Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар азайды Избранное

Среда, 02 Февраль 2022 03:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1469 раз

Шымкентте өткен жылы 9 585 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Қазіргі таңда шаһарда әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар саны 75 пайызға азайған. Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бағдат Арқабаев өзекті мәселе еңбекке жарамды отбасы мүшелерін тұрақты жұмыспен қамту арқылы шешіліп жатқанын жеткізді.

157

 

— Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспаған жағдайда тағайындалады. Кедейлік шегі 2022 жылдың І тоқсанында 25 031 теңге болып белгіленді, - деді Бағдат Мақсұтұлы.
Шымкент қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Динара Бердіқұлова атаулы әлеуметтік көмек алуға Абай аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіруге келгенін айтты. Пәтер жалдап тұрып жатқан оған бір жылдан бері күйеуі алимент төлемеген, бұл бойынша қарызы 700 мың теңгеден асқан.
— Жалдап тұрған пәтеріме айына 25 мың теңге төлеймін. Қызымның үлкені талма ауруына шалдыққан. Қазір қызыма ем-дом қажет. Тұрмыстық жағдай қиындап кеткен соң амалсыз мемлекеттен көмек сұрауға осында келдім, - деді Д.Бердіқұлова.

Кейіпкер қаладағы базардың бірінде жұмыс істейді. Бірақ ол тұрақты жұмыс болып саналмайды. Ал шартты ақшалай көмектің талабы бойынша отбасының белсенді мүшелері міндетті түрде тұрақты жұмысқа тартылуы тиіс.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілі Б.Арқабаевтың айтуынша, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың балаларына, яғни 1-6 жас аралығындағы 26 938 балаға кепілдендірілген әлеуметтік жәрдем берілген. Оған әлеуметтік хаттамамен құрамына ай сайынғы азық-түлік және тоқсан сайынғы тұрмыстық химия жиынтықтары кіреді. Бұл әлеуметтік топтама «GraMad» сауда дүкендері желісінде таратылады.
Өз кезегінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж ретінде жұмыспен қамту орталығына мемлекеттен жәрдем сұрап келгендер ішінде Айнұр Ахметовамен де тілдесіп көрдік.
— Еш жерде жұмыс істемеймін. Төрт балам бар, ажырасқанмын. Алиментке енді арыз жаздым. Балаларыма 47 мың теңге мемлекеттен жәрдемақы аламын. Осы ақшаға күн көріп отырмын. 30 мың теңгені ай сайынғы пәтер ақысына жұмсасам, қалғанына барынша үнемдеп азық-түлік сатып аламын. Ендігі бар үмітім тек мемлекеттен көмек сұрау болып тұр. Тұрақты жұмысқа орналассам, әлеуметтік көмекке қол жеткізсем, тұрмыстық жағдайым біршама оңалатын шығар деген үміттемін, - деді кейіпкеріміз.
Дегенмен, азаматтардың арасында шын көмекке мұқтаж болмаса да масылдық пиғылмен мемлекеттен тегін жәрдем алғысы келетіндер баршылық. Б.Арқабаев өткен жылы қалада 2,5 мың азамат орталыққа жеке фирмалар арқылы тұрақты жұмыс істейді деген жалған құжаттар өткізгенін айтты.
— 2021 жылы отбасылық табысын жасырған осы азаматтарға төленген ақша соттың шешімімен мемлекетке кері қайтарылып жатыр.

Бүгінге дейін бюджетке қайтарылған жалпы қаражат мөлшері 50 миллион теңгені құрайды. Яғни бұл 500 азаматтың қарызы. Әлі жалған құжатпен әлеуеметтік көмек алған 2000 азаматтың қарызын қайтаруымыз керек. Негізі ай сайын әлеуметтік көмек базасынан АӘК алушылардың табысы есептеліп отырады. Сол кезде кейде азаматтардың табысы асып кететін жағдайлар болады. Мұндай да олар керісінше мемлекетке қарыз болып қалады - деді Б.Арқабаев.
Жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәлімдеуінше, тұрғындарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету іс-шарасының басты мақсаты — халыққа тек тегін көмек көрсету емес, тұрақты жұмысқа орналастыру арқылы тұрғындар арасында жұмыссыздық санын азайту. Жан басына шаққандағы кедейшілік шегін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітеді. 2021 жылдың IV тоқсанында ол 25 731 теңге болса, 2022 жылдың І тоқсанында 25 031 теңге болып белгіленген.
Сондай-ақ жыл басынан бері 3 мыңға жуық азаматтан атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініштер қабылданған. Олардың құжаттары учаскелік комиссия тарапынан қарастырылатын болады.