Оңтүстiктен 21 Олимпиадашы Риоға аттанады

Среда, 20 Июль 2016 07:06 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3247 раз

Тамыздың 5-21 аралығында өтетін Жазғы Олимпиаданың басталуына санаулы күндер қалды. Қазақ елі бұл ғаламдық сынға 100-ден аса саңлағын үкілеп қоспақ. Оңтүстік Қазақстан облысы өкілдері де межелі жоспарды асыра орындап, 21 лицензияға ие болды. Бәрінің де дайындығы тәп-тәуір.

13669600 1012978328818506 5179364887755965213 n

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде спортшылардың дайындығы жөнінде брифинг өткізді. Оның мәлімдеуінше, жерлестеріміз спорттың 11 түрінен бақ сынайды: оқ ату, бокс, байдарка және каноэда есу, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, дзюдо, батутта секіру, стенд ату, садақ ату, көркем гимнастика және жүзуден сайысады.
– Дайындыққа Лондон ойындарынан кейін-ақ кірісіп кеткенбіз. Өткен ойындарда облыстан 10 жолдама болған. Сол кемшіліктердің бәрін зерделей келе, бапкерлер тиісті жұмыстарды жүргізді. Спортшылар барлық оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Біздің елімізде бокс өнері жақсы дамыған. Боксшылар осы жолы жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамыз. Себебі, бұл спортта үш жолдама бар. Ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл екі жыл қатарынан әлем чемпионатында күміс медальге ие болды. Дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг те жүлдеге таласа алады, – деді басқарма басшысы.
Облыс спортының тарихында тұңғыш рет паралимпиадашы Роман Агалаковтың (жүзу) әлеуетін байқаймыз.
Баспасөз мәслихатына ҚР бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, боксшылар Біржан Жақыпов және Қайрат Ерәлиев те қатысты. М.Айтжанов шәкірттерінен зор үміт күтетінін айтады. Боксшылар нағыз бабында қазір.
– Олимпиадаға бара жатқан қазақ боксшыларының осалы жоқ. Бәрі де іріктеліп, жолдама алды. Оның ішінде Біржан үшінші рет бара жатыр. Спортшылардың арасында жасы үлкені де өзі. Сәтін салса, жүлдесіз қайтпайды, – дейді ол.
Бұл мақсатта көп жұмыс атқарылды. Енді спортшылар төккен тердің өтеуін көрмек ниетте. Бағы жанса оған да жетіп қалар.
Басқарма басшысы да, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер қауымы да облыс спортшыларынан зор үміт күтіп отыр. 6 тамыз күні ең бірінші болып дзюдошы
Галбадрах Отгонцэцэг жарыс жолына шығады.
Айта кетерлігі, Олимпиадаға 206 мемлекеттен 10500 спортшы қатысады деп жоспарланған.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.