Олимпиадаға жолдама алды Избранное

Среда, 25 Май 2016 03:48 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4848 раз

Астанада өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем біріншілігі соңына таяды. Жүлдеге жеткен боксшылардың есімі толық анықталды. Кеше өткен ширек финалдық бәсекеде алты бірдей отандасымыз жартылай финалға қадам басты. Олардың арасында Жайна Шекербекова 51 келіде жүлдемен қатар Олимпиада жолдамасын да иеленді.

IMGL3691

Әйелдер арасындағы әлемдік сайыс осылайша сәттілікке бастап отыр. Алты боксшымыз жүлдегерлер тізіміне енсе, оңтүстікқазақстандық Жайна Шекербекова жанкүйерлерге Олимпиада жолдамасын сыйлады. 

«Барыс Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер спортшыларымызды қолдап-қуаттап отырды-ақ. Ширек финал асуында сегіз боксшымыз жұдырықтасып, оның алтауы жеңіс тойын тойлады. Күндізгі сессияда Назым Қызайбай (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Айжан Қожабекова (57 келі), Валентина Хальзова (69 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+ 81 келі) қарсыластарынан қайратты шыққан. Осынау жеңістен қанаттанған Жайна да кешкі сессияда германиялық Азизе Ниманиді 3:0 есебімен жеңді. Жерлесіміз оған дейін аргентиналық Клара Лескуратты, солтүстіккореялық Ри Хианг Миді қапы қалдырған еді.

IMGL3847

Ертең әлем чемпионатының жартылай финал жекпе-жектері өтеді. Рио-де-Жайнейро Олимпиадасының жолдамасын қоржынға салған боксшының келесі қарсыласы – Олимпиада чемпионы Никола Адамс (Ұлыбритания). Шешуші айқасқа жолдама берер бәсекеде бақ сынайтын боксшыларымызға сәттілік тілейміз! 

Айта кетсек, Жайна Шекербекова 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында туған. Бүгінде ол белгілі бапкер Виктор Нечайдан тәлім алады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.