Версия для печати

Есеп аяқталды, ескеретін не қалды? Избранное

Среда, 29 Январь 2020 03:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3324 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың халық алдындағы қорытынды есебінде көтерілген өзекті мәселелер жетерлік.

есеп караату2

«Тұран» шағынауданының тұрғыны Яхия Қалходжаев жаңа мектептің құрылысын ертерек аяқтап, сол жердегі жолдарды асфальттап беруді өтінді. Жалпы, «Тұранда» ауызсу, жарық, табиғи газ мәселелері ақырындап шешімін тауып келеді. Аудан басшысы «Коммуникация деген бір күнде шешілетін мәселе емес» екенін, ауыз суды «Бозарықтан» тартатынын, ал көгілдір отын 2022 жылдың аяғында АГРС-3 құрылысы аяқталып, қуаттылығы толық жеткен кезде берілетінін мәлімдеді.

«Магистралды электр жүйелеріне 206 млн теңге бөлініп отыр. Онымен айналысатын мекеме 1-2 айдың көлемінде белгілі болып қалуы керек. Биыл қоғамдық көлік жүргіздік. Тағы да қосымша автобустар беріледі. Бұйыртса, осы жылы барлық көшелер асфальтталады. Ал мектептің құрылысымен «ART-құрылыс» мекемесі айналысуда, 2020 жылға 1,5 млн теңге бөлінген. Бірақ, жұмыс 2021 жылдың басында аяқталады», - деді аудан әкімі.

Сасықкөлдің сасығы һәм салғырт полицей 

«Нұртас» шағынауданында жеке кәсіпорындардың кәріз жүйесінен шыққан қалдық суды жергілікті тұрғындар Сасықкөл деп атап кеткен. Айналасы ластанып, одан мал су ішіп, адамдар сол малдың етін тұтынып отыр. Санитарлық тазалық деген атымен жоқ. Біраз жылдан бері шешімін таппай келетін осы мәселені Ағабек Қазанбайұлы көтерді. «Ол Сасықкөлдің қасында секундына 500 метр су тартатын трансформатор тұр. Қандай күші жетпейтін сорғы екенін?! Осы жердегі лас суды құртып, тал егіп, абаттандырып берсеңіз» деді тұрғын.

«Эх, полиция!» дейміз тағы. Олардың жұмысының салғырттығын қарапайым халық айта-айта шаршады-ау!.. Өткенде Әл-Фараби, Абай ауданы әкімдерінің есептік кездесулерінде де тұрғындар осы полицейлерге қатты шүйлігіп еді. Иә, жұрттың құқық қорғау органдарына айтар арызы аз емес.

Мәселен, «Нұртаста» соңғы уақытта үш көшеде 23 ұрлық фактісі тіркелген. 1,5 жылдан бері бірде-біреуі анықталмапты. «Ұрылар мінген үш көліктің нөмірі белгілі болып отыр. Көрген куәгерлер де бар. Соған қарамастан іс аяқсыз қалды. Тіпті, учаскелік полицейдің өзінің түрін көрмегенбіз. Ұрлық үстінде өлтіріп кете ме деп те қорқамыз. Өздері қимылдағысы келмесе, бейнекамера қоюға болады ғой», - дейді тұрғындар.

А.Шымкентбайұлы сұрақ қойған әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, әрқайсысына жауап беруге тырысты. Сасықкөлге қатысты «ол жерге барып өз көзімен көргенін» айтты. «Барар жолда, неге екені белгісіз, бір кісі заңсыз үй салып алыпты. Ал абаттандыру мәселелерін сол жердегі тұрғындармен бірге жүргіземіз. Бұл мәселені биылдан қалдырмай шешеміз», - деді.

– Ендігі аптада жергілікті полиция басшысын сіздердің орамға алып барып, жиналыс өткізіп, үйме-үй аралап, мәселелеріңізді шешіп беруге сөз беремін, - деді әкім.

60 жылда алты-ақ көше асфальтталған

«Бозарық» саяжайының орам басшысы Жексенбай Намазбеков «Бозарықтың» құрылғанына 60 жыл болды. 60 жылда асфалтталған алты-ақ көше бар. Басқа да негізгі көшелерге шағал тас төсеп, асфальттанса... Орталық көшенің тозығы әбден жеткен. Соны жөндеп, жарықтандыруды да сұраймыз», -деді. Одан кейін «Спорт кешенінің құжаттарын дайындап, жер де бөліп бердік. Оның құрылысы қашан басталады?» деп төтесінен сұрақ қойды.

– Қаратау ауданына биыл шағал тас төсеуге 176 млн теңге бөлінді. Сіздердің елдімекенге де бұл мақсатта жеткілікті қаржы бөлінген. Сондықтан биыл шешімін табады. Қарап тұрсақ, ауданымыздағы 12 елдімекенде не спорт кешені, не мәдениет үйі жоқ екен. Бұл мәселені алдағы үш жылдың ішіндегі жүйелі жоспарға енгіземіз. Орталық көшенің жөндеуі де назардан тыс қалмайды. Көше атауларына келсек, ауданда 86 көшенің атауы жоқ. Бұл жөнінде ономастикалық комиссияға ұсыныс бергенбіз. QR-код жасауға биыл 96 млн теңге бөлініп отыр, - деді А.Әліқұлов.

«Форма 1» дауы

«Шапырашты» елдімекенінен Нұрмахан Бекбосын жергілікті тұрғындардың ауыл шаруашығымен күнелтіп отырғанын, бірақ, Ветеринарлық бөлімшеден мал басына 300 теңгеден «Форма 1» деген құжатты сатып алатынын айта келіп, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков бұл мәселені дүрыс шешпей отырғанын айтты. Шаруа жазымен 5-6 тоқтысы мен бұзауын бағып, қысымен соны базарға апарып күн көреді. Сол азын-аулақ малын базарға апарғанда әлгі форманы алмағаны үшін 48 мың теңге айыппұл төлеп қайтып жатқандары да бар екен.
Абзал Шымкентбайұлы бұл мәселені басқарма басшысының алдында көтеріпті. «Бұдан былай базарға шығардан бұрын сіздерге «Форма 1» құжатын беріп қоятын болды», - деді.

Сұрақ қойған осы екен деп...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тұрғындар өткен жылдың соңына қарай тағайындалған аудан әкімінің есебіне қанағаттанып, биылға үлкен үміт артып отыр. Есепті кездесулерде көбіне ауыл ақсақалдары сөз алатыны көз үйренген жағдай. Бірақ, қоғамдық маңызды мәселеден гөрі мәнсіз әңгімені сөз етіп, уақыт алып тұрып алатын қариялар да бар. Бозарық елдімекенінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Юсупов жиналғандардың алдында Абзал Шымкентбайұлын сынап алды. Сондағысы алғыс хатқа қол қоймағаны үшін «жазғырды». Осындайда салиқалы сөз сабақтау да мәдениеттілік екенін ескерсек екен деген ой келеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.