Олимпиада жүлдегерлері жерлестерімен қауышты Избранное

Среда, 24 Август 2016 04:56 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4043 раз

Рио-де-Жанейро Олимпиадасында абыройды асырған облыс спортшылары туған жерге оралды Күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл мен қола жүлдегер Отгонцэцэг Галбадрахты Шымкент әуежайында облыс жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды.

«Алға, Қазақстан», «Алға, Жазира», «Алға, Галбадрах» деген ұрандардан құлақ тұнады. Бәсірелі сында ел туын жоғары көтерген саңлақтарға деген құрмет ерекше. Шымкент әуежайына жеңімпаздардың қуанышын бөлісуге халық көп жиналыпты. Облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың құттықтауын жеткізді. 

Бұдан бөлек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, спорт ардагерлері Махамбет Сапарбаев, Ақжол Асқаров құттықтау тілегін арнады. Өз кезегінде спортшыларды бастап келген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев барша жанкүйерлерге алғысын білдірді. 

Спортшылар одан әрі «Shymkent bus» автобусына мініп, жеңімпаздар шеруіне аттанды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.