«Таблиғи жамағат» ұйымының қауiптiлiгi неде?

Среда, 29 Июнь 2016 05:57 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 5927 раз

«Таблиғи жамағат» еліміздің барлық өңірлеріне тарап, танымал болған топтардың бірі. Оның негізін Үндістанның Кандахла штаты Сахарнуфур елді мекенінде дүниеге келген Мұхаммед Ильяс Әл-Кандахлауи 1926 жылы қалаған. Алайда, қолда бұл кісінің өмірбаяны жайлы деректер өте аз.

1339987584 religiya-vko-m9eybyoymwj9ctbnfq9xl64a2fisd6rsv9g30ayvuqҮндістанның Сахарнуфурінен бастау алған таблиғшы жамағаттың идеологиясы уақыт өте келе көрші Пәкістан, Бангладеш, кейіннен Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирак, Араб елдеріне тарады. 

Бұл ұйым мүшелерінің діни сауаттары төмен, тіпті басым бөлігінің сауаты мүлде жоқ деуге де болады. Ағым жақтастарына тән ерекшеліктер: жұпыны киіну, жұпыны төсек-орынды қанағат тұтып, тамақтану. «Ырзықты жолымызда Алланың өзі жетістікке жеткізеді» – деп, шамалы қаражатпен ғана жолға шыға береді. 

«Таблиғшылар» топ-топ болып, белгілі бір елді мекенді бағытқа алып аралауды мақсат тұтады. Ұйымның кейбір мүшелері бұндай сапар кездері өздері тұрақтайтын мекенжайларды дайындаумен айналысса, қалғандары үйді, базарларды аралап, көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

Бұл топтың «Таблиғи жамағат» деп аталу себебі неде? Бұл сауалға топқа мүшелік ететіндердің өз жауаптары: «Таблиғи» сөзі «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағыналарды берсе керек. Өздерін осылайша атауларының себебін олар: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисіндегі:«Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер!» – деген сөзімен байланыстырады. Аллаға жақын болуға шақырушы әрбір адам «таблиғшы» – «жеткізуші» болып табылады, сондықтан ондағы жамағат өздерін «таблиғи жамағат» деп атаған.

Бір қараған адамға таблиғшылардың бұл дәлелдері орынды сияқты көрінгенімен, зерделей келе ол пікірдің орынсыз екендігін аңғаруға болады. Біріншіден, олардың келтірген хадисі «умуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни, бұл хадистегі «жеткізіңдер» – деген сөз жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқанымен, жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па, қандай тәсілмен, қашан, кімдерге жеткізу қажет екендігі жайлы түсінікті етіп айтылмаған. Сондай-ақ, бұл хадисте аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған сілтеу болатын сөз де келтірілмеген. Сондықтан, бұл хадис «Таблиғи жамағат» сияқты жамағаттың болуына шарғи тұрғысында дәлел бола алмайды. Ал шарғи дәлел бола алмаған жерде мұндай жамағаттың болуы қажет деген тұжырым жасау да шариғат бойынша қателік болып табылатыны ақиқат. Өйткені Құранда топтарға бөлінбеу туралы анық нұсқаулар берілген. 

Дәл осы топқа мүшелік етушілер имамдардың қарсылық жасағандарына қарамастан, өздері дағуатқа барған елді мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды. Сол мешіт имамдарының қарсылықтарын елемей, өздерінің уағыздарын жүргізеді. Бұндай кездері сол елдің мұсылман жамағаты немесе имамдарымен пікірталасқа түсіп, дауласып жатады.
Негізінде, Ислам діні тазалықтың, көркемдік пен әдептіліктің діні. Сондықтан, өз ортамызда «Таблиғи жамағат» сияқты шектен шығып, асыра сілтеушілікке бой алдырған топтарға жол беруге болмайды.

Шынболат ҮМБЕТОВ,
Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің наиб имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.