Бiзге керегi – Олимпиада жүлдесi

Пятница, 22 Июль 2016 07:07 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4666 раз

Сыналар сәт те келді. Олимпиада жолдамасын иеленген Оңтүстік боксшыларын жанкүйерлері шығарып салды. Жауапкершілік жүгі де ауыр. Мұны өздері де терең түсінеді. Боксшыларымыз 28 шілдеге дейін Астанада аялдап, әрі қарай Бразилияны бетке алады.
Жанкүйерлер үшеуінен зор үміт күтіп отыр. Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерәлиевтың қауқары көпшілікке мәлім. Шымкенттік шымыр қыз атанып үлгерген Жайна Шекербекова да боксқа кеше келген жоқ, талай соқпақтан өтті. Ұлттық құраманың бас бапкері, әрі боксшылардың жеке жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов та көпшілікті қуантпақ ниетте.

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА

 25b2916b5c49db617f52fa5ea48efee7-3
 65jlnrgbgcQ
 photo 63104

Туған жердің топырағы қашанда ыстық. Олимпиада алдында үшеуі де Оңтүстікке келіп, аунап-қунап қайтты. Ет-жақын бауырларымен жолығып, қазы-қартасын жолға дайындап дегендей.
Әсіресе, жанкүйерлердің көңілі таудай. Әрбірі де спортшыларды туған бауырындай жанына тартып, тілегін жаудырып-ақ жатыр. «Бұл жолы қытайлық боксшы жоқ, қалай да жеңіске жетеріңізге сенеміз», «ер кезегі үшке дейін, ерлік жасайтын сәт келді!», «көп тілегі көл», тағысын тағылар. Ыстық-ықыластарына тәнті боласыз. Көптің тілегі қабыл болуына бәріміз тілекшіміз.
Жолдама уысқа түскеннен кейін де біршама оқу-жаттығу жиындары өткен. Ұлттық құрама боксшылары Алатау баурайындағы АИБА академиясында тер төкті: тас көтеріп, тауда жүгіріп, жалпы күш-қуатын арттырды.
Бапкерлер де, басшылар да межелі жоспарды асыра орындаған. Қазақстан құрамасы Олимпиадаға тұңғыш рет толық құрамда қатысатыны әбден айтылды-ақ.
Жігіттердің ішіндегі жасы үлкені Біржан Жақыпов үшінші Олимпиадасына қатыспақ. Бұл – қазақ боксының тарихындағы елеулі оқиға. Бұған дейін үш рет Олимп шаршы алаңында бокстасқан бірде-бір өреніміз жоқ.
Еркебұлан Шыналиевтен кейін өз сүрлеуіміз жоғала бастағандай еді. Бар екен, кеудесінде намыс оты ұшқындаған ұл. Басқа емес, Шыналиев түлеп ұшқан «Жұлдыз» ауылынан тағы бір боксшы жарқ етті. Мырзағали Айтжановтың шәкірті Қайрат Ерәлиев әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Биыл Қытайда өткен лицензиялық турнирде де мақсатына жеткен.
Үшінші үміт артар – Жайна Шекербекова. Осыдан екі ай бұрын Астана төрінде өткен әлем чемпионатында үздік төртікке ілінген еді. Байқасаңыз, үшеуі де әлем чемпионатының және Азия ойындарының жүлдегері. Бізге жетпей тұрғаны – Олимпиада жүлдесі ғана.
ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде журналистер боксшылардың әңгімесін тыңдады. Сұрақтарына жауап алды. Әрине, мақсат белгілі. Олимпиадаға бара жатқан қазақ боксшыларының осалы жоқ. Барлығы іріктеліп, жолдама алды. Кімнің бағы мен бабы қатар шабады, солар жүлдеге ілінбек. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалды.
Бас жаттықтырушы бұған дейін екі алтын медаль, жалпы 4-5 жүлде алуды жоспарлағанын айтқан-ды. Бокс мамандары да жағдайды талдап, саралап жүргені белгілі. Бұл жолы ең күшті құрамда бара жатырмыз. Ең жасының өзі жастар арасында әлемнің, Олимпиаданың чемпионы.
Боксшылар басты қарсыластарының бәрін зерттеген. Кімге қандай әдіс қолдану керек, кім жылдам қимылдайды. Төрт жылдың ішінде бәрінің де әуселесін байқап көрген. «Қолғап түйістермеген бір ғана қарсыласым бар екен. Кубалық жас боксшы былтыр әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Сол мен үшін жұмбақ болып тұр», дейді Біржан. Кеудесінде Олимпиада жүлдесіне жетпей қоймаймын деген намыс бар. Әліге дейін алға сүйреп келе жатқан да осы емес пе?!
Қайрат та әлем чемпионатынан бері көптеген халықаралық турнирлердің дуына қосылды. Есесі кеткен сәттері де бар. Енді сол қателіктен қорытынды шығару қажет.

ҚАРСЫЛАСТЫҢ БӘРI ҚАЙРАТТЫ

Олимпиада өзгеше сайыс. Мұнда кімнің топ жарарын кесіп айту қиын. Бәрінің де мүмкіндігі бар. Бәріне дайын болу керек. Олимпиада жүлдесіне жету де ұзақ жол. Әуелден-ақ, кімдердің маңдайы жарқырар екен деген ой көпшілікті мазалап жүр. Жерлестеріміздің қарсыластары кімдер? Енді осыған келейік. 49 келіде кубалық жас вундеркиндтен бөлек, өзбек өрені Хасанбой Дусматов, шаршы алаң иесі Патрик Лоуренс, ресейлік Василий Егоров та қарымды жігіт. Бір назар аударатын жайт – ирландиялық Пэдди Барнс та үшінші Олимпиадасына қатысады. Ол – Бейжің және Лондон ойындарының қола жүлдегері.
Қайрат Ерәлиевтің қарсыластарының да қайратын бағамдап көрдік. Әсіресе, бокс жанкүйерлері мен бапкерлер мықтылар осы салмақта көп шоғырланғанын айтып отыр. Әлеуеттілері – Робейси Рамирез (Куба), Хедафи Джелхир (Франция), Майкл Конлан (Ирландия), Мұраджан Ахмадалиев (Өзбекстан), Шива Тапа (Үндістан), Чатчай Батди (Таиланд) және т.б. Осылардың арасынан озып шығу үшін ерлік көрсету керек. Жанкүйерлер білер, Ерәлиев 2013 жылғы әлем біріншілігінде Олимпиада чемпионы Робейси Рамирезді тұсаулап еді. Бұл салмақтағы 2003 жылдан бері бұйырмай жүрген жүлдені алып берген.
Рио-де-Жанейрода арулар бәсекесін екінші рет тамашалаймыз. Әр салмақта 12 боксшы бар. Кемі екі қарсыласты жеңсең жүлдеге ілінесің. 51 келіде Олимпиада жеңімпазы Никола Адамс (Ұлыбритания), Рэнь Канкань (Қытай), Станимира Петрова (Болгария), Сара Оураманның (Франция) шоқтығы биік.
Жайна Шекербекованың негізгі қарсыластары осылар. 2014 жылғы Азия ойындарының финалында алтыннан айырған үндістандық Мэри Ком бұл Олимпиададан тыс қалды. Бес дүркін әлем чемпионы, Лондон ойындарының қола жүлдегері електік турнирде де, әлем чемпионатында да көсіле алған жоқ. Бәсекелестіктің қайнап тұрғанын осыдан-ақ аңғарасыз.

ЖЕҢIСТI ДӘСТҮР

Облыс боксшыларының жетістіктері тарих беттерінде тұр. Әр Олимпиада сайын спортшыларды үкілеп қосып жүрміз. Төрт жылдықтың басты бәсекесінен бір алтын, бір күміс, бір қола иелендік. Бұған дейін ең үлкен нәтижеміз де, ең көп боксшы қатысқан кезең – 2000 жылғы Сидней ойындары еді. Сол жолы үш боксшымыздың біреуі алтын, біреуі күміс жүлдені қоржынға байлаған. Атлантада (1996 жыл) – біреу, Афиныда (2004) – екеу, Бейжіңде (2008) – екеу, Лондонда бір боксшы өңірден аттанды.
Тағы бір айта кетерлігі, әр қайсысында кемі ширек финалға жетіппіз. Атланта шаршы алаңында Нұржан Сманов (67 келі) ширек финалда кубалық Хуан Эрнандес Сьеррадан жеңілген. 1 алтын, 1 күміс иеленген 2000 жылы Олжас Оразалиев те ширек финалға дейін жетті.
Мұхтархан Ділдәбеков 2004 жылғы екінші Олимпиадасында ширек финалда Александр Поветкиннен (Ресей) айласын асыра алған жоқ. Әттеген-айы, Бейбіт Шүменов (81 келі) осы жолы 1/8 кезеңде Иылдырым Тарханға (Түркия) жол беріп қойған-ды. Бұл – ең төменгі нәтижеміз.
Бейжіңде Еркебұлан Шыналиев қола жүлдегер атанды. Біржан Жақыпов Бейжіңде де, Лондонда да ширек финал асуынан қайтты.

БIР ТОП ЖАНКҮЙЕР БАРАДЫ...

Бір ай бойы дүниені дүбірге бөлейтін Олимпиаданы көріп, тамашалап қайтуға бәрі де ынтық. Осы күні бір топ жанкүйерлер жолға дайындалып та жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен спорттың нағыз жанкүйерлері табылады.
Шымкентте Әбдімәжит Сыздықбеков деген кәсіпкер бар. Әбекең Бейжің, Лондон ойындарына барып, спортшыларға қолдау көрсетіп қайтқан. Мінекей, кәсіпкер азамат Бразилиядағы аламанға да аттанғалы отыр. Жанына кіші ұлы Алмасты да ертпек. Спортты сүю осындай-ақ болсын. «Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов және Иван Дычкодан алтын күтемін. Ер кезегі үшке дейін. Жақыповтың әбден тәжірибесі толысты. Бұл жолы қалай да жүлдеге жетуі тиіс» дейді өзі ағынан жарылып. Олар 5-і тамыз күні жолға шығады. Әлбетте, Бейжің, Лондон ойындарында жеңіске жеткен боксшылардың иығына жабылған көк Туымызды да алып бармақ. Әсіресе, Біржан Жақыповтың жеңісті сәтіне куә болмаққа асық. Өзінің айтуынша, Рио-де-Жанейрода бокс бәсекелерінің бәрін және ауыр атлетиканың төрт бағдарламасын тамашалауды ниет етіп отыр.
Біржанның әкесі Жақып ағамен де сөйлестік. Ол кісі де жолға дайындық үстінде. 7-8 келі қазыны баптап, дайындап қойыпты. «Бір Аллаға сыйынамыз. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Осы жолы ұлымның жүлдеге ілінетініне сенемін»,– дейді боксшының әкесі.
«Көптің тілеуі көл» деген. Боксшылардың жолға шығуына орай Шымкенттегі «Халал» мейрамханасында Құран оқылып, ас берілді. Махамбет Сапарбаев, Ақжол Асқаров, Сейдахмет Қонақбаев сынды облыс спортының ардагерлері спортшыларға ақ жол тілеп, батасын берді.
Біз де жолдарың болсын батырлар дейміз!

Последнее изменение Пятница, 22 Июль 2016 08:27
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.