×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Салт-дәстүр және терроризмге қарсы күрес

Среда, 22 Июнь 2016 10:36 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 6073 раз

Қазақ халқының  көнеден бүгінге дейін жеткен сан-салалы мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі қалыптасқан. Осындай қасиеттерге қоса еліктегіш қасиеттеріміз де жоқ емес. Достыққа беріктігіміз, жауға сес көрсете алатынымыз тағы бар.

1f00568b42c20c95eaf9f7b151c1160e

Халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрі көп. Алайда олар екшеліп, сараланып, ұлттық жадыда дұрысы ғана қалып, өзгесін қалдырып отырған.
Дәстүр – мәдениетпен тығыз байланысты. Сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Атап айтқанда, қазақта ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады десек, онда жоғарыда айтылған еңбектегі қазақи ұяттың түп-қазығын иманнан, әдептілік пен әділдіктің бастауын діннен көреміз.
Ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Біздің қазақтың ұлттық және діни дәстүрлерінің саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі ұшан-теңіз. Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады.
Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес мәселесі аса өзекті болып отыр. Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризм барлық түрлері және көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды. Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен кедей елдерде де орын алып отыр. Терроризмнің өріс алуы кез келген елдің әлеуметтік жағдайына қатысты емес, дінмен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол – өне бойы жауыздыққа толы індет. Бірде-бір мемлекет бұл жұқпалы вирустан аман қалған жоқ. Барлық араб және Африка елдері, Азия құрлығы, Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Испания, Норвегия және тағы басқа елдер терроризммен бетпе-бет келіп, зардап шекті.
Соңғы кездері экстремистер бейбітсүйгіштікке, ұстамдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға түсіністікпен қарауға тәрбиелейтін Ислам дінін ушықтыруға, басқа өрке-ниеттермен қақтығыстыруға талпынуда, осы арқылы тек дінаралық татулықты емес, сонымен қатар мұсылмандар арасында да іріткі салуда.
Біздің пікірімізше, Ислам фундаментализмі, яғни, салафизм идеологиясы діни радикализмінің пайда болуына қатты ықпал етуде. Бұл жат идеологияны жақтаушылардың көзқарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда емін-еркін өмір сүретін дәстүрлі Исламмен сәйкес келмейді. Сондықтан фундаменталистер ханафи мазхабындағы дәстүрлі дінімізді ұстанушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті салт-дәстүрімізден безіп, олардың айдауында өмір сүруімізді талап етуде.
Террористердің қауіптілігі сонда, қой терісін жамылған қасқыр іспеттес, қасиетті Құран аяттарының үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.
Алайда терроризм және Ислам – бір-біріне түпкі тамырынан бастап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Дегенмен, бүгінгі таңда халықаралық терроризм исламмен байланыстырылады, осы арқылы ұлтаралық алауыздық және діни төзімсіздік туындайды.
Террористерде не аяушылық, не адамгершілік қасиеттер жоқ. «Терроризм» сөзінің өзі араб тілінде «ирхаб», яғни, «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, балаларды аяусыз өлтіреді, оларды ата-аналарынан айырып, жетім етеді.
Бүгінгі таңда халықаралық терроризм және діни экстремизм асыл дініміз — Исламға да залалын тигізуде. Террористер – Құранның негізгі қағидаларын да білмейтін діни сауатсыз адамдар. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі Ислам нанымына қайшы келеді. Алла Тағала адамдарға өзі белгілеген шектен шықпауды бұйырды және жерде зұлымдық жасауға, әділетсіздікке, зорлыққа, өлтіруге және қан төгуге тыйым салды. Бұған байланысты қасиетті Құранда «…Алла өзі қойған шектен шыққандарды ұнатпайды» деген аят бар. Сонымен қатар, мұсылман баласы Жаратушы Иесінің алдында өзге адамдарға қылмыс жасамау туралы ескертпегендіктері үшін де жауап береді. Нағыз мұсылман адам жер бетінде арсыздыққа жол бермей, керісінше игілік және ізгілікке ұмтылуы тиіс. Алланың қасиетті кітабында қоғамдық тәртіп бұзуға қатаң тыйым салынған. Құранның «әл-Ағраф» сүресінің 56-аятында «Тәртіпке келтірілгеннен кейін жер бетінде бұзықтық жасамаңдар» деген Алланың әмірі бар.
Құранда өз-өзіне қол жұмсау да үлкен күнә болып саналады. Мұсылман ғұламалары беліне жарылғыш заттарды байлап, жазықсыз жандар арасында өзін-өзі жарып жіберетіндерді қатты айыптайды. Өйткені, Алла Тағала өзін-өзі өлтіруге ашық тыйым салған. Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында «… өздеріңді өздерің өлтірмеңдер…» деген әмір бар. Сондықтан, Аллаға деген сенімі зор және Құранның жолымен жүретін мұсылман баласы мұндай әрекетке ешуақытта бара алмайды.
Ислам өнегесімен тараған ұлттық салт-дәстүріміздің негізі – бұл қайырымдылық, жомарттық, адамдарға ізгі ниеттілік, кешірім және әділдік. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өмірде пайдалы іс істейтін адамдар – Алланың сүйікті құлдары болып саналады. Ал ең пайдалы іс – бұл мұсылман бауырыңа қиналғанда қол ұшын беру, ашыққанда – азық беру, тарыққанда – қарызын өтеу. Мұсылман бауырыңа жасаған жақсылығың – мешітте бір ай бойы жатып, дұға айтқаныңнан да артық.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің тағы бір хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды» деген екен.
Ең бастысы – біз қоғамда діни экстремизм және терроризм идеяларын қабылдамайтын жағдай жасауымыз керек. Бұл — біздің ортақ міндетіміз.

Данабек ЖҰМАБЕКОВ,
Шымкент қалалық
«Абдул Хамид Қаттани» мешітінің ұстаз-оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.