Алдымен қонақтар колледжді бірнеше жыл басқарған, Шымкенттегі дендрологиялық саябақтың жайқалып өсуіне күш-жігерін жұмсаған ғалым Қасым Асановтың атындағы дәрісхананың ашылу салтанатына қатысты.
–Қасым Әбуұлын облыстық партия комитетінде қызмет атқарған кезімнен танитынмын. Өте іскер азамат болды. Тәжірибелік станцияны басқарып тұрғанда көп жұмыстар атқарды. Ғалым ретінде жайылымдық жерлерді қалпына келтіру, мал азықтық дақылдарды әзірлеуде тың зерттеулер жүргізді. Бұрынғы Шымкент совхоз техникумының өндірістік-тәжірибелік базасын нығайтуға, білікті оқытушылар құрамын қалыптастыруға атсалысты. Оның жетекшілігімен дендрологиялық саябақта егілген ағаштарды күтіп-баптау бойынша үлкен ғылыми жұмыстар атқарылды. Ғалым колледж шәкірттеріне де өзінің ұстаздық қамқорлығын аямады, - деді еңбек ардагері, қаланың белгілі азаматы Досыбай Шерімқұлов дәрісхананың салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде.
Республикалық конференция делегаттары іс-шара аясында колледждің өндірістік базасын аралап, жұмысымен танысты. Бес жарым гектар жерді алып жатқан аумақта қарқынды алма бау, жүзімдік алқабы, жылыжай, балық, төрт түлік малға арналған жабық кешен, ауыл шаруашылығы техникалары бар. Колледж студенттері өндірістік базада теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көре алады.
Республикалық конференцияның пленарлық отырысы «Киелі шаңыраққа – 50 жыл!» атты бейнероликпен ашылды. Жиында сөз алған колледж директоры Наржан Әліпбеков оқу орнының тарихына тоқталып, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда қосар үлесі мен рөлін атап өтті.
–Колледждің академиялық дербестік аясында атқарған жұмыстарын көрсету және өзара тәжірибе алмасу мақсатында республикалық конференцияны ұйымдастырдық. Колледж 2019 жылы «Dala-Fruit.kz» ЖШС-ға 10 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Сонымен бірге маман даярлау ісінде 60-қа жуық кәсіпорынмен әлеуметтік әріптестік пен ынтымақтастық орнатылып, келісімдер түзілді. Осының негізінде өндірістік кеңес құрылды. Оның мақсаты – колледж түлектерінің бәсекелестік қабілетін арттыру және кәсіби даярлығын ұштап, басқа мамандықтарға қайта даярлау. Колледж сенімгерлік басқаруға алған компания және әлеуметтік серіктестіктермен бірлесіп бекіткен 15 мамандық бойынша білім береді. Оқу процесінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен WorldSkills жобасының кәсіптік стандарттары және 16 білім беру бағдарламасы пайдаланылады, - деді Н.Әліпбеков.
Конференцияда «Talap» коммерциялық емес АҚ президенті О.Ордабаев пен Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Нақыпбеков баяндама жасап, агросаладағы өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдары жайлы пікір қозғады.
Түстен кейін жиынға қатысушылар үш бағыт бойынша секцияға бөлініп, кәсіптік білім саласын дамытудағы өзекті проблемалар, академиялық дербестік – колледж бен кәсіпорынның тиімді әріптестігі және аграрлық саладағы ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізудің жолдары тақырыптары бойынша пікір алмасты.
Оқу орнының қысқаша тарихы мен жетістіктеріне тоқталсақ, 1972 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі қаулысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік ауыл шаруашылығының тәжірибелік станциясы негізінде «Шымкент совхоз техникумы» болып құрылған. 2003-2019 жылдары «Шымкент аграрлық колледжі», 2019-2021 жылдары «Түркістан жоғары аграрлық колледжі», ал 2021 жылдың ақпан айынан бастап «Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі» болып өзгерді.
Оқу ордасы 2016 жылы республикадағы 10 базалық колледждер қатарына енді. Сол жылы облыс бойынша «Үздік колледж-2016» номинациясына ие болып, 2017 жылы мамандандырылған аккредиттеуден сүрінбей өтті. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan 2019» V республикалық–ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатында Түркістан облысының абыройын қорғаған колледж студенттері Нұрай Сафарбекова «флористика» құзіреттілігі бойынша алтын медаль иеленсе, Елнұр Асылбек «наубайхана ісі» тақырыбында сынға түсіп, «үздік маман» медаліне қол жеткізді.
Бюджет негізінде оқитын студенттер шәкіртақымен бірге жылына екі рет жолақы және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Колледж бітірген түлектер ауыл шаруашылығының барлық саласында, орман шаруашылығында, өсімдік қорғау инспекцияларында, электрмен қамтамасыз ету мекемесінде, құс фабрикасында, мейрамхана, асхана мен тағам дайындау комбинаттарында жұмыс істей алады.