Версия для печати

ТАШКЕНТТЕГІ БОКС БӘСЕКЕСІ

Пятница, 19 Май 2023 06:03 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3439 раз
Оцените материал
(0 голосов)

тарихи жеңіс сыйлады

14 мамыр күні Ташкентте (Өзбекстан) аяқталған бокстан дүниежүзілік чемпионатта қазақ ұландары мерейді тасытып, жарқын жеңіспен қуантты: қоржында – 4 алтын, 1 күміс. Санжар Ташкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) және Нұрбек Оралбай (80 келі) қоңсы елде Әнұранымызды төрт рет шырқатты. Иә, қазақ спорты тарихына жазылған кезекті ғаламат жеңіс елдің еңсесін көтеріп тастады. Жеңісті сәт ұзағынан болғай!

55

 

Тарихтың жаңа бетін ашқан ұландар

Осыдан 10 жыл бұрын Алматыда өткен әлемдік бәсекеде Қазақ елі боксшылары 4 алтын жүлдеге иелік еткен. Өз еліміздегі аламанда. Міне, содан бері ол нәтижеге қолымыз жетпей жүрді. Мінкей, араға он жыл салып жеңісті дәстүріміз жалғасты.
Ташкент шаршы алаңында атой салған жеңімпаз ұландарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Бокстан әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектерін зор қызығушылықпен тамашалағанын, жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен боксшыларға ыстық ықыласын жеткізді. Иә, Асланбек Шымбергенов бастаған қазақтың алтын ұлдары барша жанкүйерлерге алғыс айтты.
Бәрі де жастар арасында әлем чемпионаты, ересектер арасында Азия чемпионатының жүлдегерлері. Төккен тер текке кеткен жоқ. Бұған дейін Санжар Ташкенбай жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасында Азия чемпионы атанған. Нұрбек Оралбайдың жастар арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар. Азия чемпионатының жеңімпазы Асланбек Шымбергенов – 10 жылдан астам ұлттық құрамада жүрген жампоз. Ал Махмұд Сабырхан 2021 жылғы әлем чемпионатының және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Дулат Бекбауов та құрлық чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.
Әлем чемпионатының финалына бес отандасымыз шықты. Екі күнге жоспарланған финалдық бәсекеде бәрі де жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жеңісті жолды 19 жасар Санжар Ташкенбай бастап берді. Қазақ жанкүйерлерінің керемет қолдауын сезінген жігіттер 4 алтын жүлдені қоржынға салды. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов та бірінші күннен бастап-ақ қазақстандықтар жанкүйерлік танытқанын айтады. Марапаттау рәсімінде де отандастарымыз Әнұранды қосыла шырқап, патриоттықтың ерен үлгісін паш етті.
Сонымен, кезекті әлем чемпионатында ҚР ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Өзбекстан туының астында бақ сынаған дарынды қазақ өрені Руслан Абдуллаев та топ жарды. Сондай-ақ, Қытай елінің атынан сынға түскен қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан күміс жүлдегер атанды. Осылайша, тарихта алғаш рет 5 қазақ ұланы әлем чемпионатында атой салды.
Жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы бірінші орын алса, Қазақ елі боксшылары екінші орынға жайғасты. Ресей үшінші, Куба төртінші орынға тұрақтады.
Алда – Жазғы Азия ойындары. Енді ұлттық құрама боксшылары сол жауапты бәсекеге дайындықты бастайды. Олимпида ойындарының жолдамалары үлестірілетін маңызды сынға кімдердің баратынын бапкерлер құрамы анықтайды.


Махмұд Сабырхан уәдесін орындады

Шымкент қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері клубының» спортшысы Махмұд Сабырхан 54 келі салмақта әлемнің үздігі атанып, өз уәдесінің үдесінен шықты. Ол Венгрия, Үндістан, Гана, Куба елінің мықтыларынан басым түсіп, финалға шыққан-тын. Шешуші сәтте шаршы алаң қожайыны Ойбек Жураевты тас-талқан етіп жеңді. Әлем чемпионатында бес кездесу өткізіп, жекпе-жектің бәрін де 5:0 есебімен аяқтады.
Махмұд Сабырхан – намысқой, дарынды және еңбеққор спортшы. Айтқан уәдесін орындамай тынбайтын талапты жас. Әлемдік сайыстың күміс жүлдесін алған сәтте көзіне жас алып тұрып, келесі чемпионатта елге алтын жүлдемен оралатынына уәде берген. Жаратқан сәтін салып, міне, Ташкент төрінде сол мақсатына жетті. Жас дарын мұнымен тоқтамақ емес. Алда әлі талай дүбірлі сындарда топ жарғысы келеді.
Бокс мамандары Махмұд Сабырханның техникалық әдіс-айлаларына таңданыстарын білдіріп-ақ жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен қарсыласты төпелеп өтіп, жарқ-жұрқ еткен қимылы көпшілікті сүйсінтеді. Тіл-көзіміз тасқа.
IBA мамандары да Махмұд Сабырханның өзбек боксшысына қарсы финалдық кездесуінен үзінді жариялап, отандасымыздың техникалық шеберлігін атап өткен.
Жартылай финал, финалдық сындарды тамашалауға елімізден барған жанкүйерлер, спорт жанашырлары, белгілі азаматтар көп-ақ. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов те жанкүйерлердің арасынан бой көрсетті.
HUMO ARENA спорт кешеніндегі осынау жеңісті сәтке біз де куә болдық. Әлем чемпионатынан ақпарат тарату үшін бір ай алдын медиа аккредитациядан өткенбіз. Ташкентке белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Әбдімәжит Сыздықбеков, оның ұлы Алмаспен бірге түс әлетінде жеттік. Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарында отандық спортшыларға қолдау көрсетіп жүретін Әбдімәжит аға бұл бәсекені де көруге бел байлапты.
2017 жылы Азия чемпионаты Ташкентте өткен-тін. Көрші мемлекет биылғы әлем чемпионатын да жоғары деңгейде өткізуге күш салыпты. Алып спорт кешенінде БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалыпты. Қазақ елінен барған әріптестер, шетелдік журналистер, фототілшілер, бәрі-бәрі ынтымақта жұмыс істеді. Жалпы, 100-ден астам БАҚ өкілі тіркелген.
Қазақстан бокс федерациясы, спортты дамыту дирекциясы, түрлі сайттардың қызметкерлері, онлайн медианың мамандары, блогерлермен бірге тартысты жекпе-жектерді тамашалап, боксшыларға қолдау көрсеттік.

Әнұранды қосыла шырқады

Ұлттық рухтың асқақтағанын, Отанды шынайы сүюді осындайда сезінеді екенсің. Трибунадағы қалың қазақ жанкүйерлері боксшыларды «Қазақстан, Қазақстан» деп ұрандатып қарсы алып, осылай шығарып салады. Бәсеке өткізіп болған бетте боксшылар да жанкүйерлердің қолын алып, алғысын білдіріп өтеді. Тоқтарбек Таңатқан, Руслан Абдуллаевты да жанкүйерлер құшағына қысып, естелік суретке түсуге құмбыл. Қандай әсерлі сәт! Расында, спорт кешенінде еліміздің Әнұранын жанкүйерлер қосыла шырқады. Тіпті, Әнұран тоқтап қалса да жанкүйерлер соңына дейін аяқтады. Жеңіс елге мұра, ұрпаққа ұран.
Иә, кезекті әлем чемпионаты жаңа есімдерді танытты. Олимпиадалық салмақтарда А.Шымбергенов (71 келі) пен Н.Оралбай (80 келі) топ жарды. Алда жаңа міндеттер мен жаңа белестер тұр. Токио Олимпиадасында 2 қола жүлде бұйырған. Енді сол олқылықтың орнын толтыруға жаңа жоспарлар жасалады. Қазір әлем боксшыларының да шама-шарқы өскен. Барлық елде боксты дамытуда жүйелі жұмыстар жасалып жатыр.
Ұлттық құраманың тізгінін белгілі маман Мырзағали Айтжанов қайта ұстады. 2013 жылы әлем чемпионаты, 2014 жылы Азия ойындары және бірқатар Азия чемпионаттарында еліміздің боксшылары тарихи жетістіктерге қол жеткізген еді. Білікті маманның жетекшілігіндегі ұлттық құрама 2023 жылғы әлемдік сайыста да ұлттық рухты көтеріп тастады.
Осылайша, жарқын жеңіспен, ерекше сәттермен әлем чемпионаты тарих қойнауына кетті. Бұл жеңіс әлі талай айтылар. Жасөпірімдердің шаршы алаңды жағалап, осы спортқа зор құлшынысын оятары да анық жайт.
Сондай-ақ, біз осы чемпионат барысында қазақ-өзбек достығына да куә болдық. Қазақстан және Өзбекстанның ұлттық құрамалары «Inspira-S Ташкент» қонақүйіне жайғасыпты. Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақтың жеңімпазы Баходир Жалоловты жеңісімен құттықтап, екі спортшы құшақтаса жөнелді. Осылайша екі ел боксшыларының достық қарым-қатынаста екені көпшілікті тәнті етті. Бұл жағдай сол жерге жиналған жанкүйерлерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Қонақүйдегі қазақ-өзбек жанкүйерлер «Қазақ-өзбек - бауырлар!» деп, ризашылықтарын білдірді.
Біз бауырлас елдегі осындай ғаламат жеңісті және қуанышты сәттерді көріп, елге қайттық.

Тағабай ҚАСЫМОВ
Шымкент–Ташкент–Шымкент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.