×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Ордабасы» жүлдеден үмітті

Среда, 19 Октябрь 2016 08:17 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4658 раз

Шымкенттік «Ордабасы» Премьер-лигадағы 30-тур ойынын Қажымұқан атындағы орталық стадионда керекулік «Ертіске» қарсы өткізді. Турнир кестесінде тиісінше, 3 және 4-орындарға жайғасқан бұл қос команда арасындағы ойын шын мәнінде, іріншіліктің шешуші кездесуіне баланғандай еді. Сол себептен де, бұл ойынға қос команда ойыншылары да ерекше дайындықпен келгені байқалды. «Ертіс» командасының бас бапкері Димитар Димитров 5 қорғаушы жүйесіне көңіл бөлсе, шымкенттік команданың тізгінін ұстайтын Бақтияр Байсейітов шабуылға иек артатынын аңғартты.

img

Ойындағы бірінші қауіпті соққыны «ордабасылық» легионер ойыншы Симчевич жасаған. Дегенмен, доп Антон Цирин қорғаған қақпадан сәл жоғары кетті.
Алғашқы гол кездесудің 15-минутында соғылды. Айып алаңына еркін енген «Ертістің» жартылай қорғаушысы Карлос Фонсеканы «Ордабасы» қорғаушылары шалып жығудан басқа амал тапқан жоқ. Нәтижесінде, Алмат Бекбаев қорғаған қақпаға 11 метрлік айып добы белгіленді. Ал мұндай мүмкіндікті Роман Мұртазаев тек жіберген жоқ. Есеп ашылды. Екінші гол да көп күттірген жоқ. Араға 6 минут уақыт салып, тағы сол Карлос Фонсека алыс қашықтықтан соққы жасап, қақпашыны қапыда қалдырды. Есеп – 0:2! «Ертіс» командасы басымдыққа ие бола түскен. Осыдан кейін ойын тізгінін біржола қолға алған «Ордабасы» бір сәт есепті қысқартудың ретін тапты. Айып алаңында допты қолмен тоқтатқаны үшін қорғаушы Семир Керла төреші тарапынан сары қағазбен жазаланды. Нүктеге келген Александр Гейнрих допты қақпаға дәл бағыттады. Есеп – 1:2. Араға бірер минут салып, Ордабасы есепті теңестірді де. Көтерілген бұрыштама добын Диакате қақпаға дәл бағыттады. Үзіліске қос команда тең нәтижемен тарқасты.
Ойынның екінші кезеңінде де «ордабасылықтар» қарсылас команда қорғаушыларына тыныстауға мүмкіндік берген жоқ десе де болатындай. Толығымен шабуылға ден қойған Байсейітов шәкірттері бір сәт қорғанысты ұмыт қалдырды. Мүмкіндігін мүлт жібермеген керекулік команда Елдос Ахметовтің шеберлігінің нәтижесінде, тағы да алға шықты. Кездесудің 87 минутында төреші Артем Кучин дөрекі ойынымен дараланған керекуліктердің қақпасына тағы бір 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны сәтті орындаған Александр Гейнрих маусымдағы өзінің 8-добын соқты. Осылайша, таблода 3:3 есебі тіркелді.
Бұл күні турдың орталық матчы ретінде алматылық «Қайрат» «Астананы» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде, турнир кестесінде тағы да шым-шытырық ахуал сақталып қалды. Яғни, көш бастаған «Астанада» – 68, «Қайратта» – 65 ұпай бар. Тиісінше, еурокубок ойындарында сәтті ойнап жүрген «Астананың» өзгелерден бір ойыны кем, яғни, әлі үш ойыны бар. Дегенмен, алғашқы қос жүлде осы аталған командаларға тиесілі болмақ.
Ал үшінші жүлденің кімге бұйырары да әзірге беймәлім. Жүлдеден үмітті «Ертіс» пен «Ордабасы» командаларының арасын 3 ұпай ғана бөліп тұр. Тиісінше, командаларда 48 және 45 ұпайдан бар. Алдағы қалған қос турда «Ертіс» көш басындағы «Қайрат» пен «Астананы» қабылдайды. Ал «Ордабасы» Көкшетауда «Оқжетпеспен», соңғы турда өз алаңында «Ақтөбемен» кездеседі. Яғни, қарсыластарының әлеует-деңгейіне қарап, «Ордабасының» жүлде алу мүмкіндігі зор деуге келеді.
Ел біріншілігі қазан айының 29-жұлдызында мәреге жетеді.