Оңтүстiкте бағы жанған балуан

Пятница, 24 Июнь 2016 07:15 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4078 раз

Ел дзюдосының еңсе тіктеп келе жатқаны көпке мәлім. Әлемдік аренада өз ұл-қыздарымыз топ бастайтын күнге де жеттік. Шүкір дейміз. Былтыр Астана төрінде әлем чемпионатын абыроймен өткіздік. Сол сында өз ұланымыз Елдос Сметов әлем чемпионы атанып, абыройды асқақтатқан еді.
Жуырда Халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан 5 спортшымызға Олимпиадаға қатысуға шақырту келді. Елдос Сметов (60 келі), Жансай Смағұлов (66 келі), Максим Раков (100 келі), Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) және Мариан Урдабаева (63 келі) Рио-де-Жанейро татамиінде белдеседі.
Ең жеңіл салмақтағы Отгонцэцэг Галбадрах аз уақыт ішінде әлеуетті дзюдошы екенін айдай әлемге паш етіп үлгерді. Мұны соңғы жетістіктерін түгендеп жүрген әрбір жанкүйер білер. Рас, Моңғолиядан келген шынашақтай қара қыздың Шымкентте дайындалып жүргеніне көп бола қойған жоқ. Әлемдік рейтингтің үздік бестігінен ойып тұрып орын алуына облыс басшылары тарапынан көп жұмыс жасалды. Жергілікті мамандар да оған Олимпиадада зор сенім артып отыр.

 

Жетi турнирден де жүлдемен оралды

Оның қарқынына таңданбасқа шараңыз жоқ: бір жылдың ішінде әлемдік рейтингтің басына бір-ақ шығу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Алға жетелеп жүрген де өзінің еңбекқорлығы. Жалпы, бүгінгі күнге дейін қатысқан жарыстарынан жер сүзіп қайтқан кезі жоқ. Гран-При турнирінен 3 алтын, 1 күміс, 3 қола иеленсе, Гранд-Слам турнирінде 1 алтын, 1 қоланы қоржынға салып берді. Ташкентте өткен Азия чемпионатының алтын жүлдесін сыйлады. Бағамдап қарасақ, жыл басынан бері жеті турнирге қатысып, жетеуінен де жүлдемен оралыпты! 

Әріден айтудың жөні келіп тұрған сыңайлы. Отгонцэцэг Галбадрах былтыр қаңтар айында Алаш туы астында күресуге бел буды. Ол Қазақстан және Моңғолия дзюдо федерациясы басшылары түзген ынтымақтастық жөніндегі меморандум арқасында іске асқанын айта кетейік. Бірінші ұсыныс айтқан Моңғолия тарапы. Ол өз елінде екінші нөмір бола жүріп, әлемдік додаларға қатысуға жолы даңғыл емес екенін сезген. Бапкерімен ақылдаса келе, ақыры Олимпиада, әлем чемпионатына қатысу арманын өзге елде жүріп орындауға ниеттенді.
Арманның ақиқатқа айналғаны осы емес пе?! Берілген мүмкіндікті пайдалана білу де ерлік. Елге келгелі ең алғаш Қарағандыда өткен ҚР Спартакиадасына қатысып, үздік шықты. Одан кейінгі қатысқан әлемдік додаларда сәтсіздікке ұрынғанымен, жігерлене түсті. Бастысы, жеңілістен қорытынды шығара білуде! Біраз уақыт халықаралық додаларда күреспей, уақыт жоғалтуы бәрібір кесірін тигізбей қоймады.
Биыл Отгонцэцэгтің бағын ашқан – Париждегі Гранд-Слам турнирі. Осы сын сәттілікке бастай білді. Іріктеу сынында жапониялық Ами Кондоны, финалда өзінің ежелгі қарсыласы Мунхбат Уранцэцэгті жеңіп, қайраттана түскенін байқатып еді. Екі қарсыласы да әлем чемпионы. Биыл Ташкентте өткен Азия чемпионатының финалында Мунхбаттан тағы да үстем шықты.
Мінекей, 2016 жылдың басынан бергі үлкен жарыстардың бәрінен абыройлы өткеніне көзіңіз жетеді.
– Жоғары дәрежедегі спортшы екенін дәлелдеп берді. Бір жылдың ішінде бұндай жетістікке жету оңай емес. Олимпиада шыңына шығуға толық дайын бұл қыз. Тек жарақаттан аман болса.
Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Оны елге әкелуге қолдау көрсеткен ҚР дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Марат Сәменбекұлының өзі. Федерация президенті Кеңес Рақышев барлық жағдайды жасап қойды. Облыстық спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ. Гран-При, Гранд-Слам жарыстарына, оқу-жаттығу жиындарынан қалмайды, – дейді Азия чемпионы, бүгінде Шымкент қалалық № 10 күрес мектебінің басшысы Мұратбек Қыпшақбаев.

er  28q8141

Отгонцэцэгтің дайындығы «Сұңқар» спорт кешенінде, көз алдында өткен. Одан әрі Қазақстан құрамасымен бірге оқу-жаттығу жиындарын «БИІК» кешенінде өткізді.
Спортшының жайын спортшыдан артық кім білген. Бұл мақсатта көп тер төгілді. Енді осының нәтижесін көрсек...

 

«Мұндай тәжiрибе әлемде бар»

Мұратбек Сұлтанбекұлы – бүгінде облыстық дзюдо федерациясының президенті. Федерация тарапынан демеушілер тартып, қолдан келгенше жәрдем беріп те жүр.
ҚР дзюдо федерациясы ізденіс үстінде. Біз де бір орында тұрмауымыз керек. Мұндай тәжірибе әлемде бар. Тәжірибелі спортшының жақсы жағын үйренуге ұмтылсақ. Олардың жаттығу үрдісі де ерекше. Спортшыларымыз онымен күресе жүріп, тәжірибесін ұштап та алды. Көре алмаушылық, қызғаныш деген болмаса екен.

er  28q8580

Бұрынғы дзюдошы, бүгінгі басшы азамат осылай ой түйді. Өйткені, Моңғолияда дзюдо қарқынды дамып жатыр. Спортшылары әлемдік деңгейде өте мықты. Ерлері де, әйелдері де. Осы салмақта рейтингте бірінші тұрған моңғол қызы – Мунхбат. Әр салмақта бірінші, екінші, үшінші нөмірлілері бір-бірінен асып отырады.
Білікті басшының шырылдауын түсінуге болар. Әңгіме соңында «Өз мектебімнің жаттықтырушыларына үнемі «үйреніңіздер, қараңыздар, түсінбесеңіздер сұраңдар» деп айтамын. Шәкіртіне қандай тапсырма берді, соны жазып ала берсек, ертеңге пайдасы көп» деген ұсынысын қоса жеткізді.

Базарбектiң еңбегi басымырақ

Ол қызды өзгелерден ерекшелейтін қасиеті – төзімділігі. Қиындыққа төзе біледі. Берген тапсырманы толық орындайтынымен дараланған. Таңертең екі жарым сағат, кешкісін екі жарым сағаттай жаттығу күнделікті әдеті. Яғни, күніне бес сағат дайындық. Таңертеңгі уақытын жалпы дене жаттығуына арнаса, кешке тек кілемде белдеседі. 

Біреу білер, біреу білмес, жерлесіміздің Олимпиадаға жолдама алуына бірден-бір үлес қосқан азамат – Базарбек Дөңбай. Азия чемпионы, екі Олимпиада ойындарына қатысушы азамат татамиде техникалық, тактикалық дайындықтың жетілуіне көп жәрдем берді. Тәжірибенің аты тәжірибе. Жеке бапкері күнделікті жаттығуда он белдесуге он ер баланы дайындап қояды екен. Солардың бәрімен күресіп шығуы тиіс. Бірде бапкер «Бізге тек қана Базарбек керек» деп бір-ақ кесіпті. Бүгінде Базарбек Орынбайұлы республикалық қыздар құрама командасында көмекші бапкер болып бекітілген.
– 2015 жылдан бастап бірге жұмыс істедік. Күресіп, оң және сол жақ әдістерінің кемшіліктерін айттым. Көп қарсыласы солақай екен. Техникалық, тактикалық жұмыстар ғой. Дене дайындығына да көп көңіл бөлінді, – дейді Б. Дөңбай.
Соңғы төрт жарысына бірге барған. Жаттығу жиындарында да жәрдем беріп жүр.
Бұдан бөлек, өзінің жеке бапкері Энхбатыр Дашжамц та шеберлігін шыңдап келеді. Өзі де кезінде күрескен. Қазір Қазақстан қыздар құрама командасында кеңесші бапкер болып қызмет атқарады. Шәкіртін қай жарыс үшін күресу керек, қайсысына күреспеу керектігін өзі шешеді.
Оңтүстікке әбден бауыр басып қалғаны шығар, моңғол қызы бүгінде қазақша тіл сындырып жүр. «Рақмет», «сәлеметсіз бе», «сау болыңыз» деген сөздерді майыстырмай, айта біледі. Ең қуаныштысы, еліміздің Әнұранын жатқа айтатынына да куә болдық. Облыс бапкерлері ыңғайға тартып, «Гүлбану» деп ныспы беріпті. Біздің ұлттық тағамдарымызға деген құрметі де бөлек әңгіме.

«Жеңіске жету өз қолымда»

Олимпиадаға дейін әлі екі ай уақыт бар. Облыс басшылары «Гүлбануды» бір ай еліне барып, демалып қайтуға жіберіпті. Жарақатын емдетіп, денсаулығын дұрыстау үшін. Одан кейін Оңтүстікке келіп, дайындыққа кіріседі.
– 1-3 шілде аралығында Ұлан-Батырда Гран-При турниріне қатысамын. Бұл дайындық жарысының соңғы кезеңі. Шілденің аяғында Сан-Паулуға дайындыққа аттанамыз. Әрі жерсіну, әрі соңғы дайындықты пысықтау үшін. Басты қарсыласым – жапондық Кондо. Әлемнің екі дүркін чемпионы. Кореялық қарсыласым да әбжіл қимылдайды. Бәріне дайындық керек. Қалай болғанда да есемді жібермеймін. Басты мақсатым – Олимпиада алтыны. Біз мақсатқа жеткенше еңбектене береміз, – дейді спортшының өзі.
Дайындық жақсы. Әлеует те тасып тұр. Жеребе дұрыс болса дейміз. Басты қарсыластарымен бұған дейін күресіп, бәрін де жыққан. Соңғы мәрте оған әбден көзімізді жеткізді де. Олимпиадаға дұрыс алып бара алсақ болғаны. Бапкерлер осылай деп отыр.

Последнее изменение Пятница, 24 Июнь 2016 07:25
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.