Алланың нығметiне бөленген күн

Вторник, 05 Июль 2016 06:25 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4814 раз

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамының алғашқы күні. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Ораза шартын орындаған жандар ауыздарын ашады. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, ерекше ілтипатпен атап өтеді.

313212

Өйткені Рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Рамазан айынан Рамазан айына амандықта, саулықта жеткізгені үшін Жаратқанға мадақтар айтылып, шейіт болған аруақтарға бағышталып құран оқылады. Ораза айт мерекесi шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi, айт күнінде көпшілік жұма намазына тән болып келетін Алланың нығметіне ие бола алады. Яғни, жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де осыншалық сүннет жасалады. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт – көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке. Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.

Әрбір мұсылман айт күндері мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:

– Көп зікір айту, яғни Алла Тағаланы көбірек еске алу, нәпіл намаздарын, құран, діни әдебиеттерді оқу;
– Сауапты істермен айналысу;
– Ғұсыл құйыну, яғни көшеге, намазға тазаланып, дәретпен шығу;
– Жағымды иіс майлар себу;
– Жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
– Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту, яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу;
– Айт намазына балаларды да қатыстыру;
– Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауы;
– Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
– Араздасушыларды татуластыру;
– Науқастардың көңілін сұрау, т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін амалдар болып табылады.

Айта кетейік, айт мерекесі Рамазан айынан кейін келетін - Шәууәл айында атап өтіледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбеттерін Шәууәл айында да ораза тұтуға үндеп, оның сауабының молдығын айтқан. Хадисте: «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей», – деген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез-келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбей немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау – абзал.

Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Айт құтты болсын, ағайын!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл
имам орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.