Өткен жылдың жұмысын қорытындылаған Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы осындай деректер келтіріп отыр.
2020 жылы қала рейтингтің 9 сатысында болған екен. Былтыр 7 сала бойынша статистикалық көрсеткішін жақсартып, жоғары динамикалық өсім байқатқан. Дей тұрғанмен, үшінші мегаполис шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданушылар мен бизнес нысандарының саны, кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың көлемі және жобалардың саны бойынша бірінші орында тұр.
–«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басты атқаратын қызметі бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау болып саналады. Осы бағыттағы «Атамекеннің» негізгі серіктесі ол – прокуратура. Кәсіпкерлік субъектілерінің заңдық мүдделерін қорғау жолында өңірлік палата тарапынан үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен 2021 жылы бизнесті қорғау бойынша кәсіпкерлер палатасына 2002 өтініш келіп түсті. 121 өтініш бизнес өкілдерінің пайдасына шешілді. Ол қаралған жалпы шағымның 60 пайызын құрайды. Негізінен жер қатынастары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, мемлекеттік сатып алу, салық салу, көлік және логистика, табиғи монополия, қаржы секторы және басқа да мәселелер бойынша шағымдар келіп түседі. Қорғалған құқықтардың жалпы сомасы 4,8 млрд теңгені құрайды. Бұл негізінен мемлекеттік сатып алу келісімшартындағы қарыздар, әртүрлі айыппұл санкциялары және жетпей қалған табыстар, - деді кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау, жемқорлыққа қарсы күрес бағытында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының әр өңірдегі өкілдіктерінде арнайы Кеңес құрылған. Жергілікті Кеңестің құрамына Шымкент қаласы прокурорының орынбасары, мемлекеттік қызмет жөніндегі департамент басшысының орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және мемлекеттік қызмет өкілдері мен қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңес отырысы әр ай сайын өткізіліп тұрады.
Жауапты басшысының айтуынша, 2021 жылы кеңестің 12 отырысы өткен. Онда кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік сатып алу, сәулет және жер қатынастары, мониторингтік топтардың іс-әрекеті, салық салу, білім беру мекемелерінде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жол құрылысы және басқа да әкімшілік кедергілер бойынша мәселелер қаралған. Кеңес қарауына түскен мәселелердің 90 пайызы өзінің оң шешімін тапса, 4 лауазымды тұлға кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасағаны үшін прокуратура тарапынан жауапкершілікке тартылыпты.
Биыл Кеңестің 3 отырысы өтті. Басқосуда негізінен газ тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті инфрақұрылыммен қамту, жол жүру ережесі белгілерін реттеу, шаруа қожалықтарын ағын сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жерлерінің салығы секілді мәселелер күн тәртібіне шығарылды.
–Бүгінгі таңда прокуратураның араласуымен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қосымша келісімшартқа тұруға мәжбүрлейтін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ талабы күшін жойды. Сонымен бірге Сайрам, Абдуллабад, Тұрдыабад елді мекендеріндегі ауыл шаруашылығы жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тапты. Бұл іс бойынша прокуратуралық тексеру нәтижесінде кінәлі азаматтар анықталды. Еске сала кетейін, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 2020 жылдан бастап 3 жылға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін профилактикалық бақылау және тексеруге мораторий жарияланған. Осы мораторийдің арқасында бизнес нысандарын тексеру 2020 жылы 78 пайызға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріндегі тексерістер 7 есеге азайған, - деді кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Орынбасарұлы.
Сонымен қатар бүгінгі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, құқық қорғау органдары тарапынан бизнес өкілдеріне негізсіз қылмыстық істер қозғау бойынша мәселені зерттеп, арнайы сараптама жүргізуде. Оның мақсаты – кәсіпкерлерді ешқандай себепсіз заң құрығына іліндірмеудің жолдары мен механизмдерін қарастырып, ұсыныс ретінде жоғары жаққа ұсыну. Жергілікті кәсіпкерлер палатасының сарапшылары да бүгінгі таңда осы мәселені зерттеу үстінде.