмақ дəрежесінде белдескен балуанымыз алғашқы айналымда румыниялық Лазло Дэвидті, екінші айналымда Сардор Каримовты жеңіп, үшінші айналымда тəжікстандық Эрадж Абдуллаевты вазари ұпайымен жеңді. Ширек финалда Əзірбайжан дзюдошысы Зидаят Хейдаровқа есе жіберіп, жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Жұбаныш белдесуінде молдавиялық Лон Накуды ұтып, қола медаль үшін Геворг Манукянды голден скорда əдіс жасап, таза жеңіске қол жеткізді.
Сондай-ақ командалық жарыста Қазақстан құрамасы 5 орынға тұрақтады.