Жолаушыларды тасымалдау саласы түбегейлі өзгереді Избранное

Среда, 03 Июнь 2020 04:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2890 раз

Үшінші мегаполисте қоғамдық көлік жүйесі қашанда өзекті. Шалғай елдімекендерге бармайтын және тозығы жеткен автобустар, жүргізушілердің дөрекілігі мен салаға көңілі толмайтын тұрғындар шағымы... Жақында қоғамдық көлік жүйесінің жаңа концепциясы қабылданып, бұл салаға қатысты өзгерістер басталып кетті. Жолаушыларды тасымалдау қызметіндегі реформа қалалықтарға несімен тиімді болмақ? Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Махсұт Исаховпен тұрғындарды мазалаған өзекті мәселелер жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.

50

 

–Мақсұт Пернебайұлы, жаңа тұжырымдаманы таныстырғаннан кейін әлеуметтік желілерде көптеген пікірталастар жүрді. Үшінші мегаполисте жолаушылар тасымалдау саласын түбегейлі жаңартып, жаңғыртуға не себеп болды?

– Шымкент қаласында қоғамдық көлік саласы – әлеуметтік маңызы бар мәселе болып табылады. Тұжырымдаманың қабылдануы, салаға түбегейлі өзгеріс енгізу – бірден қабылданған шешім емес. Қалада жолаушылар тасымалының жұмысын жақсарту мақсатында жыл басынан бері мамандар тарапынан зерттеу мен талдау жұмыстары жүрді. Алдымен «Online» режимінде қала тұрғындары арасында ( 21 мың адам) сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде олардың 75%-ы қоғамдық көлікті модернизациялауды талап ететіні айқын болды. Нақтырағы, жолаушылар автобус бағыттарын өзгерту мен жаңартуды, қызмет көрсету сапасының жақсаруын қалайтындықтарын жеткізді. 

51


Екіншіден, Шымкентте жолаушыларды тасымалдау жүйесі Совет үкіметі тарқағаннан кейін нақты бір жүйеленбеген не зерттелмеген. Жұмыс маршруттарды үйлестірумен, сол заманнан қалған тәсілдерді жалғастырумен келген де, нәтижесінде бір көшеге бірнеше маршруттарды шоғырландыру мәселесі туындаған. Қателеспесем, шаһардағы бір көшенің өзінде 47 маршрут бар. Айталық, Қырғы базардағы Төле би және Байтұрсынов көшелерінде қоғамдық көлік бағыты да, адам шоғыры да көп. Соның салдарынан аялдамаларда автобустар бір-біріне кедергі жасаған, тасымалдаушылар арасында бәсекелестік туындаған, ал жолаушылар сол көшелерге көптеп жиналуға мәжбүр болған.
Үшіншіден, Шымкент облыс орталығы болған жылдарда қалада қоғамдық транспортта басқа талаптар болып, ол кезде ауданаралық қатынасты жақсарту, көбейту секілді жағдайларға ғана басымдылық берілген. Шымкент республикалық статусқа ие қала атанғаннан кейін жолаушылар тасымалына маңыздылық беруді уақыт талап етті. Қала аумағы кеңейді, халық саны артты дегендей.
Ал қоғамдық көлік жүйесіндегі концепцияның мақсаты – жаңа жүйе қалыптастыру. Мұның негізінде автобустарды мобильді қосымша арқылы бақылауға болады, жол ақысын электронды төлеуге мүмкіндік туады, жаңа бағыттар ашылады, цифрлық және интеллектуалдық жүйе енгізіледі.

– Саладағы басты реформаның бірі - электрондық билеттендірудің енгізілуі. Бұл жүйенің тиімділігіне тоқталсаңыз.

– Қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бір бағыттан тұрмайтындықтан қазіргі таңда саланы жан-жақты дамыту жұмыстары қатарынан әрі кезең-кезеңімен жүруде. Мәселен, қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көліктің ұтқырлығын құру бойынша осы жыл ішінде қолданыстағы маршруттар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленді. Оны «Астана LRT» ЖШС-і жүзеге асыруда.
Жалпы, қалада қоғамдық тасымалдау саласында 1047 кестемен 76 маршрут, оның ішінде 836 кестесімен 63 автобус, 211 кестемен 13 микроавтобус қатынайды. Жолаушыларды тасымалдау қызметін 24 көлік компаниясы жүзеге асырады. Мамандармен зерделеу барысында арасында қажетсіз маршруттар бар екені анықталды. Енді олардың біршамасын жойып, кейбіріне өзгертулер енгіземіз. Осылардың есебінен, автобус бармаған шалғайдағы елдімекендерге жаңа бағыттар жолаушыларға қызмет етеді.

53


Ендігісі, субсидия мәселесі. Егер жолаушыларды тасымалдайтын көліктер субсидияланбаса, тәртіпсіз жүргізуші, ескі автобус, уақтылы жүрмейтін көлік мәселесі қаншалықты жаңалық енгізгенімізбен сол күйінде қалады. Сондықтан да Шымкентте қоғамдық тасымалдау саласы түбегейлі өзгерісті қажет етті.
Қазіргі таңда, электронды билеттендіруді «QazSmartTrans» ЖШС өз қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр. Бұл жүйе шілде айының аяғында іске қосылады. Электрондық билеттің артықшылықтары өте көп.
Осы кезге дейін жолаушылар тасымалдаушы компанияларға қаншама шағым айтса да, заңды тұрғыдан ешбір шара көрілмеді, оған тетік де болмады. Олар жауапты мамандардың ескертулерімен жұмыстарын одан әрі жалғастыра берді. Жоғарыда айтып өткенімдей субсидиялауды енгізіп, цифрлы жүйеге бет бұрғанда ғана компанияларға талап қоя аламыз, қанша адам тасымалдағанын тайға таңба басқандай көруге мүмкіндік бар.
Содан кейін жолаушылар тасымалы тарпынан түсіп жатқан табысты "көлеңкеден" шығарамыз. Өйткені күні бүгін тасымалдаушы компаниялар қанша ақша табатынын білмейміз. Кезінде осы жаңа жүйені Алматы қаласында іске қосқанда, бюджетке түсетін салық көлемі бір жылда 1-1,2 есе артқаны анықталды.
Оның тағы бір жетістігі - жолаушылар әртараптандырылған төлем жасай алады. Мәселен, картамен жолақыны - 70 теңге, қолма-қол болғанда - 100 теңге төлейді. Не болмаса электронды картамен төлеуге ынталандыруда түрлі жеңілдіктер алады. Бүгінгі таңда, Шымкентте осы картамен 14 мың адамның тегін жүруге мүмкіндігі болады.
Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар. Олар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. Ал аталған жүйені қолға алған «QazSmartTrans» ЖШС-сі тарапынан көлік картасы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне («Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталғандар), «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталғандар мен І-топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады.
Электрондық жүйенің жолаушыларға тиімді мынадай тұстарын да қарастырып жатырмыз. Мысалы, жолаушы діттеген орнына жету үшін екі автобусқа отыруы қажет делік. Осы тұста, картаның көмегімен келесі ауысып мінген автобусында 40 минут немесе 1 сағат аралығында (бұл қазір нақтылану үстінде) тегін жүре алады.

– Жолаушылар үшін тиімді тұстары көп екен. Дегенмен цифрландыруға тасымалдаушы компаниялар қаншалықты дайын?

–Бүгінгі күні шаһарда қоғамдық транспорт саласындағы көліктің 30 пайызы жаңарды. Шымкентте «2018-2020 жылдарға арналған автобус көлігін дамыту» кешенді бағдарламасы аясында жылжымалы құрамды жаңарту механизмі жасалған. «БК Шымкент» жобасының операторы жасаған лизинг шартына сәйкес, өткен жылы 300 автобус сатып алынды. Осы жылы метан газымен жұмыс істейтін 590 автобус сатып алуға келісімшарт жасалып, ол көліктер жыл соңына дейін жеткізіледі. Сондықтан автобустарды жаңарту мәселесі кезең-кезеңімен іске аспақ.
Ал шалғай аудандардан жолаушыларды жеткізу мақсатында әлеуметтік маңызы бар 28 маршрут ашылды. Бұл бағыттар Ақжар, Ақтас, Шапырашты, Өтеміс, Ялта, Жыланбұзған, Айнатас, Абдулабад, Достық, Алтынтөбе, Жанаталап, Көкбұлақ және т.б. шағын аудандарға қатынайды.

52

 

– Қалада жаңа үлгідегі аялдамалар қойылуда. Әлеуметтік желілерде олардың үлгісі мен бағасы талқыға салынып жатыр...

– Иа, қазіргі таңда қалада екі типтегі аялдамалар қойылып жатыр. Бағасы 900 мың мен 2 миллион теңге аралығын қамтиды. Олардағы ерекшелік – сауда-саттық жасайтын орындар болмайды. Негізінде халықаралық талаптарға сәйкес, аялдамаларда сауда жүйесі болмауы тиіс. Ол автобустардың қозғалысы мен қауіпсіздігіне қауіп келтіреді. Сонымен қатар, антисанитариялық тұрғыдан да талапқа сай келмейді. Ал бағасының қымбаттығы – сапасының жоғары болуына байланысты. Қазір қойылып жатқан әйнек аялдамалар төзімді материалдан жасалғандықтан сынбайды, орындықтары ағаш-полимерлі композиттен құралған. Олардың бағасы бүгін-ертең қымбат делінгенімен, сапасы тұрғысынан ұзақ жылдарға жарамды.
Жыл соңына дейін осындай 260 аялдама қою жоспарда бар.

– Тағы қандай жобалар бар?

– Республикамыздың үшінші мегаполисінде жолаушылар тасымалы саласында қоғамдық көлікке басымдық беру бойынша жаңа жобаларды қолға алсақ дейміз. Ол үшін автобустарға көшелерде арнайы жолақтар енгізу мәселесі сараланып жатыр. Бұл халықтың талқысына салынатын болады.

– Әңгімеңізе рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.